Алматы облысында Президенттік көпсайыс чемпионатыны өз мәресіне жетті. Сайыста Алматы облысының аудандық және қалалық жалпы білім беретін мектеп оқушылары мен спорт мектебінің тәрбиеленушілері бақ сынады. Жарысқа 2006-2008, 2009-2010, 2011-2012, 2013 жылы туған барлығы 100-ден аса спортшы қатысты.
Жас топтарына сәйкес қатысушылар қысқа қашықтықтарға – 30 метр (12 жасқа дейін), 60 метр (13-14 жас және 15-16 жас), 100 метрге (17-19 жас) жүгірді. Сайыс бағдарламасына ұзындыққа секіру және күш гимнастикасы (қыздар мен әйелдер үшін жатып тұрып денені көтеру, ал жігіттер үшін тартылу) кірді.
«Президенттік сайыс төзімділікті, жылдамдықты, икемділікті және шеберлікті ортаға салатын алаң қалыптастырады. Жарысқа кіретін түрлі жаттығулар шымырлыққа баулиды. Спорттың бұл түрі арқылы кез келген адамның дене дайындығын объективті түрде бағалауға болады. Бұл чемпионат жыл сайын жаппай спорт пен денсаулықты сақтау мәдениетін насихаттау, халықтың денсаулығын нығайтуға және белсенді спортпен айналысуға деген мотивацияны арттыру, сондай-ақ әр түрлі жас топтарының физикалық дайындығын анықтау мақсатында өткізіледі. Ал, президенттік сынақты кез келген жастағы адам тапсыра алады. Секіру, отырып-тұру, жүгіру сынды кешенді жаттығуларды кім болса да тапсыра алатыны сөзсіз», – дейді Алматы облысы қысқы спорт түрлерінен балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі директорының орынбасары Ренат Сүгірбеков.
Екі күндік сайыс нәтижесінде ең көп чемпиондар мен жүлдегерлер Талғар ауданынан шықты. Олар 8 алтын, 7 күміс және 5 қола медаль жеңіп алып, командалық есепте 1-орынға шықты. Қыздар арасында өз жас топтарында Несмачных Ульяна, Жәнібек Аружан, Ренатқызы Аяулым, Ниязова Мариетта, Цай Екатерина, Аманбай Мерей, Несмачных Эвелина, Мажидова Жасмин және Найзабекова Индира жүлдегер атанды.
Жігіттер арасында Ерден Азамат, Айнұр Ислам, Ержанұлы Нұрәлі, Мухтар Мухаммедали, Маликов Кирилл, Абдрашев Нұрәли, Асылбек Диас, Мәлік Данабек, Бобряшев Максим, Ерсін Ертіс, Ферзалиев Богдан үздік шықты.