Облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің мәжіліс залында «Іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу негіздері» деген тақырыпта семинар-тренинг өтті. Басқосуды Алматы облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы Данияр Ахметов ашып, жүргізіп отырды. Аталған шара облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының бастамасымен ұйымдастырылды.
Данияр Дүйсенбіұлы бұл шараның Қазақстанда тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына және Тіл саясатын іске асыру жөніндегі кеңестің 2024 жылғы 1 қарашадағы №2 хаттамасына сәйкес, «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» ҚР Заңы талаптарының сақталуын қамтамасыз ету, өңірдегі мемлекеттік тілдегі құжат айналымының үлесін арттыру, мемлекеттік тілді меңгермеген қызметкерлерге тіл үйренуге жағдай жасау мақсатында ұйымдастырылып отырғанын атап өтті. Семинарға өзара тәжірибе алмасу мақсатында Жетісу облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының директоры Жеңіс Жолдыбаев пен осы оқыту орталығының оқытушысы Маржан Әділбектің де қатысып отырғанын айта кетті. Сондай-ақ модератор бұл басқосуға департамент, басқарма және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, Қонаев қаласындағы бірқатар мекеменің іс жүргізуші, кадр мамандары шақырылғанын мәлім етті.
Данияр Дүйсенбіұлы өз сөзінде: «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі алғышарттарының бірі – оның қоғамдық өмірдің әр алуан саласында қызмет етуі және соған орай іс қағаздарының жүргізілуі. Ресми құжаттардың тілі бір жүйеге түсіп, стильдік жағынан қалыптаспайынша, қазақ тілінің қолданыс аясы, даму өрісі кеңеймейді.
Іс қағаздары қоғам өмірінде үлкен рөл атқарады. Оның саяси, тарихи, құқықтық, экономикалық маңызы өте зор. Мемлекет, республика, қала, кәсіпорын, ұйым, мекеме тарихын жазғанда іс қағаздары ақпараттың қайнар көзіне айналады. Қазіргі таңда облыста мемлекеттік органдар іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізуге бет бұрды. Бұл, әрине, әр мекемеде әр түрлі дәрежеде атқарылып жатыр.
Өздеріңіз білесіздер, мемлекеттік тілдегі құжат айналымының үлесін анықтау мақсатында тоқсан сайын мекемелер жіберген мәліметтер бойынша мониторинг жасалып, республикаға жолданып отырады. 3-тоқсанның қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 92,6 пайызды құрап отыр. Бұл, әрине, қуантарлық көрсеткіш емес. Себебі, республика бойынша біздің облыс 7-орында. Сондықтан бұл семинарды ұйымдастырудағы басты мақсат мекемелердегі іс қағаздардың мемлекеттік тілдегі үлесін арттыру болып саналады. Осы орайда семинар барысында айтылған маңызды мәліметтер алдағы уақытта іс қағаздарын мемлекеттік тілде сапалы жүргізуге ықпал етеді деп сенемін», – деді.
Бұдан соң сөз кезегі Жетісу облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының басшысы Жеңіс Жолдыбаевқа берілді. Келесі кезекте мінбеге көтерілген Алматы облысының «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының бөлім басшысы Ақжарқын Шыңғысбаева ресми іс қағаздарын рәсімдеудегі орфографиялық негіздерге қатысты баяндама жасады. Одан кейін сөз тізгіні тиген Жетісу облысының «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының оқытушысы Маржан Әділбек іс қағаздарын жүргізу, шағым және талап хат жазуда кездесетін қиындықтар жөнінде баяндама жасай отырып, қатысушыларды бес топқа бөліп, тренинг өткізді. Семинар соңында пікірталас пен сұрақ-жауапқа кезек берілді.
Бейбіт ТӨЛЕГЕНҰЛЫ