Сыртқа шықса, еркектің, үйге кірсе, әйелдің ісін тындырып, отбасының берекесін кіргізетін, бір басына бірнеше өнер дарыған, тұла бойында жігер-қайраты тасыған әйелдер бейнесін халық «Он саусағы – он кісі, қара басы – бір кісі» деп бейнелейді.
Әдемханды осы топқа жатқызуға әбден болады. Екі қолға бір жұмыс табылып жатса, мынау әйелдің ісі емес деп бөле-жармайды. «Еңбек бәрін де жеңбек» деген ұлағатты сөзді ұстаным етті. Ешқашан еңбек еттім, шаршадым деп қабағын түсірген емес, үнемі ақжарқын қалпында жүреді. Отағасы Қанағат екеуі он баланы дүниеге әкелді. Ұлдарын да, қыздарын да еңбекқорлыққа тәрбиеледі. Ата-анасы жұмыста жүргенде үлкендері кішілерге бас-көз болып, жыласа, жұбатып, қарны ашса, тамақтандыратын. Сөйтіп, бір-біріне сүйеу, қамқор болып өсті. Ата-аналары да ұл-қыздарын түгелдей дерлік оқытты. Олар бір-бір саланың білдей мамандары болды. Дәулетқан – кәсіпкер, Сапар – инженер, Маман – экономист, Әкбар – мұғалім, Айсұлу – есепші, Шолпан күйеуі Шоқан екеуі – кәсіпкер, Гүлмира – дизайнер, Эльмира – ұстаз, қазір мектеп директоры.
Қанағат пен Әминаның екінші келіні Әмина Төрабаева – Қарағанды өңірінің тумасы. Әмина да он бір балалы отбасында өскен. «Сол кездегі жүйеге байланысты ата-анамыз бізді қатарынан қалмасын, адам болсын деп, Қарағанды қаласындағы №83 орыс орта мектебіне берді. Біз ата-әжеміздің бауырында өсіп, үлкен кісілердің тәрбиесін көрдік», – дейді Әмина балалық шағын еске алып.
Мектеп бітірген соң, Қарағанды политехникалық институтының инженерлік-құрылыс факультетіне оқуға түскен Әмина Дауылбекқызы болашақ жары Сапар Қанағатұлымен осы оқу орнында танысады. Сапар да ата-анасының болашағынан зор үміт күткен перзенті еді. Екі жас 3-курсты оқып жүргенде үйленді. Қанағат та, Әдемхан да жас келінді құшақ жая қарсы алды. Бір жылдан соң, Сапар мен Әминаның тұңғыштары Еркебұлан дүниеге келгенде, Алматы облысының шалғай аудандарының бірі Нарынқолдан Қарағандыға құстай ұшып жеткен Әдемхан жас нәресте күтімін өз қолына алды. Жас жұбайлардың сол кездегі құрқылтайдың ұясындай баспанасында бірге тұрып, Еркебұланды қырқынан шығарған соң, ауылына алып қайтты.
Әдемхан келіні Әминаны қызындай жақсы көрді. Оған Әминаның ақылдылығы, үлкенді сыйлай білетін ізгі қасиеті себеп болған шығар.
Алматыға Сапар мен Әмина жас маман болып оралды. Әмина Алматы облыстық кәсіптік-техникалық білім басқармасына бас маман болып орналасты. Сапар «Алматы пищестрой» құрылыс мекемесінде прораб, содан соң инженер болып жұмыс істеді. Сапардың басқаруымен Алматы қаласындағы шай, макарон және сыра зауыттарында жаңа цехтар салынды. Жас мамандарға Талғар қаласынан үш бөлмелі пәтер берілді.
Өмір айдынында қос аққудай қатар жүзген жас жұбайлардың өзара сыйластығы, үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсетулері, қызметтегі жетістіктері Қанағат пен Әдемханның көңілдерін марқайтатын. Сол бір қуанышты сәттер бастан өткерген азды-көпті бейнеттерін ұмыттырғандай болып еді. Сөйткен Сапар небәрі 29 жасында ойламаған жерден бақи дүниеге аттанып кете барды. Аққан жұлдыздай жарқ етіп, өте шыққан жас ғұмыр оның жақындарын қатты есеңгіретіп жіберді.
Жарының соңында үш баламен қалған Әмина өң мен түстің арасында жүргендей күй кешті. Сапарын ойлағанда іші қан жылайды. Еңсесін көтеріп, қызметіне қайта кіріскенімен, жанжарын ұмыта алған жоқ. Ата-енесінен де алыстамай, мейіріміне жылынып, үбірлі-шүбірлі, берекелі, үлкен отбасының қамқорлығына бөленіп жүре берді. Үш баланы да мектеп жасына дейін енесі Әдемхан бағып, Әминаны жұмысынан қалдырмады. Уақыт деген жүйрік қой. Содан бері де көп жылдар зымырап өте шықты.
Әмина бүгінде оң-солын таныған, тындырымды да байсалды қызметкер, ізетті келін, мейірімді ана. Сапарына шын берілген адал жар. Ата-енесі мен балаларына қамқоршы жан. Арқаның ару қызы – Алатау өлкесінің адал келіні. Атасы мен енесін келін болғандықтан ғана емес, өзі алғашқы күннен шын жақсы көргендіктен құрметтеп сыйлайды. Сол кісілерге ет жүрегі елжіреп тұрады. Ене жақсылығын көп көргендіктен барын аямайды. «Өмірдегі бір бақытым – енем» деп ағынан жарылады. Ал ақкөңіл, аңқылдақ Әдемхан болса, Әминасының басынан құс ұшырмайды. Әмина да әулеттегі барша туыстармен қоян-қолтық араласады, ешқайсысының жақсылықтарынан шет қалмайды. Өйткені олар да Сапардың Әминасын төбелеріне көтере әспеттеуден танған емес.
Әмина Дауылбекқызы алғаш қызмет еткен кәсіптік-техникалық білім басқармасының жабылуына байланысты 1998 жылдан Алматы облыстық білім басқармасына қызметке ауысты. 2003 жылдан бері техникалық және кәсіптік бөлімнің басшысы болып жемісті еңбек етті. Қазіргі уақыттағы аса маңызды мәселенің бірі – орта буынды мамандар мен жұмысшы кадрларды даярлау ісі бойынша оқу орындарына жетекшілік жасады. Әминаның көп жылғы тиянақты еңбегі бағаланбай қалған жоқ. Ол 1998 жылы Білім беру ісінің үздігі белгісімен марапатталса, 2004 жылы Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің Құрметті қызметкері атанды.
Халқымыз «Орнында бар оңалар» дегенді бекер айтпаған. Сапар жарық дүниемен ерте қоштасқанымен, артында қалған перзенттері оның орнын жоқтатпайды. Еркебұлан Алматы энергетика институтын бітіріп, қызмет істеп жүр. Жасұлан Ө.Жолдасбеков атындағы экономика және құқық академиясын бітірген. Қызы Ботагөз әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің халықаралық қатынастар факультетін тәмамдап, Астанада қызмет істеп жүр. «Көрінген таудың алыстығы жоқ» деген, міне, осы. Балалардың бәрі де отбасылы, бала-шағалы. Тек осы қызықтың бәрін Сапары көре алмай кетті деген өкініші болмаса, бәрі-бәрі орнында дерлік.
Әмина бұрын Талдықорған қаласында тұрса, соңғы екі-үш жылда Алматы облысының орталығы Қонаевқа қоныстанды. Сенбі сайын енесі Әдемханға келеді. Келмесе телефон арқылы сөйлесіп, сағынышын басады. Бұл екеуін танымайтындар ене мен келін деп емес, анасы мен қызы деп ойлайтыны сөзсіз.
Әдемхан мен Әмина қайда барса да, жұптары жазылмайды. Бірде Қарағандыдағы Маманның, біресе сол қаладағы Айсұлудың, бірде Көкшетаудағы Әкбардың шақыруымен қонақ болып қайтады. Астанадағы немерелерінің қал-жағдайларын білуге жыл сайын Әдемхан бас қалаға сапар шегеді. Қасында Әминасы бар. Соңғы кездері «Алыс жолға енем шаршайды» деп Әмина ұшақпен алып жүретін болған. Халықтың адам өмірін қамшының сабына теңеуі тегін емес. Әне-міне дегенше, Әмина да зейнет жасына да жетіп қалыпты. Әрі қарай жұмыс істей беруге мүмкіндігі болса да, өзінен кейінгілерге орын беруді жөн көрді. Сөйтіп, зейнетке шығып, Талғарда енесіне жақынырақ тұрып жатқан жайы бар.
Тұрсынхан Шәлдибекқызы,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі