Қыс түсе сала балық аулауды ермек ететіндер қатары көбейеді. Олардың кей жағдайда сақтық шарасын ұмытып, опық жеп жататын сәттері болады. Маусым кезіндегі осындай оқыс жағдайдың алдын алу мақсатында өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Балқаш-Алакөл облысаралық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясы басшысының орынбасары Ринат Құмашев қысқы балық аулау кезіндегі мұздағы қауіпсіздік техникасын сақтауға қатысты баспасөз мәслихатын өткізді.
Ринат Маратұлы аталған маусым кезеңіндегі сақтық шаралары мен қауіпсіздік қағидалары жөніндегі ҚР Ішкі істер министрлігі бекіткен Ереженің негізгі баптарымен таныстырып өтті. Барлығымызға белгілі, көптеген балықшылар қыс мезгілінде мұзға әуесқой балық аулауды жүзеге асыру үшін шығып жатады.
Инспекция басшысы орынбасарының айтуынша, қыс мезгілінің бастапқы және соңғы кездерінде мұз үстінде балық аулау өте қауіпті. Мұндай жағдайда балықшылар өз қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мұзда жүрудің қарапайым ережелерін білуі керек. Дәлірек айтсақ, су айдындарындағы қауіпсіздік қағидалары Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 19 қаңтардағы № 34 бұйрығымен бекітілген.
Аталған ережеге сәйкес: мұздың жұқа және бекімеген жерлеріне шығуға, жекелеген (қауіпті) учаскелерінде топ болып жиналуға, мұздағы ойықтарға, жарықтарға жақындауға, өткелдер үшін бөлінген орындардың шекарасынан тыс жерлерге көлік құралдарымен шығуға, от жағуға, 20 сантиметрден аз қашықтықта екі тесікті, ал басқа жұп тесіктерден 2 метрден аз қашықтықта екі тесікті тесуге, жабдықтар мен қоқыстарды қалдыруға болмайды. Сонымен қатар, қараңғыда, мұз қату және мұз еру кезінде айдынға шығуға жол берілмейді. Ал балалардың мұзда жүруіне қасында ересек адам болғанда ғана рұқсат етіледі.
Мұздың қалыңдығы 25 сантиметрден кем болған кезде балық аулауға жеке құтқару құралдары, яғни ысқырық, құтқару шильці, кеудешесі, диаметрі 11 миллиметрден, ұзындығы 12 метрден кем емес арқан, ұзындығы 2 метрден асатын таяқ, су өткізбейтін пакеттегі ұялы телефон болған кезде ғана жол беріледі. Сонымен қатар, жыл сайын қысқы балық аулау кезеңінде мұз жамылғысы қатты тұрмыстық қалдықтармен ластанады. Мұздың ыдырау кезеңінде барлық тұрмыстық қалдықтар су қоймаларына шайылады, ал бұл экологиялық жағдайды нашарлатып, балықтың азаюына әкеліп соқтырады. Сол себепті су нысандарының мұз жамылғысын қатты, өндірістік, тұрмыстық және басқа да қалдықтармен ластап, бітеп тастағаны үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 384-бабына сәйкес, жеке тұлғаларға он айлық есептік көрсеткіш, яғни 36920 теңге мөлшеріндегі айыппұл түрінде жаза көзделген.
Қарапайым сақтық шараларын сақтау – қауіпсіздік кепілі. Өз тарапымыздан балыққұмар жандарға өміріңіздің қауіпсіздігі өз қолдарыңызда екенін естен шығармай, қатерлі сапарда қашанда сақ болыңыздар дегіміз келеді.
Бейбіт Мекеев