«Алатау арайы» газеті редакциясының жанынан құрылған «Сарасөз» медиаклубында белгілі жазушы, көсемсөз шебері Марат Тоқашбаев қонақ болып, қазақ журналистикасына қатысты ой-толғамдарын ортаға салды. Қаламгер ағамыздың шығармашылық жолына зер салсақ, көп нәрсені аңғарамыз. 1969 жылы журналистік қызметін Алматы облыстық газетінен бастаған. Одан кейін «Білім және еңбек» пен «Халық кеңесінде» шыңдалып, «Заң», «Заман-Қазақстан», «Президент және халық» басылымдарын басқарды. «Қазақстан» телеарнасында еңбек етті. Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстан педагогикалық ғылым академиясының академигі, Алматы облысының Құрметті азаматы. Ары қарайғы келелі ой, кестелі сөз «Сарасөз» спикерінің өзінде.
– Алтын ұяма айналған, қанатымды қақтырған облыстық газеттің жаңа ғасырдағы жаңа құрамымен кездескеніме әрі қуанып, әрі толқып отырмын. Өйткені алдарыңызда жұмысын курьер-корректорлықтан бастаған жас жігіт емес, 70-тің ортасын еңсерген ақ шашты аталарың тұр. Бүгінгі шараны екі ұрпақтың үндесуіне баласақ жарасымды болар.
Облыстық газетте 13 жыл еңбек еттім. Редакцияның құрамы сапалы болды. Мұнда баспасөздің майын ішкен марқасқалар жиналыпты. Осындай ортаға кірген соң ізденбеуге хақың жоқ. Сондықтан уақытты босқа өткізбеуге тырыстым. Басты мақсат – қатардан қалмау. Сөйтіп жүріп шыныққанымызды аңғармай да қалдық.
Менің кезімде Әбдуәли Қарағұлов бас редактор болды. Бір өзі бір университеттің жүгін көтерген тұлға еді. Білім мен тәжірибеге бай кемел жан. Нөмірге жоспар жасағанда әр санның мазмұнын жаңаша идеялармен толтырып отыратын. Осының бәрі жастар үшін шығармашылық сабақ болды. Әбекең – қазақтың атақты ақыны Олжас Сүлейменовтің екінші әкесі. Олжас ол кісінің қамқорлығына бөленгенін, тәрбиесіне кенелгенін өз естелігінде еміреніп айтады. Сөйтіп пешенеме үлкен мектептің тағылымынан өту бақыты жазылыпты.
Ол кезде «Жетісу» газеті облыспен бірге Алматы қаласы партия комитетінің де органы болатын. «Алматы ақшамы» кейін жарық көрді. Сондықтан облыстық газеттің деңгейі республикалық санаттағы басылымдардан кем түспеді. Мәселен, республика басшыларының бірі, Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің хатшысы Кәкімжан Қазыбаевтың біздің ұжымнан шыққанын мақтанышпен айтқым келеді.
Күні кеше Талдықорған облысы қайтадан бөлінді. Жетісу облысына айналды. Екі аймақ біріккенде Алматыдан апарған басылымды сонда қалдырыпсыздар. Жетісу облысына «Жетісу» газетін бергендеріңіз, бәлкім, дұрыс та шығар. Бірақ осыған бола тарихтың ауысып кетпеуін қадағалау қажет. «Алатау арайының» шекесіне «1918 жылдан шығады» деп түзетіп жазғандарыңызға қуандым. Бұл газет менің ғана өмірбаяным емес, көптеген қазақ қайраткерлеріне қатысты ортақ шежіре. Оны бүгінгі оқырман жақсы білуге тиісті. Редакция дәлізіне бас редакторлардың портреттерін іліп, басылым рухына құрмет көрсету – өткенге тағзым болар еді!
«Алатау арайы» – мемлекеттік саясатты облыс өңіріне насихаттайтын негізгі идеологиялық құрал. Оның мәртебесі мен пәрменін осылай дәрежелесек ұтылмаймыз. Бейнелеп айтқанда, облыстық газет – облыстық әкімшіліктің дүрбісі мен лупасы. Сол арқылы жақынды талдайды, алысты болжайды. Газеттегі материалдар бұқараның пікірі мен ойын анық көрсетеді деп сенемін. Бұл – халықпен тілдесудің мүмкіндігі. Газет – қоғамның барометрі. Редакцияның әрбір міндеті өмір талаптарымен ұштасып жатса қандай ғанибет?!
Өз тәжірибемнің негізінде ұққаным, журналист алдымен ұлтқа қызмет етуімен ерекшеленеді. Оның мәні – шығармашылық қуатыңды мемлекетке, елге, болашаққа арна деген сөз. Отан мүддесіне пайда келтіретін істің бәрі өзекті. Аймақ тұрмақ, ауылдағы тіршілік тың серпілістерге зәру. Түсініктер мен көзқарастар тәуелсіздік үдерістеріне оң ықпал беретін әрекеттермен байыса, ізгіліктер артады. «Алатау арайындағы» әріптестерім облыс өмірін көрсеткенде бәрін ұлттық тұрғыда сараласа деймін.
Қазақ журналистикасының мойнында қазақ халқының тағдыры тұр. Әрбір қазақ журналисі ұлтын сүюге міндетті. Мұны әсіре ұлтшылдықпен шатастырып алмаңыздар. Ұлтты сүю – салт-дәстүрді, рухани құндылықтарды, атамекенді қадірлеумен бағаланады. Оның мазмұнын ізетпен, мәдениетпен түсіндіре алсақ ұтамыз. Біз кешегі кеңестік кезеңнің өзінде осыған мән беруге тырыстық. Сыртқа сырымызды білдірмесек те, іштей армандадық. Оны сөйлеген сөзіміздің, жазған мақаламыздың тұздығы деп білдік. Тіпті ресми саясат жайында қалам тербегенде, сөйлемдердің астарына өзіндік пікірімізді сіңіріп жіберетін әдістерге жүгіндік.
1982-1990 жылдары «Білім және еңбек» журналында қызмет істедім. Басылым Қазақстан комсомолы орталық комитетіне қарайды. Бағытының қандай екені айтпаса да түсінікті шығар. Аталған журналды қаламгер-ғалым Ақселеу Сейдімбек басқарды. Сол кісінің арқасында «Журналист ұлтын сүю үшін не істеуі керек?» деген сұрақтарға жауап таптық. Ақселеудің батылдығы мен шеберлігі орасан. Қызыл цензураға ештемені байқатпайтын. Бірақ ойдағыдай реттейтін. Сол жылдары Әлкей Марғұлан, Сәбетқазы Ақатаев, Мұрат Әуезов, Мақаш Тәтімов, Марат Сембин секілді Алаш идеясын тірілтуге ұмтылған білікті азаматтар редакцияда жиі бас қосты. Оларды тыңдау арқылы өмірдің ақиқатын көре бастадық. Ақырындап сипай қамшылағанның өзінде ұлттық танымның жаңаша элементтерін бойымызға дарыттық. Журналдың кезекті сандарына жоғарыда аталған ағаларымыздың қазаққа қатысты мақалаларын сүйіне отырып дайындайтынбыз. Біз осылай тәрбиелендік. Сондықтан қай басылымда жұмыс істесем де, өзімді ұлтшыл журналистердің тізімінен сызып тастай алмадым.
Алаш зиялылары көп тіл білген. Неге? Бұл әлемдік өркениетке қадам басудың негізгі шарты еді. Осы үрдіс бүгінгі ұрпаққа да қажет. Бір ғана орыс тілін қанағат тұтатын заман өтіп барады. Тіпті жетінші белеске шыққан менің өзім ағылшын тіліндегі үйірмеге жазылып, тілімді «сындырған» жайым бар. Ал сіздер жассыздар, шетел басылымдарын оқуға дайындалам десеңіздер оған мүмкіндік көп. Ақпарат алу бір басқа, өркениет жолына түскен журналистерден тәлім алу бөлек. Жұмысты жаңашылдық тұрғысынан ширата алсақ, оқылмайтын басылым болмайтын шығар деп болжаймын.
Жақында АҚШ Жазушылар ұйымының шақыруымен сол елге сапар шектім. Осымен мұхиттың арғы жағына төртінші рет қадам бастым. Сонда көңілге түйгенім, ондағы жазушылар мен журналистердің атқаратын шаруасы шаш етектен екен. 2018 жылы АҚШ-та өткен мәдени шарада қазақ әдебиеті туралы баяндама жасағаным бар. Сонда американдықтар рухани құндылықтарыңыз мол екен, соны бізге жеткізуге күш салғандарыңыз дұрыс деді. Демек, әдебиетімізді шетел тіліне аударудың «алтын ғасыры» басталатын шығар деп үміттенемін. Оның қозғаушы күшіне біздің облыстағы қаламгер қыз-жігіттеріміз қатысса несі жаман?!
Турасын айтатын тағы бір жай, меніңше, Тәуелсіздікке 30 жыл деген ұғым қысқа қайырылған пікір. Қазақ елінің тәуелсіздігі 1465 жылы Қазақ хандығының құрылғанынан басталмай ма?! Түрлі себептермен 260 жыл бодандыққа ұрындық. 1991 жылғы оқиға Тәуелсіздікті қайтарып алу үрдісінің кіріспесі еді. Осы мәселеге салиқалы, салмақты баға берген орынды секілді. Мақала жазғанда немесе азаматтардың пікірін дайындағанда естеріңізде болғанын қалаймын. Өзімізбен бауырлас халық Әзербайжанның тәуелсіздік жөніндегі ұстанымдары бөлек. Олар мемлекеттік мерекесін Тәуелсіздікті қайтарып алған қасиетті күнге балайды.
Қазақ азаттыққа қол жеткізу үшін 1991 жылды ғана күтіп отырмады. Бодандық кезеңдерінде 400-ден астам көтеріліс болған. Ұлы мақсат жолында батырларымыз жандарын қиды. Оның соңғы көрінісі – 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі. Ендеше күрескерлер туралы шығармалар еселене береді деп сенемін. Соған газет ықпал етсе, басылымның беделі одан әрі биіктейді.
Облыстық газетке алғаш келген кезде көп нәрсеге таңырқап қарадым. Мен де білімді ағалар секілді алдыңғы шепте жүрсем деп армандадым. Қазақта «Адам істегенді – адам істейді» деген мақал бар. Оның кілті оқу мен тоқуда екен. Екі тізгінді тең ұстауға ден қойдым. Әсіресе құқыққа қатысты кітаптарды жиі парақтадым. Сол тақырыпқа мақалалар жаздым. Еңбек бағаланбай қалмайды екен. Сарбас Ақтаев мені Республика Жоғарғы Кеңесінің органы болып жаңадан ашылған «Халық кеңесі» газетіне қызметке шақырды. Қуана келістім. Өйткені Сарбас ағамен көзқарасымыз тез қабысатын.
«Халық кеңесінің» бірінші саны 1990 жылы 24 көкекте жарық көрді. Сол мезетте СОКП Орталық комитетінің кезекті апрель пленумы өтті. Оны қалай қазақшалаймыз? Гәп осында еді. «Көкек пленумы» десек құлаққа түрпідей тиеді. Екіншіден, «көкек» сөзі қазақтың ұғымында жауапкершілігі төмен жағдайды, тұрақсыздықты білдіретін сөз. Осыдан соң арабша ай атауларын ақтарып отырып сәуірді суырып алып ұсындық. Бас редактор қуана қол қойды. Газетті «БҰҰ-дың жалпыға ортақ адам құқықтары туралы» деклерациясынан бастауды жөн көрдік. Керек-ау деген материалдарды қиып алып сақтап жүретінмін. Ұқыптылығым кәдеге асты. «Сәке, біздің шығарғалы отырғанымыз Жоғарғы Кеңестің газеті. Газет адам құқығын қорғауға белсене араласуы керек. Соны ескерткендей етіп Деклерацияны берейік», – дегенде бас редактор пікірімізді толықтай қуаттады.
Сарбас Ақтаев – өз заманының жоғары деңгейдегі зиялы азаматы. Мінезі жайдары. Көңілі тұнық, пейілі ақ адамдар ол кісінің ең жақын туысы. Айтпақшы, Алматы облысының шежіресін таратып айтқанда Сарбас Ақтаевты Көкшетауда емес, Қапшағайда туған екен деп қаласың. Энциклопедиялық танымға ие азамат. Ал дипломы бойынша қатардағы мұғалім. Өзі демократиялық көзқарасты ұнатады. Егер ұсыныс ортақ іске пайдасын тигізетін болса, ондай идеяны кімнің ойлап тапқанына қарамастан бірден шығармашылық өндіріске жібереді.
«Халық кеңесі» газеті – азаттық кезеңі тудырған басылым. Соған лайық жұмыс істеді. Еркін ойлауға дағдыландырды. Тақырыптары оқырмандарды жалт қаратты. Жоғарғы Кеңес мәжілісінің есептері стенографиялық мәтінмен өзгеріссіз жарияланып жатты. Депутаттардың жасқанбай сөз алатын бірден-бір мінберіне айналды. Кейін маған «Заң» газетін жаңадан құру міндеті жүктелгенде жинаған тәжірибем мол пайдасын тигізді. Бір сөзбен айтқанда, «Халық кеңесі» мен үшін өсіп, жетілудің баспалдағы болды.
Әрине, айтатын әңгіме аз емес. Оның бәрін мөлшерлі уақытқа сыйғыза алмайтынымыз тағы бар. Ендеше, жеке сұрақтарыңыз болса қойыңыздар, оған да назар аударайық.
Сұрақ: – Сол кездегі ҚР Әділет министрі Нағашыбай Шәйкенов мекемелердің ашылуы мен жабылуына қатысты жарнамалық материалдарды «Заң» газетінің үлесіне ыңғайлап, басылымға үлкен көмек көрсетті. Жарнамамен бірге редакция қоржынына қомақты қаржы түсті. Осындай тәжірибені бүгінгі таңда «Алатау арайына» арнап ұйымдастыруға мүмкіндік бар ма?
Жауап: – Айтып отырғаныңыз болған оқиға. Одан ешкім ешқандай ерсілік көрмеді. Есесіне жарнамадан қомақты қаржы түсіп, штаттағы қызметкерлерге қосымша материалдық көмек көрсете алдық. «Екінші жалақы» деген термин сол кезде дүниеге келді. Егер біз қолданған тетіктерді облыстық мәслихат жіті зерттеп заңдастырса, оны әкімдік қолдаса, несі жаман?
Сұрақ: – Бұрынғы мен қазіргіні салыстырғанда қазақ журналистикасы неден ұтты, неден ұтылды? Беретін бағаңыз қандай?
Жауап: – 90-жылдары журналистиканың мазмұны мықты, сөзі өткір болды. Ел тәуелсіздігін қамтамасыз ету, оны нығайту армандары шаршағанды ұмыттыратын. Журналистердің бүгінгі толқыны аға буын үрдістерін сәтті жалғастырса деймін.
Сұрақ: – Сіз кезінде Ресейде облыс губернаторы болған Аман Төлеевтен сұхбат алдыңыз. Бұл істі қалай ұйымдастырдыңыз?
Жауап: – Мен онда «Халық кеңесінде» едім. 1991 жылы РСФСР халық депутаттарының 4-сьезі өтіп жатты. Солардың құрамында Аман Төлеев деген қазақ бар дегенді құлағымыз шалды. Іздеп тауып, әңгімелесу қызықтырды. Нартәуекелмен іссапарға шықтым.
Мәскеудегі үлкен қонақүйге орналасыпты. Қонақүйдің әкімшілігінен сұрап, үшінші қабаттағы бөлмесін де біліп алдым. Асықпай күтіп отырдым. Ақыры іздеген адамым қара көрсетті. Лифтіге жақындай бергенде «Аманғали аға!» деп қазақша дауыстап жібердім. Жалт қарады. Жанары ұшқын атып күлімдеп тұр екен. Бөлмесіне бардық. Қойған сұрақтарыма бар ынтасымен жауап қайтарды. «Қазақстаннан іздеп келген бірінші журналист сізсіз. Қазақ бауырларыма алғысым зор!» – деді тебіреніп. Біз содан кейін ағалы-інідей хабарласып тұрдық. Кемеров облысының губернаторы кезінде алпыс жылдығыммен құттықтады.
Сұрақ: – АҚШ-қа барғанда газеттерінен не байқадыңыз? Олардан не үйренген жөн?
Жауап: – Ғаламтор байланысы, әлеуметтік желі оларда да қалыпты жүріп жатыр. Сонымен қатар газетке де сұраныс аз емес. «Вашингтон пост», «Нью-Йорк таймс» газеттерінің миллиондап таралуы соның дәлелі.
Кәсіпкерлер, ғалымдар, қоғамның көптеген көзіқарақты өкілдері сараптаманы, талдауды ұнатады. Оны мінсіз атқаратын – қағаз басылымдары. Сондықтан газет-журналды тарату ісіне бейжай қарамасақ екен деймін.
Кездесу әсерлі аяқталды. «Өлке тынысы» ЖШС директоры Кәдірбек Құныпияұлы мен «Алатау арайы» газетінің бас редакторы Қуаныш Тұнғатар ардагер журналиске ұжым атынан алғыс білдіріп, естелікке алтын қалам сыйға тартты. Өнеге өсіреді десек, Марат ағаның мол тәжірибесі әріптестеріне рухани тағылым болатыны анық.