Біз мінген көлік Аласа тауының бел ортасындағы аудан шекарасына келіп тоқтады. Күре жолдың солтүстік жотасына қойылған Райымбек батырдың асқақ ескерткіші өңір тарихын еске салып тұр. Осы жер Кеген ауданының табалдырығы іспеттес. Жотаны өрлеп, айналаға сүйсіне көз тастадым. Солтүстіктен соққан майда жел анамның алақанындай бетімді сипалайды. Туған жердің тұрпаты бөлек қой, шіркін! «Ылдиға салаланып жүз емшегің, Жатырсың тау шыңында Қыземшегім» деп ақын Мұқатай Жылқайдаров жырлағандай, Қыземшек тарам-тарам таулардың сақшысы сияқты қалғымай, жан-жағына сақ қарайды. Бұлақ суларынан жиналып, етекте Шелек өзені ағып жатыр. Бері қарай – Күрметі, Саты ауылдары, Көлсай мен Қайыңды көлдері, Қарабұлақ, Көлбастау, Жалағаш елдімекендері.
Ойға сан түрлі оқиғалар оралады. Кезінде Көлсай көлі бөгетін жырып, деңгейі төмендей бастады. Етектегі елге қауіпті деген сылтаумен Үкімет басшысының орынбасары Э.Гукасов басқарған комиссия суды түгелдей ағызып жіберуді ұсынды. Мен ол кезде аудан басшысы және Жоғарғы кеңестің депутаты едім. Комиссия шешіміне қарсы болдым. Халық мені қостады. Ең бастысы, Республика басшысы біздің ұсынымызға ден қойып, көлге реконструкция жасалып, ол сақталып қалды.
Осы аумақтағы Күрметіде Жамбылмен айтысқан жыр жампозы Құланаян Құлмамбет туған. Құлмамбеттің шәкірті ақын, жыршы, күйші Бөлтірік Атыханұлы да Қарабұлақ ауылында дүниеге келген. Қазақ тарихшысы, көрнекті қоғам қайраткері, ғалым, академик Ақай Нүсіпбеков Жалағаштың, 24 жасында Алматы қаласын үш жыл басқарған Айтжан Түркебаев Сатының тумасы.
Айтжан Түркебаев Алматы қаласының ел астанасы болуына, онда еңселі құрылыс нысандарының салынуына зор үлес қосты. Халқымыздың айтулы тұлғалары Ораз Жандосов, Тұрар Рысқұловтармен араласқан. Қазақстанды қырық жыл басқарған Дінмұхамед Ахметұлының жездесі еді. Қонаевтың Мәскеудегі металлургия институтына түсіп, оқуына қамқорлық жасаған адам. Ана ауыл – Тоғызбұлақ. Сол жерден Меркі шатқалдары басталады. Шөбі шүйгін, құты мол. Әйгілі әнші, халық композиторы Қапез Байғабылұлына қанат бітірген мекен.
Меркі шатқалының басында Мойнақ су электр стансасы бар. Оның салынуына ұйытқы болған Стахан Белғожаев ағамыз Кеген өңірінен шыққан инженер-энергетик. Студент кезінен тау өзендерінің тоғысқан осы тұсына ерекше назар аударған. Сол тақырыпта диплом жұмысын қорғапты. Көп жыл облыста құрылыс саласын басқарды. Ақыры жоғарғы басшыларға өз ұсынысын енгізіп, көздегеніне жетті. Мойнақ ГЭС-ін іске қосты. Меркі туралы айтқанда тағы да бір азаматты ұмытуға хақымыз жоқ. Ол – Меліс Сыбанқұлов. Небәрі 49 жасында дүниеден озды. Меліс шаруашылық басқарып жүрген кезінде Маңғыстаудан диаметрі 120 сантиметрлік құбырлар әкеліп, Меркі шатқалындағы өзен суын ауыл етегіндегі егістікке жеткізгені бар. Суды тиімді пайдалану мақсатында су бүріккіштерді іске қосып, мың гектарға жуық алқапты мол өнім беретін аумаққа айналдырды. Жаңалықтарымен жұртты өзіне жалт қаратқан.
Мінген көлігіміз Шарын өзенінен өтіп, Майбұлақ, Қату шатқалдарынан басталатын жазықпен Қулық тауын бетке алды. Оң жағымызда Ұзынбұлақ тұр. Бұл – менің ауылым. Осында туып-өстім, еңбек еттім. Оған қараған сайын балалық шағым есіме түседі. Мына жазықта мен баспаған жер жоқ шығар?! Ұжымшаар тау етегіне бидай, тары егуші еді. Одан төмен малшылар қыстауы, өрісі төрт түліктен босамайтын.
Бір эпизодқа тоқталайын. Соғыс аяқталған жылы бірді-екілі адамдар майданнан аман келіп, ұжымшар тіршілігіне араласа бастаған. Негізгі күш – әйелдер. Сол жылы көктем ерте шығып, наурыз айының басында ауыл егін себуді бастады. Ұжымшар басшысы Әмірбай ата 8 наурыз мерекесін атап өтуге байланысты шара ұйымдастырды. Ол кісі шешен, өнерлі адам еді. «Мен Тұраханмен айтысам» деп, көрші үйде әйелдермен бірге отырған менің анамды шақыртып алды. Жанына қоштайтын екі әйелді ертіп, анам қарысыласымен жасқанбй айтысты. Той түн ортасында аяқталды. Үйге келген соң анам солқылдап ұзақ жылады. Қайран анам, соғыс азабын көп тартты. Ерте жесір қалды, жетім балаларын жеткізіп, өмірден өтті.
Ұзынбұлақ ауылында үш Социалистік Еңбек Ері бар еді. Байбарақ Жақсылықов атаның үйі бізге көрші тұратын. Ол кісі ұжымшар жылқысын бақты. Ауылдың шетіне жылқыларын топтастырып қойып, үйіне шай ішуге келетін. Еңгезердей сом бітімі маған кітаптан оқыған батырлардай болып көрінетін. Құрығы мен шалмасын тақымына басқан ат үстіндегі бейнесі әлі күнге дейін көз алдымда. Байбарақ ата жүз биеден жүз құлын алып, атағы шықты. Баласы Ешімбет Байбарақов академик, ғылым докторы. Қазақстанда құс шаруашылығын дамытуға зор үлес қосты. Немересі Қайрат генерал-майор, шекара күзетінде еңбек етіп келеді.
Ақсай ауылының басынан Қайқы асуына қарай көтерілген тұстағы ақжал тастармен көмкерілген жота мен жасыл ойпат көзіме оттай басылды. Бұл аға шопан Ыдырыс Әбдіғұловтың көктеуінің орны. Социалистік Еңбек Ері атағын алғанын жоғарғы жақтан ести сала, кеңшар басшыларымен бірге құттықтағаным есімде.
Ол кісіге байланысты тағы бір жай ойыма оралады. Алғаш рет ауылшаруашылық қызметкерлерінің күні өтетін болды. Мен бас инженер едім. «Директорға тез келсін», – деді. Шарушылық басшысы Социалистік Еңбек Ері Іңкәрбек Жұмағұлов мазасызданып отыр. «Шараға аға шопан Әбдіғұлов қатысуы керек. Ол күздеуінде отыр. Сен өзің барып, үлгеріп әкелетін бол», – деді. Солтүстіктен соққан жел қар, жаңбырмен араласып жол қозғалысын қиындата бастады. Діттеген тұсқа әрең жеттім. Жеңгей кеш келетінін ескертті. Күтіп отыруға тура келді. Қас қарайғанда қойды қораға қамап, ағамызды ат үстінен түсірдік. Су өткен киімдерін ауыстырды.
– Абай атаң: «Ерте барсам жерімді жеп қоям деп, Ықтырма мен күзетте отырар бай» деп қойшы өмірін дәл суреттеген. Қиындықтарға шыдау керек, – деп келуімнің себебін сұрады. Бәрін тәпіштеп баяндадым.
–Бізге қандай той, қандай демалыс, қарағым?! Біреу бұл туралы «Егінші қыста, қойшы қойды қойғанда демалады» деген екен. Тойымыз да, демалысымыз да осы. Басшыларға рақмет, мереке құтты болсын! Сен, қарағым, бекер әуре болғансың. Енді жеңгеңнің ыстық шайын ішіп, аман-есен қайт. Ауа райы да бұзылып тұр», – деп мені жолға салды. Ол кісілер осындай еді ғой…
Көлігіміз Қайқы асуына көтеріліп барып, төмен ылдилады. Қалыбек батырдың ескерткішіне келіп тоқтадық. Қалыбек батырды таныстыра кетейін. Ол кісі Жетісу жерін Жоңғар басқыншыларынан азат етуге қатысқан тарихи тұлға. Наурызбай батыр басшылығымен Нарынқол өңіріндегі Қытай шекарасына орнатылған «Көк тасты» қоюдың бел ортасында болған. Жан беріп, жан алысқан алапат шайқастарда сан рет ерлігімен көзге түскен. Жауды жерімізден түре қуған жеңісте Қалыбектің жалауын Қулық тауының ең биік шоқысына тіккен екен. Бұл өңір содан бері Жалаулы деп аталыпты. Жолымыз Кеген өңіріне ауысты. Оң жағымыз – Ақшоқы тауы, сол жағымыз – Жалманды жазығы. Олардың да өз тарихы бар. 1916 жылғы Қарқарадағы ұлт-азаттық көтерілісі – өңір шежіресінің ең даңқтысы. Патша жендеттері көтеріліске шыққандарды түрмеге қамап, азаптады, атты. Қарқара көтерілісінің басшылары Серікбай Қонаевты, Әбдіқалық Байсүгіровті, Алдаберген Қойшыбаевты және 11 ұйғыр азаматын Жаркент түрмесіне Жалманды арқылы айдап бара жатқанда осы Ақшоқының тұсына келгенде шайқас басталып, патша жендеттері оларды атып өлтірген.
«Әділбектің Ақшоқысы» туралы да айтайын. Әділбек бай адам болған екен. «Жылқысының арты Түменбайдың бұлағына суатқа түскенде, Түменбай сазының қара суы тартылып қалады» дейтін аңыз тараған. Әділбектің балалары Құрман, Дәмен атылды. Ұрпағы тоз-тоз болды. Қанды оқиғалардың куәгерлері болған Көдек Маралбайұлы, Бөлтірік Атыханұлы, Әбен Атамқұлұлы сынды ақындардың өлең- жырлары халықтың жадында жатталып, сол кездің тарихи шындығын бүгінге жеткізді. Жалманды демекші, жұрт осындағы соғатын желді «Жалманды желі» деп атайды. Жер бауырлап ескен жел аласа шилерді аралап, түскен қарды тазалап отырады. Ел оны «Алтын күрекке» балаған.
Кеген ауылына кіре берістегі «Ана» ескерткішіне біраз аялдап, аналар рухына тағзым еттік. Ескерткіш Жеңістің 45 жылдығында бой көтерді. Аудан халқының қаржысымен жасалды. Ана Қайқы асуынан шығатын үлкен жолдың бойына көз алмай қарап тұр. Боздақтарын осы жолмен соғысқа шығарып салған. Сағынышпен сарғаяды, үмітін үзбей қарай береді. Ескерткіштен өз анамның бейнесін көргендей боламын. Кегенге келіп, «Сарытау» мейрамханасына тоқтадық. Кезінде аудан басшылығында жүргенімде осы атты өзім қойып едім. Қырдың аңқасы кепсе дереу Сарытауға қарайтынбыз. Оның басына бұлт ілінсе жаңбыр жаумай қоймайтын. Біз Сарытауды осылай кие тұттық. Қарқара аумағы Социалистік Еңбек Ері Жолсейіт Молдасановтың жазғы қонысы еді. 1981 жылы ауданға Дінмұхамед Қонаев пен Байкен Әшімов келді. Халықпен кездескен соң үлкен кісілер Жолсейіт Молдасановтың жайлауына бет бұрды. Жөкең мен Ұлтуар әкпеміз қонақтарды қазақ салтымен қарсы алды. Сондағы Димекеңнің сөзі құлағымнан кетпейді. «Шіркін, Қарқараның балдай қымызын-ай, ішсең шөліңді қандырады! Бұл қымызға ештеңе жетпейді ғой!», – деп тамсанғаны бар. Қатар отырған Байкен ағамыз: «Димеке, сіз осы сөзді Сарыарқаның қымызын ішіп тұрып та айтып едіңіз», – деді. Сонда Димекең: «Бәке, екі қымыз да жақсы. Әттең, Қарқараның тұнық таза суын ішіп, Сарыарқаның отты да шүйгін шөбін жеген жылқыдан бұдан да дәмді қымыз ішуге болар еді», – деп жауап бергені бар. Сол Димаш Ахметұлы мақтаған Қарқара өзенінің жағасына жеттік.
Қарқара – табиғатымен ғана емес, тарихымен, шежіре-жәдігерлерімен де бай. Таңбалы тастар, обалар, қорғандар мұнда көптеп кездеседі. Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Әуезов, Ораз Жандосов еңбектерінде Қарқара туралы жан-жақты баяндалады. Бұдан басқа да мысалдар жетеді.
Мына бір тарихи оқиғаға тоқтала кетейін. Атақты күйші Қожеке Назарұлы – осы өңірдің тумасы. Жетісу жерінде патшалық Ресейдің отарлық езгісіне қарсы ұлт-азаттық көтерілісі басшыларының бір болған. Олардың мақсаты – атамекенді жат жұрттықтардың табанына таптатпау еді. Жетісу жеріне басшылық еткен Колпаковский Қожеке күйшіге: «Мына жұрт сені сыйлайды екен. Атақ, шен берейін, халықтың патшаға тегіс бас июіне көмектес», – деп қолқа салады. Сонда Қожеке: «Елімді, жерімді сатып, сен тастаған сүйекке алданғанша өлгенім жақсы», – деген екен. Бұған тас-талқан болып ашуланған Колпаковский күйшінің соңына түсіп, қудалай бастайды. Қысымға шыдамаған Қожеке Шығыс Түркістанға кетеді. Бұл кезде Шығыс Түркістан мен Алтай өлкесі Қытайдың Цинь патшасының қолына көше бастаған. Сөйтіп мына жақтан Ресек, ана жақтан Қытай қазақ жерін иеленіп, халық қыспақта қалған. Қожеке ол жерде де қытайлардың қарсылығына ұшырайды. Күйшіге жала жауып, түрмеге тоғытады. Абақтыда Қожекені шоққа қарып азаптайды. Түрме басшысы: «Сені атақты күйші дейді ғой, кәне, отқа қарылып жатып күй шертші», – деп мазақтайды. Сонда Қожеке күйік шалған қолдарымен домбырасын күмбірлете жөнеледі. Аспабы жалынға оранса да күйін тоқтатпайды. «Халқым, жерім үшін жаным құрбан! Ешақашан, ешкімге бас имеңдер. Тіліңді, дініңді, салт-дәстүрді сақтаңдар. Домбырам сендерге аманат! – деп күйші жан тапсырған екен. Бұл күй халық арасында «Тас көмір шоғымен қарығанда» деп аталып кеткен. Міне, Қожеке Назарұлы халық жадында тек күйші ғана емес, ұлт рухының дабылшысы, намыс жігерін жанушы ретінде қалды.
«Отансыз адам – ормансыз бұлбұл» деп бекер айтылмаған. Туған жер әр адамның дүние есігін ашып, алтын бесікте тербеліп өскен мекені. Сондықтан шығар адамның өткені де, болашағы да туған жерімен байланысты. Одан кіндігін ажырата алмайды.Туған жер Мұқағали айтқандай: «Атамекен – ақ мекен»! «Ұлтарақтай болса да, атақоныс жер қымбат» деген мақал әр адамның жүрегіне терең орныққан.
Мен – Кегендікпін! Қарқара өңірі – алтын ордам! Менің өмірімде оның алатын орны ерекше, киелі! Атамекен – алтын бесігім. Ол перзентіне барын, нәрін түгел береді. Алақанына салып аялап, әлпештейді. Сондықтан туған жерге деген сағынышым ешқашан басылмайды, үнемі жүрегімнің түбінде жатады. Кеген жаққа келген сайын Қарқараға соқпай кетпеймін. Таза да мөлдір бұлағынан сусындап, еңбек еткен қиын да қызық толы шақтарымды есіме алып, рақатқа бөленемін. Әр тасы, әр ағашы, еркелей аққан өзен суы өзімсініп, маған тіл қатқандай болады. Осында еңбек етіп жүріп ұлт- азаттық көтерілісінің құрбандарына арналған ескерткішті Ереуілтөбеге қоюға ұйытқы болғанымды бабалар алдындағы өтелген бір парызыма балаймын. Қуанамын, шүкіршілік етемін!
Қарқара өңірі – ел үшін ерлерді тудырған жер. 1916 жылы азаттық үшін шайқаста Жәменке Мәмбетов, Ұзақ Саурықұлы, Әубәкір Солтанбекұлы қол бастаған көсемдер мен батырлар даңқтың өшпес шежіресін жазып кетті.
Ал еңбек адамдары бір төбе. Қарқара – ауданда алғаш ұйымдасқан шаруашылық. Жетпіс жылдан аса тарихы бар. Хантәңірі етегіндегі Райымбек баба мекенінің ақ пейіл адамдары Еңбек Ерлеріне кенде емес. Республика ғалымдарының көп жылғы еңбегімен өмірге келген «Арқар меринос» асыл тұқымды қойын өсіруді жолға қойған М. Мүсірәлиев, Ж. Манапова, Т. Қаюпов Социалистік Еңбек Ерлері атанды. 13 жасынан еңбек етіп, «дала академигі» атанған шопан Жолсейіт Молдасанов та Еңбек Ерін иеленді. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты болды. Мәртебесін Мәскеу мойындады.
Қарқараға Табиғат-Ана сұлулықты аямай берген. Өзеннің бойы көкорай шалғынды, өсімдікке өте бай, нағыз жазғы жайлау. Мал семіртуге, сүт өндіруге өте қолайлы. Көтеремнің аузы көкке тисе – өлмейтұғын жер. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов: «Қилы заман» повесінде: «Үлкен Қарқара өзенінің суы жерге де, мал мен адамға да жетіп жатады. Ол мың сан жан иесін шөлдетіп, тарықтырып көрген емес» деп бекер жазбаған.
Міне, осындай толғаныс аясында саяхат-сапардың соңына жеткенімізді байқамай да қалыппыз. Туған өлкемен қоштасып, күре жолға шықтық. Бағытымыз – Ыстықкөл. Аспан ашық, бұлтсыз. Солтүстіктен соққан жайдақ жел күшейе бастағандай. Кегеннің желі осындай! Алдыңнан ең жақыныңдай аптап лебімен аймалап қарсы алып, артыңнан қалмай ілесіп, қимай қоштасып шығарып салады. Қалай екенін білмеймін, мен осы желге бала кезімнен құмармын. Сәби күнімнен-ақ құлағыма жел үні сіңген. Ол бізді оятып, әлдебір бітпеген іске жетелейтін тәрізді. Менімше бұл – жай құбылыс емес. Кеген желінің осы бір сиқырлы сырына тәнті болдым. Жел адамды қайсарлыққа баулиды, рухыңды ұштап, мінезіңді қайрайды. Қадір Мырза Әлі: «Күнге тосып, желге тосып арқамды, Еңбекпенен қарсы аламын әр таңды» демекші, ең бастысы жанды жадыратар ақ самал адамды елін, жерін сүюге, өмір ағынынан сыр ұғып, ел мұңына үңіліп, мақсат жолында жігерлендіреді деп ойлаймын.
Бексырға Данышпанов,
География ғылымдарының кандидаты,
Алматы облысының Құрметті азаматы