Алматы облыстық «Бәйге» федерациясының ұйымдастыруымен «Жыл-үздігі – 2024» салтанатты жиыны өтті. Жиын Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтың құттықтау сөзімен ашылды. Аймақ басшысы елімізде дәстүрлі мәдениеттің белсенді түрде жаңғырып келе жатқанын атап өтті. Тарихы тереңде жатқан ұлттық спорт түрлері жақсы серпін алып, соңғы жылдары Қазақстанда жетекші рөлдерге ие болды.
«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық спорт түрлерін белсенді дамыту қажеттігін жыл сайын айтып келеді. Облысымызда бұл жұмыс айтарлықтай жоғары деңгейде жүргізілуде. Мемлекет басшысының саясатын ұстана отырып, ата-баба мұрасын көздің қарашығындай сақтауға күш саламыз. Мәселен, биылдың өзінде облысымызда бірнеше ірі республикалық бәйге жарыстары өтті, соның ішінде «Қымызмұрындық-2024» фестивалі аясында Кеген ауданында ұйымдастырылған «Жолан жүйрігі», Райымбек ауданында Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған республикалық старт, Жамбыл облысындағы 100 шақырымдық марафон-бәйгені айтуға болады. 2024 жылдың ең қызықты оқиғаларының бірі – V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына Қазақстан құрама командасының сапында Алматы облысынан 9 спортшы қатысып, 2 алтын, 1 күміс және 1 қола медаль жеңіп алды. Бұл біздің облыс үшін үлкен жетістік. Атқа міну – ата-бабамыздан қалған өнер. Бір қуантарлығы, қазіргі таңда жастарымыздың арасында жылқы өсірумен және баптаумен айналысатындар қатары көбейіп келеді», – деді аймақ басшысы Марат Сұлтанғазиев.
10 спортшы мен жаттықтырушы Алматы облысы әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Олардың қатарында биыл қыркүйек айында Астанада өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпаздары – Алматы облысының жас шабандоздары Аңсар Арыстанбек пен Сержан Бақтыбай ат жарысында ерекше көзге түсті. 18 шақырымдық топ бәйгеде Бақытжан Сержан Холибой есімді тұлпарымен мәре сызығын бірінші болып кесті. Аңсар Арыстанбек ең ұзақ және ең қиын 25 шақырымдық аламан бәйгенің жеңімпазы атанды. Ол 11 шақырымдық құнан бәйгеде де күміс жүлдегер атанды.
«Ат спортымен айналысқаныма 9 жыл болды. Ат жарысында көп нәрсе шабандозға байланысты, төрт аяқты жануармен тілдесу керек. Менің әлі үйренетінім көп. Бірақ қазірдің өзінде ең маңызды нәрсені білдім – жылқыны қолға үйреткенде, ең алдымен, өзіңнің рухың күшті болуы керек, өзіңе сенімді болуың керек, сонда ат шабандозды сезініп, мойынсұнғыш болады. Үлкен бәйгелерде жеңіске жету – жаттыққан тұлпар мен білікті шабандоздың ортақ еңбегі», – деп атап өтті ат спорты шеберлігіне кандидат Аңсар Арыстанбек.
«Ұлы дала батыры» төс белгісіне ұсынылған 17 жастағы Алдияр Уайсхан ерекше құрметке ие болды. Алдияр Д.А.Қонаевты еске алуға арналған жарысқа қатысушылардың бірін өлім аузынан аман алып қалғанда нағыз ерлік көрсетті.
«Осыдан екі жыл бұрын Қарасай өңірінде өткен Д.А.Қонаевты еске алуға арналған ірі байқауға қатыстым. Ол жердегі үлкен шара – құнан бәйгеге 70-тен астам жүйрік қатысты. Өте тартысты сайыс болды. Ал қатысушылардың бірі аттан ауып кетті. Осыны көріп, мен жас жігітті қуып жетіп, оның орнынан тұрып, қайта атқа отыруына көмектесуге тырыстым. Менің орнымда кім болса да солай жасар еді деп ойлаймын. Неге десеңіз, бұл жігіт сол кезде құлап қалса, оны аттар таптап кетуі мүмкін еді. Биыл мен 17 жасқа толдым. Осы ұлттық спорт түрімен айналысатын барша жанға зор денсаулық тілеймін, әрқашан сәттілік серік болсын», – деді «Ұлы дала батыры» төсбелгісінің иегері Алдияр Уайсхан.
Салтанатты жиында 17 адам облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының алғыс хатымен марапатталды. Олардың қатарында спорт ардагерлері, үздік жаттықтырушылар мен спортшылар, білім және спорт ұйымдарының белсенді қызметкерлері бар.
18 адам Алматы облысының дене шынықтыруды және спортты дамыту орталығының алғыс хатымен марапатталды.
«Ұлттық спорт жанашыры» төсбелгісімен марапаттауға 9 адам ұсынылды.
80-нен аса спортшы мен жаттықтырушы Алматы облысының «Бәйге» федерациясының алғыс хатымен марапатталды.
Салтанатты жиын соңы шағын мерекелік концертке ұласты.