Қазіргі таңда «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысып, тиімді қаржылық несие алу арқылы тіршілігін түзетіп, қолынан келетін кәсібімен айналысып, нәсібін тауып жүрген жандар жетерлік. Соның айқын бір көрінісі болған кейіпкеріміз – Шелек ауылының тұрғыны Тұрсынхан Төкен.
«Ерінбеген етікші болады» деп бекер айтпаса керек. Бұрын аяқ киім жамаумен айналысатын Тұрсынхан Қытайдан елім деп Қазақстанға көшіп келген соң, қол қусырып қарап отырмады. Қап түбінде жатқан болат бізін алып, жергілікті тұрғындардың ескірген, жыртылған аяқ киімдерін жамаумен айналысты. Осылайша қолдан келетін кәсібімен амалдап күн көріп жүргенде, «Ауыл аманаты» деген бағдарламамен шағын кәсіппен айналысушыларға қаржылай көмек көрсетіледі екен» деген жақсы жаңалықты естіп, сол жобаға қатысуға бел буды.
Етікші болу – екінің бірінің қолынан келе бермейтін кәсіп. Аяқ киім жасап шығару шеберлікті, шыдамдылықты, ептілікті, тиянақтылықты талап етеді. Құдай қосқан қосағы Сатыпалдының да ісмерлігі бар. Киюге жарамсыз, жыртылған кебістерді жамап, жарамды еткеннен жаңасын жасап шығару қиын емес. Нартәуекел! «Әр нәрсеге асық болсаң да, бір нәрсеге машық бол!» демекші, әу бастан өзі аяқ киімдерді жамап, табандарын ауыстырып салып, қайта киюге жаратып жүрген үйреншікті кәсібін терең меңгеруге машықтана берейін деген тоқтамға келді. Сөйтіп жеке кәсіп ашып, «Ауыл аманаты» жобасына қатысып, 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие алып, аяқ киім өндірісін дамытуға мүмкіндік алды. Енді, міне, өзі машықтанып жүрген кәсіптің жаңа белесіне қадам басты. Үйінің бір бөлмесінен көше жақтан есік шығарып, шағын цехын ашып алды. Еңбегі өрге басып, өнерінің өрісін кеңейтті. Осылайша кәсібін жандандыруға алған 3 млн теңге көлеміндегі несиесін тиімді пайдаланып, өзіне қажетті құрал-жабдықтарды сатып алды. Атап айтқанда, өкшені тегістейтін, теріні қыратын, желімделген табанды басатын станоктар мен тігетін машинаға қол жеткізді. Жантақтан ине, жаңғақтан түйме жасамаса да, етік, кебіс жамайтын ептілігінің арқасында аяқ киімдердің түр-түрін дайындайтын тәсілдерді де тез меңгеріп алды. Ерлер мен әйелдер, балаларға арналған көктем, жаз, күзде, қыста киетін аяқ киімдерді зауыттан шыққандай етіп, өзіндік стилімен жасап, сөрелеріне тізіп қойыпты.
Тұрсынхан ханымды әңгімеге тартып, жай-жапсарды сұрағанда:
– Жұмыстың оңайы жоқ қой. Әсіресе етікшілік көз майыңды тауысып, мұқияттылықпен еңбектенуді талап етеді. Аяқ киімді кигенде әдемі болып көрінуіне баса көңіл бөлеміз. Біз аяқ киім жасаумен ғана емес, киюге жарамсыз ескі кебістерді жамаумен де айналысамыз. Біз деп тұрғаным – жұбайым Сатыпалды Манап та бір жағыма шығып, қолғабыс етуде, ал көмекші етіп Ералы Қайсар деген жас жігітті етікшілік кәсіпке баулудамын, – деп жауап берді.
Осы кезде шеберханаға бір жас жігіт келіп: «Тұрсынхан әпке, етіктің ішінен киетін мәсіңізден біреуін алайын деп едім. Бұрынғы мәсіні де сізден алған едім. Бірнеше жылға жарады. Сапалы екен», – деп мақтап жатыр. Оның аяғына шақ мәсіні тауып беріп жатқанда, тағы бір адам жыртылған аяқ киімдерін жаматуға алып келді. «Шебердің қолы ортақ» деген осы емес пе?! Еңбек ептілікті сүйеді.
Сөредегі неше түрлі аяқ киімдерге қызыға қарап: «Мал терісін өңдеумен айналысасыздар ма?» – деп сұрадық. «Былғары, қайыс, ұлтан, жіп, киіз, таспа, тарамыс сияқты шикізатты сырттан аламыз. Тері өңдеудің өз технологиясы бар. Тері өңдеу үшін оны жібітетін, қырып, тазалайтын, жүнін жуып, тазалайтын құрылғылары болады. Ол өз алдына жеке кәсіп», – деп түсіндірді. Етікке тапсырыс беретіндер де баршылық екен. «Жексенбі күндері мал базарына апарып, сатамыз. Өз өңірімізден басқа Алматы қаласы, Кеген, Райымбек, Ұйғыр аудандарынан тапсырыс беретін адамдар бар», – деді Тұрсынхан ханым.
Етік тіккеннен басқа, арасында жөндеуге алып келген аяқ киімдерге табан жамап, жыртығын тігіп, қаншама адамның алғысына бөленуде. Адал еңбектің арқасында ел құрметіне бөленіп жүрген Тұрсынхан Төкеннің ісіне біз де береке тіледік.
Анарбек БЕРДІБАЕВ
Еңбекшіқазақ ауданы