Аты аңызға айналған тарихи тұлға, қазақтың ұлы билеушісі Сұлтан Бейбарысты еске алу мақсатында дзюдодан республикалық турнир өтті. Аталмыш сайыс Қарасай ауданындағы №1 жасөспірімдер спорт мектебінде ұйымдастырылды. Жарысқа Қазақстанның барлық облыстары мен қалаларынан 2011-2012, 2013-2014 және 2015-2016 жылдары туған жасөспірімдер қатысты. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген барлығы 20 команда мен 600-ден аса балуан тайталасты. Кіші жас категориясы үшін 14 салмақ дәрежесінде жүлделер сарапқа салынды.
Жарыстың ашылу салтанатында елімізде дзюдо күресі қарқынды дамып келе жатқаны, спорттың өскелең ұрпақтың бойында ерік-жігер мен патриоттық рухты тәрбиелеудің нысанасына айналғаны айтылды.
«Ұйымдастырушылар бұл күнтізбелік дзюдо турнирін Сұлтан Байбарысқа арнауды ұйғарды. Бұл өте дұрыс шешім деп ойлаймын, өйткені жас спортшылар аты аңызға айналған халық қаһармандарын біліп, есте сақтауы керек. Бейбарыс – қазақ халқы ғана емес, бүкіл түркі әлемі мақтан тұтатын тарихи тұлға. Оның ұйымдастырушылық қабілеті, шаруашылық және саяси істері туралы аңыз-әңгімелер ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатыр», – деп атап өтті спорт ардагері, Қарасай ауданындағы No2 жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Қайрат Бірімжанов.
Жастар арасындағы турнирге Париж Олимпиадасының қола жүлдегері, дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев арнайы шақырылды.
«Спорттық жолымызды кішігірім жарыстардан бастадық. Жеңіске жеткенде шын қуандық, жеңілгенде көзімізге жас алдық. Кәсібін бастап жатқан жастарға қандай жағдай болмасын мойымауға шақырамын. Еңбек етсе, түбінде жемісін береді. Тек сабыр мен шыдамдылық керек», – дейді Олимпиада жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев.
«Қазақстанда дзюдо жекпе-жек өнерінің ең танымал түрлерінің бірі болып саналады. Бұл олимпиадалық спорт түрі Іле, Қарасай, Еңбекшіқазақ аудандары мен Қонаев қаласында қарқынды дамып келе жатыр. Турнирге қатысушылардың басты мақсаты тек жүлде алу ғана емес, Қазақстан Республикасының спорт шеберіне үміткер нормативтерін орындау болды», – деп атап өтті жарыстың бас төрешісі Ержан Нұрекеев.
Түркістан, Алматы, Қарағанды, Атырау, Жетісу облыстары мен Алматы қаласының спорт мектептері мен клубтарының тәрбиеленушілері үздік нәтиже көрсетті. Тұрсын Нұрислам, Арсен Оразбек, Таңат Бөкенұлы, Нұралы Болат, Данияр Болатұлы, Димаш Бақытов, Сапар Хабиболла, Ермек Темірәлі, Дінмұхамед Бақыт, Хамза Әуелбек, Асқар Нұрислам, Әлихан Жақсылық, Беғасұлы. Дарын Амандық, Серік Темірлан, Әли Аханбаев өз салмақ дәрежелерінде оқ бойы озық тұрды.