Алматы облысында жастар арасындағы ұлттық ат спорты түрлерінен чемпионат аяқталды. Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күніне орай ұйымдастырылған жарыс Қарасай ауданының «Gúlnar Baq» демалыс базасындағы ипподромда өтті.
Жарыс ұлттық ат спортының 4 түрі бойынша өтті. Атап айтсақ, көкпар, аударыспақ, жамбы ату және тенге ілу. Оған Алматы облысының барлық аудандары мен Қонаев қаласынан 2005-2007 жылдары туған 160-тан аса спортшы қатысты. Көкпарға 7 команда қатысып, бақ сынады. Аударыспақта спортшылар 52 келіден бастап 90 келіден жоғары салмақ дәрежелерінде сынға түсті. Жамбы ату қазақ және корей стильдері бойынша өтті. Теңге ілуде қатысушылар үш стильде – «бес белес», «қос құлаш» және «жеті құт» бойынша бәсекеге түсті.
Жарыс негізінен ұлттық ат спорты түрлерін насихаттау, қатысушылардың спорттық шеберлігін арттыру, Алматы облысының ұлттық ат спорты түрлерінің құрамасына іріктеу мақсатында өткізілді.
Салтанатты ашылу рәсімінде мәртебелі меймандар мен Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының өкілдері сөз сөйлеп, бұл чемпионаттың аймақтағы ат спортының дамуы мен жетілуіне жаңа серпін беретініне тоқталды.
«Мен бала кезімнен ат спортымен айналысамын. Бүгінгі жарыста Райымбек ауданының намысын қорғаудамын. Биыл Шымкентте өткен республикалық чемпионатта Алматы облысы құрамасының сапында өнер көрсетіп, 3-орынға ие болдық. Біздің команда өте ұйымшыл, біз футболдағыдай әрекет етеміз – бір ойыншы серкені көтереді, екіншісі оны қарсыластардан қорғайды, ал үшіншісі қарсыластарға шабуылдап, жол ашады. Бұл – біздің тактикамыз», – дейді Райымбек ауданы командасының ойыншысы Береке Қасымақын.
Үш күндік сайыстың қорытындысы бойынша Қарасай ауданының командасы көкпар турнирінің жеңімпазы атанса, 2-орын – Райымбек ауданының, 3-орын – Кеген ауданының командасына бұйырды.
Аударыспақта спортшылар 8 салмақ дәрежесі бойынша (52 келіден 90 келіден жоғары) сынға түсті. Бұл ұлттық спорт түрі қайта жаңғырып, танымалдылығы артып келеді. Қос шабандоз қатысатын бұл спорт түрінде басты шарт – қарсыласты қолмен аттан аудару. Бұл жарыста Райымбек ауданының спортшылары Қайрат Абдусабыр, Сәрсенбай Сұлтанбек, Төкенұлы Алмас, Обылжан Әділет, Талғар ауданының өкілдері Аранғазиев Нұршат пен Сабит Санжар, сондай-ақ Кеген ауданынан Ермұхамет Әли және Ұйғыр ауданынан Мақсатұлы Әлихан үздік нәтиже көрсетті.
Жамбы атудан (ат үстінен садақ ату) Алматы облысында жасөспірімдер мен қыздар бірдей өнер көрсетеді. Олар биылғы республикалық жарыстарда көш бастады. Чемпионат үздігі болып Кеген ауданынан Шәріпбай Мәдиар танылды.
Теңге ілу сайысында шабандоздар белгіленген сызықтан басталып, мәреге дейін шауып келе жатып жерде шүберекке оралып жатқан тиындарды жинауы тиіс. Бұл спорт түрінің дамуында Еңбекшіқазақ, Қарасай және Кеген аудандарының қосқан үлесі зор. Биылғы жеңімпаз атағын Еңбекшіқазақ ауданынан Нұрали Ерсін иеленді.
Жалпы командалық есеп бойынша орындар келесідей бөлінді: 1-орын – Райымбек ауданы, 2-орын – Кеген ауданы, 3-орын – Ұйғыр ауданы.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге кубоктар, медальдар, дипломдар және ақшалай сыйлықтар табысталды. Жарыстың жалпы жүлде қоры 2 600 000 теңгені құрады.