Қарасай ауданына ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова жұмыс сапарымен келді. Министр сапарында үш негізгі шара – облыс тұрғындарымен кездесу, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне сұхбат беру және азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау жоспарланған болатын. Аталған шаралардың барлығы Қаскелең қаласында орналасқан Сүлеймен Демирел университетінің ғимаратында өтті.
Аудан тұрғындарымен болған кездесу тізгінін қолына алған облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым жиналған қауымға мәртебелі мейманды таныстырып, өңірдегі медицина жайына қысқаша тоқталды. Осыдан кейін сөз алған Ақмарал Шәріпбайқызы еліміздің денсаулық сақтау саласын одан әрі дамыту барысында атқарылып жатқан жұмыстар мен болашаққа қойылған жоспарлар жайлы баяндады. Ол өз сөзінде бүгінгі күннің ең басты талабы – халықты медициналық қызметпен қамтудың сапасын арттырып, қолжетімділігін қамтамасыз ету екеніне баса мән берді.
Халықтың басым бөлігі ауылды жерлерде тұратындықтан өңір медицинасын жетілдіру мәселесі күн тәртібінен түспей келеді. Бұл жерде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің маңызды орын алатынын да ұмытпаған жөн. Сондықтан ауылдардағы дәрігерлік амбулаториялардың, фелдшерлік-акушерлік және медициналық бөлімдердің жұмысын жолға қою керек. Осыған орай ауылдағы медицина мекемелерін жаңғыртып, жасақтауға үлкен көңіл бөлінуде. Атап айтқанда, Алматы облысында ғана салаға қатысты 38 нысан салынып жатыр. Оның 17-сі биыл пайдалануға берілсе, қалғаны 2025 жылы толықтай тұрғындарға қызмет жасайды деп күтілуде.
Кездесу барысында залдан қойылған сұрақтың көп болғанын айта кету керек. Олардың негізгі дені науқастарға мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктер, ауылды жерде жұмыс жасауға ниетті жас мамандар үшін жасалатын қамқорлық мәселеріне қатысты болды. Сонымен қатар ауылдарда жекелеген сала мамандары жетіспейтіні, «Жедел жәрдем» көлігінің тапшылығы, барларының өзі ескі екені айтылды.
Қарасай ауданы күн санап тұрғындар саны артып келе жатқан өңір екені белгілі. Бұрын мұнда жылына 3 мыңға жуық сәби дүниеге келсе, бүгінде бұл көрсеткіш 6 мыңға жеткен. Сондықтан аудан орталығы Қаскелең қаласынан жаңа перзентхана салу да кезек күттірмейтін мәселе.
Министр жұртшылық тарапынан қойылған сауалдарға толықтай жауап беріп, қордаланған жайларды шешу бағытында жасалынып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Жиында министрмен қатар облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Алмат Тұрысбекұлы, Қарасай аудандық көпсалалы клиникалық ауруханасының директоры Алмат Шорманов сөз сөйлеп, медицина саласындағы толғақты мәселелерді алға тартты.
Кездесуден кейін Ақмарал Шәріпбайқызы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне сұхбат беріп, азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдау барысында Әйтей ауылында тұратын алты баланың анасы Арман Палымбетова ауданда мамандардың болмауынан ерекше күтімді қажет ететін екі баласын Астанадағы генетика және иммунология саласының дәрігерлеріне жиі апаруға мәжбүр екенін айтты. Жол ақысы мен өзге де шығындарды өтеуге өз мүмкіндігі жете бермейтінін жеткізді. Мұндай күрделі жағдайға тап болатын жандар көп екенін ескерсек, мәселені түбегейлі шешіп, жекелеген сала мамандарымен қамтамасыз ету қажеттілігі туындайды. Сонымен қатар көз, тіс дәрігерлеріне, мүгедектік беру жөніндегі комисияға, сырқат адамдарды тегін дәрілермен қамтамасыз ету жұмысына айтар сын аз болған жоқ. Министр айтылған өтініштер мен сын-ескертпелерді жазып алып, орындалуын өз бақылауына алатынын уәде етті.
Қуат Қайранбаев,
Қарасай ауданы