Бұл туралы Қонаев қалалық жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бағдат Алиев мәлімдеді.
Оның сөзінше, қалаішілік жолдардың ұзындығы 213,81 шақырым, оның ішінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жол 181,7 шақырымды немесе 85%-ды құрайды.
«Биыл 9 көшенің жолына ағымдағы жөндеу, ал 22 көшеде шұңқырларды жамау жұмыстары жасалған. Бұдан бөлек, 8-10 шағынауданның жолы күрделі жөндеуден өтуде. Көшенің ұзындығы 14,3 шақырымды құрайды. Қазіргі таңда 35 пайыз құрылысы аяқталған. Жоба 2025 жылы да жалғасады», – деді бөлім басшысы.
Бағдат Алиевтің мәліметіне сүйенсек, Қапшағай су қоймасының жағалауы туристік картаға енгізілуіне байланысты биыл «Morelux» демалыс аймағына баратын жол ағымдағы жөндеуден өткен.
«Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 620 дана белгі орнатылды, мүгедектігі бар адамдарға арналған 30 тұрақ белгісі қойылды, 3042 шаршы метр жолақ сызылды. Гүлдер, Арна, Восточный шағынаудандарына 23 аялдама қойылуда», – деді ол.
Ал жолаушылар тасымалы мәселесіне келсек, қазір қалада 9 бағытта автобустар қатынап жүр. Қоғамдық көліктердің жалпы саны – 28. Ендігі жылы 4 автобус сатып алу жоспарланған.
Сонымен қатар, бөлім басшысы Кешенді даму жоспарына сәйкес, 16 жобаның сметалық құжаттары әзірленіп жатқанын атап өтті.