КСРО және Қазақстан Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Социалистік Еңбек Ері Бибігүл Ахметқызы Төлегенованың ел үшін сіңірген еңбегі ерен. Бұлбұл үнді, күміс көмей, жезтаңдай әншінің 95 жасқа толған мерейтойына орай еліміздің түкпір-түкпірінде шығармашылығы ұлықталып, құрмет көрсетілуде. Сәрсенбінің сәтті күні Қонаев қаласында да салиқалы шара ұйымдастырылып, өнегелі жанның өнер жолы өрнектелді.
Облыс әкімдігінің ұйытқы болуымен көрініс тапқан игі шарада бұлбұл үнді өнер иесін құрметтеп келген белгілі әншілер Толқын Забирова, Мәдина Сәдуақасова, Ұлжан Айнақұлова, Кенжекей Ақжолова, «Құлансаз» фольклорлы-этнографиялық ансамблі қала тұрғындарына Бибігүл Төлегенованың ыстық ықыласын жеткізді. Ән айтқан сайын дауысы жаңа қырынан танылып, ел ортасынан табылып, өнермен бағы жанып жүрген абыз әжеміздің жұртшылыққа деген жылы лебізі бейне байланыс арқылы жолданып, көрерменнің көңілін жадыратты. Шара шымылдығы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Данияр Әлиевтің баяндамасымен түрілді. Ол өмірді әнмен әрлеп, бұлбұл дауысын халық жүрегіне сақтай білген әншінің өнері ғасырдан-ғасырға жалғасатынын жеткізді. Даңқты дарын иесінің жұртшылықтың жүрегін баурап алған толымды махаббатын асқан шеберлікке, асқар тауға теңеді. Кеш барысында Бибігүл Төлегеноваға арналған әсем әндер әуелеп, бұлбұл үнді әншінің репертуарынан сезімге толы туындылар шырқалды. Арнайы Алматыдан ат терлетіп келген эстрада жұлдыздарымен қоса облыс өнерпаздары да абырой мен атақтың асқар биігіндегі ананың ғибратты ғұмырын паш етіп, жиылған жұртшылықтың жүрегін әнмен тербеді. Теңдессіз кешке куә болған көрермендер тарапынан талант иесіне көрсетіліп жатқан құрмет те шексіз, шапағат та шектеусіз болды. Аты аңызға айналған өнер майталманының тұнық үнін тыңдап өскен жұртшылық сахнаның сәнін келтірген біртуар жанның амандығын тілеп, ұлт мақтанышына деген махаббатын өнерпаздарға деген ыстық ықыласымен танытты.
Құралбек СӘБИТОВ,
Қонаев қаласы