22 желтоқсан – Архившілер күні ретінде арнайы белгіленгелі бері құжаттама қорында қызмет істейтін жандардың мерейі еселеніп, құрметке бөленіп келеді. Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан рухани шара биыл да Қонаев қаласының Мәдениет үйінде бастау алып, архив қызметкерлері ардақталды.
Тарихты түгендейтін ерекше сала уақыт өткен сайын өзгеше серпін алып, материалдық-техникалық базасы жаңғыртылып, қызметкерлердің жұмысын бағалау жайы да бір ізге түскен. Өңіріміздің түкпір-түкпіріндегі құнды құжат сақтаушылар жиналған салтанатты кешті облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы ұйымдастырды. Шараға архив саласының мамандары, тарихшылар мен зерттеушілер қатысты. Кеш шымылдығын ашқан облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Данияр Әлиев
архив шаң басқан құжаттардың жинағы емес, ең алдымен тарихтың негізі екенін алға тартты. Сондай-ақ сала қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтап, еңбектерін еледі.
– Кәсіби мереке мамандардың мерейін өсіре түсті. Архив – мемлекеттің кешегі мен бүгінгі тарихының сақтаушысы. Өшкеніңді жандыратын, ұмытқаныңды жадыңда жаңғыртып, тарихтағы әр кезеңнен сыр шертетін киелі орын, – деп өзекті салаға өмірін арнаған жандарды сый-құрметке бөледі. Қажырлы қызмет атқарған мамандарға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Алматы облысы әкімінің, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының Алғыс хаттарымен марапаттады. Сонымен қатар «Үздік архив филиалы», «Архив қызметінің үздігі», «Үздік қойма меңгерушісі» сынды номинациялар бойынша дара шыққандарға дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табыс етті. Балқаш ауданында архив филиалының құрылғанына – 35 жыл, Қарасай филиалының құрылғанына – 10 жыл толуына орай аталмыш өңірдегі сала мамандарына арнайы құрмет көрсетілді.
Келесі болып сахна төріне көтерілген Алматы облысы бойынша салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағының төрағасы Сәуле Ахмадиева архившілерге республикалық кәсіподақтың атынан төсбелгілер тағып, шипажайға жолдама берді. Салтанатты шара соңы мерекелік концертке ұласты.
Құралбек СӘБИТОВ