Облысымыз жеке әкімшілік аймақ болғалы бері өңірдің елдімекендерін Алматы қаласымен жалғайтын, халыққа тиімді муниципалдық автобустар жүре бастады. Бұл – қалаға қатынап жұмыс істейтін тұрғындар, оқу оқитын жастар үшін өте тиімді. Өйткені бұрынғыдай таксиге ақша шығарып шығындалмай, «Onay» картасымен 120 теңге төлеп жүре беруге болады. Бұл жөнінде газетімізде қарашаның 2-сі күнгі №121(282) санында сүйіншілетіп жазған едік.
«Осы айдың 1-інен бастап облыстың бірқатар елдімекенін Алматы қаласымен байланыстыратын муниципалдық бағыныстағы автобус бағыттары ашылды. Алматы қаласы әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, қараша айының 1-інен бастап қала төңірегіндегі бірнеше елдімекенге автобустар қатынай бастайды. Олар Қаскелең қаласы мен Ұзынағаш ауылына дейін барады. Сонымен қатар тағы да үш бағыт ашылып отыр. Әкімдік таратып отырған хабарламада: «№245 бағыт Ұзынағаш ауылының автобекеті – Төле би-Яссауи автобекетін байланыстырмақ. Бұл бағытқа сыйымдылығы үлкен 25 автобус бекітілген. №254 бағыт Қаскелең – «Сәлем» базарын жалғамақ. Бағытқа сыйымдылығы үлкен 16 көлік бөлінген. №239 бағыт «Б.Момышұлы» метробекеті – Долан ауылына қызмет көрсетпек. Аталған бағыттардың барлығындағы жолақысы қаладағыдай 120 теңге деп бекітілген. Өйткені барлық автобус «Onay» электронды билеттендіру жүйесімен жабдықталған», – деп жазылған.
Міне, осындай жолақысын «Onay» картасымен төлейтін автобус Қонаев қаласына да шығарылса, халық бір қуанып қалар еді. Өйткені бүгінде Алматы облысының орталығы болып табылатын Қонаев қаласы мен Алматы арасында жұмыс бабымен күн сайын қатынайтындар көп. Облыс орталығына әр ауданнан түрлі мәселемен келіп-кететін жолаушылар да жетерлік. Олардың көбі Алматы қаласы арқылы қатынайды. Ал Алматыдан Қонаев қаласына «Саяхат» және «Сайран» автобекеттерінен жүретін маршруттық көліктердің бағасы кемінде – 800 теңге. Ал таксилердің құны тіпті аспандап тұр. Осы мәселені ескере отырып, Алматы мен Қонаев қалаларының әкімдіктері екі ортада халыққа тиімді бағадағы қоғамдық көліктер қатынауына ұйытқы болса деген өтінішіміз бар. Бұл мәселе төңірегіндегі сауалымызды «Алматы облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы» мемлекеттік мекемесіне жолдаған едік. Аталған басқарма хатымызға былайша жауап берді:
«Алматы облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы, сіздің ағымдағы жылғы 20 қарашадағы №8 сұрау хатыңызды қарастырып, келесіні хабарлайды:
Қазіргі таңда облыс аумағында Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 26 наурыздағы № 349 бұйрығына сәйкес, ауданішілік, ауданаралық, қала маңы, қалалық, облысаралық маршруттар шарттық міндеттемелері бойынша тасымалдауды жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасы «Автомобиль көлігі туралы» Заңының 14-бабының 2-тармағына сәйкес, жергілікті атқарушы органдары және республикалық маңызы бар қалалар мен Астанада қалалық, қала маңындағы, облысаралық маршруттарға конкурс өткізеді, кестесін, бағытын анықтап бекітеді. Әлеуметтік маңызы бар бағыттарға бюджеттік өтінімге байланысты тасымалдаушының шығындарын толтыруға қаражат қарастырылған. Электрондық төлем арқылы жолаушылардың күнделікті санын, жеңілдік түрін, бағытта жүрген автобустардың шығу кестесін қадағалап, оны анықтайды.
Сіз атап өткен «Оnay» электрондық төлем жүйесі Алматы қаласы мен қала маңындағы 50 шақырымға дейінгі бағыттарда жүзеге асырылады. Алматы облысында тек «Алматы облысының автобус паркі» ЖШС аталған картамен жолаушыларға қызмет көрсетеді. Қалған облыстың 5 ауданында басқа элекрондық жүйе – «Alem Pay», «Innofоrce Solutiоns» орнатылған.
«Қонаев – Алматы» облысаралық бағыт болғандықтан электрондық төлем жүйесі қолданыста жоқ және жолақысы қолма-қол төлем арқылы жүргізіледі.
Қоғамдық көліктің көбеюіне байланысты сұрағыңызға қосарымыз – ағымдағы жылдың басында басқарма тарапынан Алматы қаласы әкімдігіне қосымша 20 қала маңындағы бағыттарды ашуға ұсыныс хат жолданған. Бірнеше кездесу өткізіліп, нәтижесінде Алматы қалалық мобильділік басқармасы бүгінгі таңда 15 бағытты жүзеге асырды. Жылдың соңына дейін қалған 5 бағытты ашу жоспарлануда».
Басқарма басшысының орынбасары міндетін атқарушы Медет Қанафияновтың бұл хатына қарасақ, облыс орталығы мен Алматы қаласының аралығына «Onay» электронды билеттендіру жүйесімен жарақтандырылған автобустардың жүруі әзірге мүмкін емес. Өйткені мұндай жауапкершілікті мойнына алуға ешбір тасымалдаушы тәуекел ете қоймайды. Себебі бұл мәселеде, ең алдымен, көрсетілер қызметтің қайтарымы қанағаттанғысыз болады, яғни жұмсалған шығын өзін ақтамайды. Облыстық әкімдіктен субсидия бөлудің де өзіндік ереже-тәртібі бар көрінеді. Оның үстіне Қазақстан Республикасының «Автомобиль көлігімен жолаушы және жүк тасымалдау ережесін бекіту жөніндегі» Әділет министрлігінде 2015 жылдың 3 шілдесінде №11550 болып тіркелген Инвестициялар және даму жөніндегі министрдің міндетін атқарушы Ж.Қасымбектің 2015 жылдың 26 наурызындағы №349 бұйрығының «Автомобиль тасымалдарының түрлері» атты 8-бабының 4-тармағы 2-тармақшасында «Қала маңындағы елдімекеннің белгіленген шекарасынан өлшегенде елу шақырымға дейінгі қашықтықтағы қала маңы аймағымен қосылатын елдімекен маршруттары бойынша» деп көрсетілген. Аталған 8-бап 19.04.19 жылғы №249-VІ Заңына сәйкес осы 4-тармақпен толықтырылған.
Басқарма басшысының орынбасары міндетін атқарушы Медет Қанафияновтың осыған қосымша түсіндіргені Қонаев пен Алматы қалаларын жалғастыратын жол қалааралық маңызға ие трасса болғандықтан, сөз болып отырған «Onay» электронды билеттендіру жүйесімен жабдықталған автобус жүргізудің әзірге реті жоқ. Демек, қазіргі таңда қолданыста жүріп жатқан «Қонаев – Саяхат» және «Қонаев – Сайран» маршруттық көліктерін халыққа тиімді көлік қатынасы деп тани тұруымызға тура келеді. Бұл тұрғыда жоғарыда аталған Инвестициялар және даму жөніндегі министрліктің өзіміз үзіндісін келтірген ережесіне тиісті өзгерту жасалып, толықтыру енгізілмейінше, Қонаев пен Алматы арасындағы қоғамдық көлік қатынасы осы күйінде қала бермек.
Бейбіт МЕКЕЕВ