Алматы облыстық мәслихатындағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының отырысы өтті. Жиынды депутаттық фракция жетекшісі Лаззат Тұрлашов ашып, жүргізіп отырды.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша алғашқы сөз алған облыс әкімінің орынбасары Нұржан Құдайбергенов облыстың дамуында «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы маңызды рөл атқарып жатқанын айтты.
– Он айдың қорытындысында қысқа мерзімді экономикалық индикатор 108,6 пайызды құрады. Облыс экономикасына тартылған инвестиция көлемі 23,8 пайызға өсті. 8 жоба іске асырылып, 857 жұмыс орны құрылды. Ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Фермерлер «ҚазАгроҚаржы» арқылы ауыл шаруашылығы техникасын лизингке алу мүмкіндігіне ие болды. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша былтыр 8,3 млрд теңге бөлінді. Қонаев әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына 1692 өтінім түсіп, оның 1094-і мақұлданды. Сонымен қатар облыста суды үнемдейтін технологияларды қолдану аясын ұлғайту жұмысы жүргізілуде. «Жер аманаты» партиялық жобасы аясында 397,3 мың гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы пайдаланылмай жатқан жерлер анықталып, 84,1 мың гектары мемлекет меншігіне қайтарылды. 259 азамат жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға бөлінген мемлекеттік грант алды. Тағы 100-ден астам грант беру жоспарлануда. Туризм индустриясын дамыту бағытында Қапшағай су қоймасының жағалауындағы №5 қалалық жағажайды абаттандыру аяқталып, балалар және спорт алаңдары, шатырлар, жағажай аймағы, фудкорт, дәмхана, бассейн, автотұрақ салынды. Жеке инвесторлар есебінен №8 қалалық жағажайды абаттандыру басталды. Жобада аквапарк, қонақ үй, сауда кешені, кафе мен фудкорт, балалар мен спорт алаңдары, айналма дөңгелек қарастырылған. 40 білім беру нысанының құрылысы жүргізілуде. Үш ауысымды мектеп мәселесін жою мақсатында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 27,1 мың орынды 30 жаңа мектеп салынады, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Одан әрі сөзін сабақтаған Нұржан Кеңесұлы денсаулық сақтау, мәдениет пен спорт, инвестиция тарту, жол жөндеу, жолаушы тасымалдау, ауызсумен қамту, газдандыру бойынша жүзеге асырылған ілкімді істер жайына кеңінен тоқталды.
Келесі кезекте облыс бойынша сайлауалды бағдарламаны іске асырудың жол картасында биыл орындалмау қаупі бар нысандар туралы сөз қозғалып, басқарма басшылары фракция мүшелері тарапынан аталған мәселе төңірегінде қойылған сауалдарға жауап берді.
Жол картасындағы орындалмау қаупі бар нысандарды талқылау аяқталған соң, партия мен атқарушы билікке деген халықтың сенімі сайлауалды уәделердің орындалуымен тікелей байланысты екенін алға тартқан Лаззат Махатұлы Нұржан Құдайбергеновтен облыстық жол картасының іс-шараларын жүзеге асыруға барынша қолдау көрсетуді сұрады. Одан кейін депутаттық фракция мүшелерінің қызметін тоқсандық бағалау ережесі мен рейтингін бекіту туралы облыстық партия филиалының атқарушы хатшысы Ерлан Жақыповтың баяндамасы тыңдалды.
Қорытынды сөз облыстық мәслихат пен партияның облыстық филиалының төрағасы Қуат Байғожаевқа берілді.
– Сайлау науқанында көпшіліктің талап-тілегін ескере отырып, әзірленген партияның өңірлік сайлауалды бағдарламасын жүйелі іске асыру мақсатында әр жобаға барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары бекітілді. Парламент Мәжілісіндегі партия фракциясында да сайлауалды бағдарламаны орындау жөніндегі Үкіметтің есебі тұрақты түрде тыңдалуда. Осы үрдісті жалғастырып барлық деңгейдегі мәслихаттардағы партия фракцияларының отырыстарында әкімдер мен олардың орынбасарлары есеп беруде. Бүгінде 2023-2024 жылдарға арналған облыстық сайлауалды бағдарламаны орындау бойынша жол картасына мониторинг жүргізілді. 2023 жылға жоспарланған 88 тармақтың 82-сі орындалып, 6 тармағы орындалмады. Олар – Есік қаласындағы Абылайхан атындағы № 4, Талғар ауданы Нұра ауылындағы №12, Белбұлақ ауылындағы №10 мектептерді күрделі жөндеуден өткізу, Кеген ауданының Жалағаш, Қарасай ауданының Жандосов, Ұмтыл ауылдарындағы Мәдениет үйілерінің құрылысы. Олардың қатарында Қарасай ауданы Шамалған стансасы мен Кеген ауданы Кеген ауылындағы 2 автокөлікке арналған өрт сөндіру бекеттерінің және Еңбекшіқазақ ауданы Төле би ауылындағы 450 орынды мектептің, Талғар политехникалық колледжі 200 орынды жатақханасының құрылыс жұмысы да бар. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасы шеңберінде 6 ауданда жоспарланып, Үкіметтің 2022 жылғы 30 қарашадағы № 962 қаулысына өзгерістер енгізуге байланысты 2024 жылға шегерілген 25 нысанның құрылысы да толығымен аяқталмады. Биыл жол картасында айқындалған 93 іс-шараның 8-нің орындалмау қаупі бар, – деді Қуат Сұлтанұлы.
– Партияның сайлауалды міндеттемелері өңір халқының өмір сапасы мен әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Оларды уақытылы және сапалы орындау – баршамыздың басты міндетіміз. 2023-2024 жылы орындалмаған пункттер бойынша облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтың атына жауапты басқарма басшыларына тиісті шара қолдану үшін сұраныс хат жолданатын болады. Алға қойған барлық мақсат-міндеттің орындалуы – үнемі бақылауда. Жол картасын сәтті жүзеге асыру оң нәтижесін беретініне сенімдіміз, – деп Қуат Байғожаев өз сөзін аяқтады.
Отырыс соңында фракция мүшелерінің бірауыздан қолдап, дауыс беруімен сайлауалды бағдарламаның жол картасы бойынша шешім қабылданды.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ