Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитеті мүшелері облысқа жұмыс сапарымен келді. Астанадан келген меймандардың сапары «Оспанова Девелопмент» ЖШС жұмысымен танысудан басталды.
35 гектар аумақты алып жатқан балық өндіру кешенінің құрылысы 2021 жылы басталған. Шаруашылықтың 1-кезеңінің құрылысы былтыр қарашада аяқталды. Мұнда Израильден, Тайланд Корольдігі мен Даниядан әкелінген баррамунди, форель балықтары өсіріледі. Мұздату цехы бар. Өсіріліп жатқан балықтар тірідей де, мұздатылған түрде де саудаға шығарылады. Құрылыс басталғаннан бері инвестиция 8,5 млрд теңгеден асқан. Жобаның жалпы қуаттылығы – жылына 10 мың тонна. Кешен толық қуатында іске қосылғанда 500 адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндігі болады. Одан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру аясында облыстық әкімдіктің мәжіліс залында Сенаттың аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу мәселелері бойынша көшпелі отырысы өтті.
Келелі жиынды ашқан Сенат комитетінің төрағасы Әли Бектаев көшпелі отырыстың Алматы облысында өтуінің маңыздылығына тоқталды. Алғашқы сөз облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевке берілді.
– Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде Алматы облысы 8 пайыздық үлеспен көшбасшы өңірлердің бестігінде келеді. Өңдеу өнеркәсібінің үштен екісі тамақ, сусын, темекі өнімдеріне тиесілі. Ет, сүт, жұмыртқа, ұн, кеспе өнімдері мен көкөніс бірінші кезектегі тауарлар халықтың сұранысын толық қамтуға жеткілікті. Өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты былтырғы жылмен салыстырғанда 1,4 есеге артып, импорт көлемі 14 пайызға азайды. Биыл жылдық қуаттылығы 3 мың тонналық «КегенМясоПром» ет комбинатының құрылысы аяқталуда. 2 млрд теңгелік жоба жүзеге асқанда 50 жұмыс орны ашылып, ет өңдеуді 63,3 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік береді. «Шин Лайн» серіктестігі жылына 32 мың тонналық балмұздақ зауытын іске қосып, Сауд Арабиясының «Al – Alameya Group» компаниясымен меморандумға отырды. Сүт зауыттарының жүктемесін арттыру үшін қосымша 13 сүт фермасы кеңейтілуде, – деген облыс басшысы келешекте салыну жоспарланып отырған ауылшаруашылығы өнімдерін терең өңдеу кәсіпорындары жайлы мағлұмат берді. Содан соң ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков сөз алып, ел Президентінің агроөнеркәсіптік кешендегі өңделген өнімнің үлесін 2026 жылы 70 пайызға дейін ұлғайту жөніндегі тапсырмасын орындау үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің 5 жылдық жоспарды бекіткенін, соған сәйкес ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамыту бағытында қолға алынған ілкімді істер төңірегінде сөз қозғады.
Келесі кезекте облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту жайын сөзіне арқау етті.
– Облыста ауыл шаруашылығы өндірісімен 1500-ден астам субъектілер мен 217 мың жеке сектор айналысады. Тауар өндірушілерге биыл 30,2 млрд теңгеге мемлекеттік қолдау көрсетілді. «Аграрлық несие корпорациясы» мен «ҚазАгроҚаржы» ұйымдары арқылы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері 8,6 млрд теңге жеңілдетілген несиемен қамтылды. Өндіріс пен ғылымды ұштастыру мақсатында инновациялық тәжірибені тарату және енгізу бағдарламасы аясында облыстық бюджеттен 127 млн теңге бөлініп, Қазақ аграрлық университеті ғалымдарымен картоп пен көкөніс дақылдарының егістігін дрондар арқылы өңдеу, күріштің тұздануға төзімді сорттарын өндіріске енгізу жобасы жүзеге асырылуда. Ұлттық ғылым академиясымен бірлесіп, апорт алмасын жаңғыртуға арналған «Garden Day – Aport» іс-шарасы өткізілді. Қазіргі таңда өңірде суармалы егіншілікті дамыту және ресурстарын тиімді пайдалануға ерекше мән берілуде. Суару желісін жаңғырту 6 аудан мен Қонаев қаласында республикалық бюджет есебінен жүргізілуде. Халықаралық «Citic Construction Co.LTD» компаниясының қатысуымен Сорбұлақ, Шеңгелді, Бозой суару алқаптары мен Еңбекшіқазақ, Ұйғыр аудандарында желілерді жаңғыртып, жаңадан су қоймаларын салу шаралары келісілуде. Бұл жоба суармалы алқаптарды 35 мың гектарға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Тамшылатып суару жүйесінің жабдықтарын өндіретін «Жібек жолы» компаниясы іске қосылды. Нәтижесінде биыл су үнемдеу технологиясы қолданылатын алаң 23,0 мың гектарға ұлғайтылып, жалпы аумағы 43,6 мың гектарға жетті, – деді Нұрлан Ерғалиұлы.
Әрі қарай сөзін сабақтаған облыс әкімінің бірінші орынбасары пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару, қауіпті ауруларға қарсы ветеринариялық алдын алу шаралары, өңделген ет өнімдерінің шығарылымы, балық өнімдері, мал азығын, көкөніс шырындарын, балмұздақ, алкогольсіз сусындар өндіру және өндіріс көлемін ұлғайтуға, импортқа тәуелділікті қысқартуға, қайта өңделген өнім экспортын арттыруға бағытталған саланы дамыту жайына кеңінен тоқталды.
Басқосу барысында «Қазақстандық қант, азық-түлік және өңдеу өнеркәсібі ассоциациясы» заңды тұлғалардың бірлестігінің президенті Айжан Наурызғалиева, «Азия агрофуд» ЖШС басшысы Саян Садықұлы және сенаторлар, облыстық мәслихат депутаттары, шаруа қожалық басшылары ауыл шаруашылығы саласын жетілдіру және орын алып отырған өзекті мәселелер төңірегіндегі ой-пікірлерін ортаға салды.
Жиынды облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев қорытындылады.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ