Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Іле ауданындағы «Сорбұлақ» су қоймасына барды. «Сорбұлақ» – Алматы қаласының өнеркəсіптік жəне коммуналдық шаруашылықтарынан шыққан ақпа сулар жиналатын тұндырмалы көл. Оның аумағы 55 шаршы шақырымды құраса, ұзындығы 33 шақырымға дейін созылып жатыр.
Облыс әкімінің су қоймасына келуіне, ала жаздай бау-бақша егіп, жер жыртып, егін егетін шаруашылық иелерінің арыз-өтініштері себеп. «Алматы су» басқаратын бұл тұндырма көлдің қызығын енді ешкімде көре алмайтындай жағдайға жетіп отыр. Өйткені, «Алматы су» компаниясы жиналған судың деңгейі өте төмен деген дәлелсіз, дәйексіз мәселені көлденең тартып, шаруа қожалықтарына бір тамшы су беруден бас тартып отыр. Салдарынан 23 шаруашылық жұмысы тоқтап қалу қаупі бар. Осы мәселені Іле аудандық «Ілеирригация» мекемесі көтеріп, дабыл қағып отыр.
«Алматы су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны мен Іле аудандық «Ілеирригация» мекемесі арасындағы келісімшарттың дұрыс жүзеге аспай жатқаны да мәселеге айналған. Өйткені, екі мекеме арасында келіспеушілік басым. Біріншісі аудандағы егіс алқаптарына су бермей тарықтырса, екіншісі аптап ыстықта судың жетіспеушілігінен шыққан өнімнің күйіп кететінін айтып, зар қағуда. Бұл жағдайды көзбен көріп, мәселенің шешілу жолын қарастырған облыс әкімі алқаптарға қалай да су тартылу керектігін айтып, оның барлық жолын қарастыруды тиісті мекемелерге тапсырды. Жауапты мамандарға ауызша сын-ескертпелерін де жеткізді.
Мамандардың айтуынша, қазіргі уақытта Сорбұлаққа құйылатын ақпа суларын тазарту қарқынды түрде жүргізіліп, заманауи технологиялар енгізілуде. Ішуге, шомылуға жарамаса да, егіс алқаптарын экологиялық стандарттарға сәйкес суаруға әбден болады. Сорбұлақтан көктемгі су тасқынына, басқа да экологиялық апаттарға қатысты болсын, қауіп төніп тұрған жоқ. Жалпы, Сорбұлақ 622 метр болатын 1 миллиард текше метр ағынды ақпа суды қабылдай алады. 1995 жылдың сәуірінде ең биік меже 621 метр су деңгейін көрсеткен. Биыл көктемде 618 метрге дейін көтерілген. Мамандар бұл көрсеткіштер шаруа қожалығын сумен қамтамасыз етуге жеткілікті екенін алға тартады. Сонымен қатар, дәл қазір облыс әкімдігі жинақтаушы көлдерді пайдаға асырып, ауыл шаруашылығы мақсатында қолдану үшін бар күш-жігерін салуда.
Су қоймасын аралап, мамандардың тұжырымын саралаған Марат Елеусізұлы:
– Көріп отырғанымыздай, шаруашылыққа қолданылатын ағынды суларымызды пайдалану мәселесі өткір тұр. Мұның барлығы тезірек шешуді талап етеді. Біз оларды республикалық деңгейде қайта көтеруге, мәселенің мән-жайын ескере отырып, екі жаққа да тиімді шешім шығаруға тырысамыз. Суды ұқыпты пайдалану суармалы жер көлемінің ұлғаюына, жаңа жұмыс орындарының құрылуына алып келеді және нәтижесінде өңірдің өркендеуіне ықпал ететін болады, – деді.
Мәселе мұнымен шешілмейтін түрі бар. Ендігі ретте хат жолданып, Су ресурстары және ирригация министрлігінің деңгейінде қарастырылмақ.
Бағдат ШОЙБАСОВ
Іле ауданы