Жамбыл ауданының Қарғалы ауылында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мобильді топ азаматтарға құқықтық көмек көрсетті. Тұрғындармен осындағы Қарғалы №3 орта мектебінде өткен кездесуге облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің өкілдері, аудандық білім бөлімі мен құқық қорғау органдарының басшылары қатысты.
Азаматтарға тегін құқықтық көмек көрсету мақсатында мобильді топ мүшелері тұрғындардың өтініш-тілек, ұсынысын тыңдады. Жиын барысында бірқатар мәселе көтеріліп, шешу жолдары сөз болды. Мәселен, ірі елдімекен – Қарғалыда әлі күнге дейін Мəдениет үйі мен спорт кешені жоқ екені айтылды. Оған аудан əкімінің орынбасары Əділбек Қамбарұлы толыққанды жауап беріп, аталған нысандардың салынуына қатысты істің мән-жайын түсіндірді. «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының орындалу барысына да тиянақты жауап берілді. Сондай-ақ Сүйінбай, Абай, Ә. Молдағұлова көшелерін жөндеу жұмыстары жəне мектеп жанына жол белгісін орнатуға қатысты сұрақтар қойылды.
Тұрғындар бұдан басқа да бірқатар мәселені қозғады. Атап айтқанда, Самал көшесінің бойындағы 10 мың вольттық электр желісінің тұрғын үйлерге қосылуын тексеру, қараусыз қалған нысандарға инвентарлық түгендеу жүргізу, міндетті əлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі кейбір түсінбеушілік, қаңғыбас иттерді аулау, кəмелеттік жасқа толмаған балалардың мопед жүргізуіне заңмен қарастырылған шара, қураған ағаштарды кесу төңірегіндегі сауалдарын жолдады. Қойылған сұрақтарға мекеме, бөлім басшылары мен лауазымды қызметкерлер жан-жақты әрі нақты жауап берді.
Кездесуден кейін мобильді топ жиында көтерілген проблемалық орындарға барып, жағдайды көрді және сол бойынша құзырлы мекемелерге тиісінше тапсырмалар берілді. Бұл шарада ауылдың 40 шақты тұрғыны құқықтық тегін көмек алды. Мобильді топтың жұмысы өзге де елдімекенде жалғасты.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы