Іле ауданында облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің тұрғындар алдындағы есеп беру жиыны өтті. Онда аймақ басшысы атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы жоспарларды ортаға салды. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айқындалған дамудың негізгі стратегиялық мақсаттарын аймақта іске асыру жұмыстары жалғасып жатқанын сөз етті.
Облыс басшысы үлкен жиынды бастамай тұрып, қоғамдық қабылдау өткізді. Онда аудан тұрғындары ауылішілік жолдар мен облыстық маңызы бар тас жолдардың ескіріп кеткенін алға тартты. Жалпы аудан көлеміндегі облыстық жолдың ұзындығы 303 шақырым болса, республикалық маңызды жол 230 шақырым, ауылішілік жолдардың үлесі 815 шақырымды құрайды. Бұл ретте облыс басшысы жөндеуге жататын жолдардың алдағы уақытта қолға алынып, құрылыс жоспарына енгізілетінін айтты.
Жиында ең алдымен Іле ауданының әкімі Қайыржан Жақсымбетовтің есебі тыңдалды. Одан кейін облыс әкімі аймақ көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарға кеңірек тоқталды. Биылғы есептік кезеңде ауыз толтырып айтатын жаңалықтар баршылық. Мысалы, Іле ауданы бойынша өнеркәсіп өнімінің көлемі 610,5 млдр теңгеден асқан. Тиісінше өнеркәсіп өнімінің нақты көлемі 106,2 пайызды құраған. Жаңа жұмыс орындары ашылып, көптеген кәсіп көздері іске қосылуда. Жоспарланып отырған инвестициялық жобалар да жетерлік. Мәселен, биылғы жылы «Gorilla Asia» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде алкогольсіз сусындар, минералды сулар өндірісі іске қосылып, 8 млрд теңге инвестиция тартылды. Қосымша 170 жаңа жұмыс орны құрылды. Келер жылға өндіріс қуатын күшейту жоспарда бар. «GALANZ BOTTLERS» акционерлік қоғамының өндірістік және қойма алаңдары кеңейтілуде. 7 млрд 600 млн теңге инвестиция құйылуда, қосымша 470 адам жаңа жұмыс орнымен қамтамасыз етіледі. «ТК Газоблок» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылыс материалдары өндірісінің 3-зауыты ашылады, тартылатын инвестиция сомасы 20 млрд теңге, 100-ге жуық жаңа жұмыс орны құрылады. «Фирма Бент» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің рельстік бекіткіштер толық жиынтығының жаңа өндірісі кеңейтілуіне байланысты 2 млрд теңге инвестиция тартылып, 150 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 610,5 млрд теңгені құрап, нақты көлем индексі 106,2 пайызға жеткен.
Облыс әкімі атқарылған жұмыстар мен жүзеге асқан жобалардың жібін тарқатып, слайд арқылы егжей-тегжейлі түсіндіріп берді. Экрандағы цифрларға көңіл бөлсек, өнеркәсіп саласында 8 ірі, 20 орта және 6 жүйе құраушы кәсіпорын құрылған. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 20 мыңнан асып, жұмыспен қамтылғандар саны 49 000 адамға жеткен. «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында ауданда 74 жоспар іске асырылып, 596 жұмыс орны құрылған. Қысқы мал азығы мен күзгі егін жинау науқаны жоспарға сай орындалған.
Әкімнің есеп беруінен кейін тұрғындар көкейкесті сұрақтарын қойды. Бір топ Қарой ауылының тұрғындары «Сібір жарасы» санитарлық аймағының Қарой ауылдық округінің нақты қай жерінде белгіленгенін біле алмай жүргендерін алға тартып, осыны анықтап беруді сұрады. Олардың айтуынша, Қарой ауылдық округінде бірнеше жер санитарлық қауіпті аймақ деп танылған, сонау 1960 жылдары көмілген ауру малдардың қай жерде жатқаны картада көрсетілмеген.
Жиында тұрғындар ауыларалық қоғамдық көліктің тым ескіргенін, №301, 303, 305 маршруттар санының аздығы мен жиі бұзылып қалатынын айтты. Соның салдарынан ауыл тұрғындары барар жеріне дер кезінде жете алмаса, студенттер мен мектеп оқушылары сабақтарынан кешігуде. Бұдан басқа да аудан көлемінде жүріп жатқан қоғамдық көліктердің көбінің сапасы сын көтермейді. Қоғам белсенділері тарапынан да осы сынды бірқатар мәселе көтерілді. Облыс басшылығы барлық ұсыныс-пікірлер ескеріліп, тиісті шешім шығарылатынын алға тартты.
Есеп беру жиыны аяқталғаннан кейін облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Ақсу ауылдық округіндегі кәсіпорындарды аралады. Одан кейін күрделі жөндеуден өткен Екпіндідегі №2 орта мектептің жай-күйімен танысты. Қазіргі уақытта 464 орынды мектепте 1446 бала білім алып жатыр. Демек, ауылдағы үшауысымды оқыту мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ. Облыс әкімі үшауысымды оқыту жайы кезең-кезеңімен шешілетінін айтып, мердігер «Азаматқұрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне мектептің құрылысын дәл уақытында аяқтағаны үшін алғысын білдірді.
Бағдат ШОЙБАС
Іле ауданы