Алатау қаласының «Еңбек» ықшамауданындағы №7 орта мектепте түрік этносының Қазақстанға қоныс аударғанына 80 жыл толуына арналған «Ұлы дала тарихы» атты шара өтті.
Алатау қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен шараға облыстық ішкі саясат басқармасына қарасты «Қоғамдық келісім және даму орталығының» басшысы Елбосын Сәкенұлы, Алатау қалалық мәслихатының төрағасы, ҚХА мүшесі Роза Абилова, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Гамзе Гейдаров қатысты.
Шара басталмас бұрын жиналғандар кезінде Қазақстан жеріне күштеп қоныс аударылған, марқұм болған жандарды бір минут үнсіздікпен еске алды.
Жиында сөз сөйлеген Алатау қалалық мәслихатының төрағасы Роза Михаилқызы:
– Бүгін біз Қазақстанға зорлықпен қоныс аударған түріктер мен күрдтердің тарихи кезеңін еске түсіру үшін жиналып отырмыз. Олар өздерінің туған жерін, үйін тастап, бөтен жерде жаңа өмір сүруге мәжбүр болды. Сонда олар өздерінің мәдениеті мен дәстүрін сақтай білді. Олардың қайсарлығы мен табандылығы бізге үлкен күш береді.
Өткен күннің қателігін қайталамауымыз үшін бұл тарихи жайтты естен шығармауымыз қажет. Күштеп жер аудару сынды солақай саясат әлемде тыныштық пен түсіністік, сыйластықтың маңызды екенін үнемі бізге еске салып тұруы тиіс. Бұл қиындықтарды басынан өткерген жандарға бас иіп, әрбір адам өзін қауіпсіз сезінетін қоғамды құруға тырысайық. Қиындықта өзге ұлттарды бауырына басқан қазақ елінің қайырымдылығын еш ұмытпауымыз және бір тудың астында бірлесе, тату-тәтті ғұмыр кешуіміз керек, – деді.
Шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты. Онда Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Анастасия Мельник «Элегия» ансамблімен өнер көрсетті. Сонымен қатар түрік этнобірлестігінің өнерпаздары халық әндерін орындады.
Алма ЕСЕНБАЙ
Алатау қаласы