Ақтау қаласының түбінде Әзербайжанның Azerbaijan Airlines компаниясына тиесілі жолаушылар ұшағы апатты жағдайда қонып, соңғы ресми мәлімет бойынша ұшақ орнынан төрт адамның денесі табылды. Апаттан ондаған адам жараланып, ауруханаларға жеткізілді.
Маңғыстау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Б.Ізбасаровтың ақпараты бойынша, қазірге дейін қаладағы ауруханаларға зардап шеккен 26 адам, оның ішінде 24 ересек, 2 бала жеткізілген. 24 ересектің 7-уі халі ауыр болғандықтан жансақтау бөліміне жатқызылған. Нақты қанша адамның тірі қалғаны, қанша адам қаза тапқаны әлі анықталып жатыр.
ҚР Көлік министрлігінің Әзербайжан тарапынан алған ақпараты бойынша, «Баку-Грозный» бағытында ұшып шыққан ұшақ бортында 62 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған. Алдын ала ақпаратқа сәйкес бортта 37 Әзербайжан, 6 Қазақстан, 3 Қырғызстан, 16 Ресей азаматы болған.
Оқиға орнына құтқару жұмыстарын атқаруға ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі жеке құрамының 52 адамы мен 11 техникасы барды.
Алдын ала мәлімет бойынша, ұшақ Грозныйда тұман болғандықтан әуелі Махачкалаға, кейін Ақтауға қонбақшы болған. Әзірге болжам бойынша ұшақ апатына ұшақ қозғалтқышына құстардың соқтығысуы себеп болуы мүмкін. Апат себептері тексеріліп жатыр. Оқиға орнынан түсірілген бейнелерге қарағанда, тұмсығымен жер сүзе құлаған ұшақтың алдыңғы бөлігін өрт шалып, ұшақ ортасынан бөлінген.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевке Маңғыстау облысында Әзербайжанның жолаушылар ұшағы апатқа ұшырап, экипаж мүшелері мен жолаушылардың қаза тапқаны туралы суыт хабарды терең күйзеліспен қабылдағанын жеткізді.
«Орны толмас ауыр қайғыға ортақтаса отырып, Сізге, қаза тапқан азаматтардың туған-туыстарына және барша Әзербайжан халқына көңіл айтамын. Менің тапсырмаммен Қазақстан Үкіметі мемлекеттік комиссия құрды. Комиссия құтқару операциясы аясында тиісті шаралар қабылдап, Әзербайжан тарапына қажетті көмек көрсетеді», – делінген жеделхатта.
Мемлекеттік комиссияны вице-премьер Қанат Бозымбаев басқарады.
Президент дәрігерлерді Астанадан Ақтауға жіберуді және зардап шеккендерді барлық қажетті қолдаумен қамтамасыз етуді тапсырды.
Алматы облысы халқының атынан ұшақ апатынан қаза тапқандардың қайғысына ортақтасып көңіл айтамыз.