Алматы облысының Талғар ауданы, киелі “Талхиз” өңірінде облыстық “Бәйге” федерациясы мен Талғар ауданының денешынықтыруды және спортты дамыту орталығының бірлесе ұйымдастыруымен аудандық “Бәйге” федерациясының алқа жиыны өткізілді.
Жиынға облыстық “Бәйге” федерациясының атқарушы директоры Елдар Жақыпбеков пен ұйымдастыру бөлімінің басшысы, әрі Талғар ауданының денешықтыруды және спортты дамыту орталығының директоры Бусурманов Жандос Аянбекұлы және де Талғар ауданының танымал атбегілері қатысты.
Күн тәртібінде аудандық “Бәйге” федерациясының президентін сайлау мәселесі қарастырылды. Жиынға қатысушылардың бірауызды шешімімен атақты бапкер, аудандағы бәйге саласының беделді өкілі Серік Қазыбеков осы лауазымға сайланды. Бұл шешім атбегілер қауымы арасында үлкен қолдау тапты.
Сонымен қатар, жиын барысында Талғар ауданының “Бәйге” федерациясы алдағы атқарылатын іс-шаралар жоспарын талқылап, өткізілетін бәйгелердің күнтізбелік жоспарын құру туралы бір тоқтамға келді. Жоспарға сәйкес, алдағы уақытта ұлттық ат спорты түрлерін дамыту, бәйгелерді ұйымдастыру мен өткізуге ерекше көңіл бөлінбек.
Серік Қазыбеков өз сөзінде:
– Талғар ауданының бай мұрасын сақтай отырып, ұлттық спортты дамыту мен бәйге өнерін жаңа деңгейге көтеру – біз үшін үлкен жауапкершілік. Алдағы уақытта бар күш-жігерімізді осы мақсатқа жұмсаймыз, – деді.
Талғар ауданының “Бәйге” федерациясының бұл қадамы өңірдегі ұлттық спорттың дамуына тың серпін бермек. Аудан тұрғындары мен спорт сүйер қауым алдағы бәйгелерді асыға күтуде. Ел аман жұрт тыныш болсын. Қазақ спорты жасасын!
Бексұлтан Разақбай
Нұрсұлтан Қайрылла
Әбу Жаңалық
Алматы облысы
Талғар ауданы