Балқаш ауданында Жастарға қызмет көрсету орталығы ашылды. Салтанатты шараға аудан әкімі Азат Құтпанбетов, облыстық мәслихат депутаты Сұлтан Нұрдәулетов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Сқабаев, мәслихат төрағасы Кәдірбек Омаров қатысты. Сондай-ақ мекеме-ұйым қызметкерлері, аудан жастары мен тұрғындары жайдарман жаңалықтың куәсі болды.
Ашылу рәсімінде алғашқы болып сөз сөйлеген Азат Үкітайұлы аудан орталығынан сәні мен сәулеті жарасқан ғимараттың бой көтеруіне облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің ықпал еткенін айтып, ризашылығын білдірді. Аталмыш орталықта аудан жастарының жаңа идеялары мен жобаларына бағыт-бағдар берілетінін, түрлі мәселелер бойынша көмек көрсетілетінін атап өтті. Әрі бұл жастардың бос уақытында бір мезет демалып, әрі білімін жетілдіретін, өзара пікір алмасып, күш-жігер біріктіретін, ортақ іске жұмылатын орын болмақ.
Келесі кезекте сөз алған облыстық мәслихат депутаты Сұлтан Нұрғайыпұлы мемлекетімізде жастарға жасалып жатқан жағдайлар турасында айтып, аудан өрендерінің биік белестерді бағындыруларына тілектестігін жеткізді. Ал жастар атынан сөз сөйлеген Нұржігіт Кенжеұлы шексіз қуанышын жеткізіп, облыс және аудан әкімдігіне ризашылығын білдірсе, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Сқабаев жиналған көпшілікке ақ батасын берді.
Ғимараттың лентасы қиылған соң, облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Мақсат Кеңешев пен аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Сымбат Нұрпейіс құрметті қонақтарға орталықтың бөлмелерін аралатып, таныстырып шықты.
Жаңа ғимаратта жастардың түрлі іс-шараларды өткізулеріне арналған конференция залы және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында жабдықталған спорт залы, интернет клуб бар. Бөлмелердің бәрі заманауи құрылғылармен жабдықталған.
Ертеңгі ел тізгіні – бүгінгі жастардың қолында. Олай болса, жастарға қолдау көрсету – баршамызға парыз.
Бақтығали Дәуітбаев
Балқаш ауданы