Облыстық мәслихаттың кезекті ХХХІ сессиясы өтті. Сессияға облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысты. Отырыс басталар алдында облыстық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Ерзат Садықов босаған депутаттық орынға бірмандаттық округ бойынша сайланған Нұрлан Түймелиев пен Нұрбақыт Боқыбаевқа мандат пен төсбелгі табыс етті.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша сөз алған экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Асылан Ораз халық қалаулыларын 2025-2027 жылдарға арналған облыстық бюджет жобасымен таныстырды. Аслан Саматұлының айтуынша, бюджетті қалыптастыру кезінде салық заңнамасындағы мөлшерлемелердің өзгеруі, қаржы түсімі, жаңа нысандарды іске қосу есебінен салық базасының өсуі, біржолғы сипаттағы түсімдер, субвенциялар көлемінде берілген тұрақты сипаттағы ағымдағы нысаналы трансферттер, Бюджет кодексінің 50-бабының негізінде реттелетін кірістерді бөлу нормативтері, кірістер және ағымдағы шығындар көлемінің республиканың электронды құжат алмасу болжамының негізінде тұтыну бағасының индексіне артуы ескерілген. Меншікті кірістер көлемін келесі жылға – 580,2 млрд, 2026 жылға – 620,0 млрд, 2027 жылға 652,8 млрд теңге мөлшерінде бекіту жоспарланған. Сондай-ақ субвенцияларды аталған жылдарға 200,6 млрд, 171,6 млрд, 148,6 млрд теңге көлемінде бекіту көзделген. Облыс бюджеті үшжылдық аралыққа 2 653,6 млрд теңге көлемінде жоспарланды, оның ішінде 2025 жылға – 921,9 млрд теңге.
Келесі кезекте еңбек инспекциясы басқармасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қарамағына берілуіне байланысты облыс құрылымынан шығарылуына, Қорғаныс министрлігінің тапсырмасымен жергілікті мемлекеттік басқарудың базалық құрылымына өзгеріс енгізілуіне орай жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасының «жұмылдыру дайындығы жөніндегі басқарма» деп өзгертілуіне, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының функциялары мен міндеттерінің кеңеюіне байланысты «экономикалық, аумақтық даму және бюджеттік жоспарлау басқармасы» болып қайта аталуына орай облыстың мемлекеттік органдарының басқару схемасы бекітілуін депутаттар бірауыздан қолдап дауыс берді. Сонымен қатар облыстық мәслихаттың 2025 жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді.
Облыстық мәслихаттың денсаулық сақтау, білім беру, халықты әлеуметтік қорғау, мәдениет және спортты дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясы құрамына Нұрлан Түймелиев, денсаулық сақтау, білім беру, халықты әлеуметтік қорғау, мәдениет және спортты дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның құрамына Нұрбақыт Боқыбаев сайланды.
Күн тәртібіне енгізілген мәселелер толық қаралып, тиісті шешімдер қабылданған соң, сессияны қорытындылаған Марат Елеусізұлы бюджетті қалыптастыру барысында бірқатар кешенді жұмыс жүргізілгенін атап өтті.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ