Облыстық мәслихаттың кезектен тыс ХХХ сессиясы өтті. Басқосуға облыс әкімінің орынбасары Рустам Исатаев, облыстық ардагерлер ұйымы мен қоғамдық кеңес төрағалары, құқық қорғау органдарының, департаменттер мен басқармалардың басшылары, онлайн режимде аудан әкімдері, мәслихат төрағалары қатысты. Сессия отырысын облыстық мәслихаттың төрағасы Қуат Байғожаев ашып, жүргізіп отырды.
Сессияның күн тәртібінде 2024-2026 жылдарға арналған облыстық бюджетке өзгеріс енгізу және Қонаев қалалық саябағына Бердібек Соқпақбаевтың есімін беруді республикалық ономастика комиссиясының қарауына ұсыну мәселелері қаралды.
Бірінші мәселе бойынша облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Асылан Ораздың баяндамасы тыңдалды. Асылан Саматұлы баяндамасында тиісті салалар бойынша қосымша қажеттіліктер үшін қанша қаражат қарастырылғанына халық қалаулыларының назарын аударды.
Баяндамашының мәліметіне сүйенсек, 11 айдың қорытындысы бойынша, бюджетті талдау нәтижесінде күтілетін шығыс бөлігінің орындалмауына байланысты жоспарланған кіріс бөлігіндегі меншікті кірістерді 6,0 млрд теңгеге, мемлекеттік бағалы қағаздарды шығаруды 2,2 млрд теңгеге азайту және бюджеттік несиелерді өтеуді 1,4 млрд теңгеге ұлғайту ұсынылады. Сонымен қатар жергілікті бюджет қаражатын бюджеттік бағдарламалар әкімшілері арасында қайта бөлу туралы ұсыныс берілді.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша сөз облыстық тiлдердi дамыту жөнiндегi басқармасының басшысы Данияр Ахметовке берілді.
– Биыл көрнекті жазушы, балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың туғанына 100 жыл толғаны баршаға мәлім. Осы орайда жазушының еңбегін ұлықтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу мақсатындағы жұмыстар жоспарланған. Биыл 9 желтоқсанда өткен облыстық ономастика комиссиясының отырысында Қонаев қалалық саябағына Бердібек Соқпақбаевтың есімін беру туралы шешім қабылданды. Сонымен бірге биылғы жол картасына орай Еңбекшіқазақ, Талғар, Ұйғыр, Іле аудандарындағы құрамдас бөліктерге атау беруді қайта қарау туралы ұсыныс та комиссия мүшелерінің қолдауына ие болды. Осыған байланысты аталған мәселелер облыстық мәслихат сессиясына ұсынылды, – деді Данияр Дүйсенбіұлы сөзінің соңында.
Сессия барысында күн тәртібіндегі мәселелерді толық қараған депутаттар 2024-2026 жылдарға арналған облыстық бюджетке өзгеріс пен Қонаев қаласының қалалық саябағына Бердібек Соқпақбаев есімін беру бойынша ұсыныс енгізуді қолдап дауыс беріп, тиісті шешімдер қабылданды.
Сессия отырысын облыс әкімінің орынбасары Рустам Исатаев қорытындылады.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ