Биыл Қонаевта 100,2 млрд. теңге инвестиция тарту жоспарланған. Қазір бұл жоспардың 45 пайыздан астамы орындалды.
Жалпы алдағы 6 жылда құны 2305,8 млрд. теңгені құрайтын 36 инвестжобаны жүзеге асыру көзделуде. Қазірдің өзінде 21 жоба бойынша жұмыстар басталған. Олардың қатарында кірпіш зауытын, медициналық нысан, қонақ үй кешендерін, сүт-тауарлы фермасын салу секілді түрлі бағыттағы жобалар бар.
Мысалы, «Оспанова Девелопмент» ЖШС 2023 жылдың қарашасында жалпы қуаттылығы 10 мың тоннаны құрайтын балық өндірісінің құрылысын аяқтады. Жалпы инвестиция көлемі 67 млрд. теңге, 500 тұрақты жұмыс орны құрылатын болады. Қала әкімдігі тарапынан 27 га жер телімі берілді. Кешеннің 1 блогын іске қосу кезінде 12 млрд. теңге инвестиция тартылды, 100 жұмыс орны ашылған.
Келесі инвестжоба – алманы өңдеп, сірке қышқылын, алманың қалдығынан малға жем-шөп өндіруге бағытталған өнеркәсіп. Қазір бұл кішігірім зауыт жекеменшіктегі ғимаратты жалға алып отыр. Тартылған инвестиция көлемі 932 млн. теңгені құрайды. Цехті үлкейту де жоспарланған.
Сондай-ақ қалада 2 дана «Compass» жанар-жағармай бекетін салу көзделуде. Ол үшін қала әкімінің тиісті қаулысымен әрқайсына 0,5 гектардан жер берілген, мемлекеттік акт алынған. Енді инвесторлар нысанның жобалық құжаттарын дайындауда.
Әкімдік өкілдері әлеуетті инвесторлармен үнемі кездесіп, келіссөздер жүргізуде. Алматы облысының орталығы әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін бұл мақсаттағы жұмыстар ары қарай да жалғасады.
Айта кетейік, былтыр Қонаев қаласына 88,7 млрд. теңге инвестиция тартылып, нақты көлем индексі 143,7%-ды құрады.