Жыл басынан бері әділет департаментіне азаматтардан 6502 өтініш келіп түскен. Сонымен қатар 128 азамат жеке қабылданып, барлығына қанағаттанарлық жауап берілген. Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында облыстық әділет департаменті бастығының орынбасары Нұржан Сатубеков аталған құзырлы органның атқарған жұмыстары туралы баяндады.
Брифингте департамент бастығының орынбасары әкімшілік, қаржы және материалдық-техникалық қамтамасыз ету, сот орындаушыларының қызметін реттеу және бақылау, коммерциялық емес ұйымдарды тіркеу, құқықтық түсіндіру, заңгерлік қызмет көрсету сынды бөлімдердің атқарған жұмысына тоқталды.
– Әділет департаментінің нормативтік-құқықтық актілер бөлімімен ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 457-бабы 1-тармағы бойынша 7 әкімшілік іс қозғалды. Сонымен қоса 2024 жылдың желтоқсан айына дейін зияткерлік меншік құқықтарын қорғау бөлімімен тауар таңбаларын пайдалану бойынша заңнама талаптарының сақталуына 28 жоспардан тыс тексеру жүргізілді. 2911 дана өнім тәркіленіп, 1 835 048 теңгеге жуық айыппұл салынды, – деді Нұржан Сатубеков.
Спикер басқарма құзіретіндегі нотариаттық, адвокаттық және құқықтық түсіндіру жұмыстарының жайын да сөз етті. Қазір облыс аумағында 250 жеке нотариус бар. Жыл басынан бері департаментке лицензия алу бойынша нотариатқа 75, ал адвокатураға 211 өтініш берілген. Оның айтуынша, облыстық адвокаттар алқасының мүшелігінде 449 адвокат, 28 адвокаттық кеңсе бар. Ал жыл басынан бері міндетіне атүсті қараған 2 адвокатқа қатаң сөгіс берілген. Сондай-ақ департамент адвокаттармен заң көмегін көрсету туралы 95 келісім жасаған.
– Облыс бойынша 158 жеке сот орындаушысы өз қызметін атқарады және 4 ауданаралық мәжбүрлеп орындату аумақтық бөлімі бар. Жыл басынан бері сот орындаушылар қызметін реттеу және бақылау бөліміне жеке және заңды тұлғалардан 6266 арыз-шағым келіп түскен. Жоспардан тыс тексеріс жүргізу кезінде 51 жеке сот орындаушы тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімі базасы бойынша 64 қылмыстық іс тіркелді. ҚР Қылмыстық кодексінің 139-бабы негізінде, яғни балаларын күтіп-бағуға арналған қаражатты төлеу жөніндегі міндеттерді орындамау, еңбекке қабілетсіз ата-аналарын, еңбекке қабілетсіз жұбайын (зайыбын) күтіп-бағуға арналған қаражатты төлеуден жалтару бойынша 64 борышкерге қатысты қылмыстық іс қозғалды, оның ішінде 44 іс сотқа жолданды, 44 борышкер бас бостандығын шектеу түрінде жазаға тартылды, – деді Нұржан Сатубеков. Атқарылған жұмыстар департаменттің белсенді және мақсатты жұмысының нәтижесін көрсетеді.
Ерзат АСЫЛ,
Қонаев қаласы