VIIІ сайланған Кеген аудандық мәслихатының 2024 жылы атқарған жұмысы, оның тұрақты комиссияларының қызметі туралы ауыл халқы алдындағы есеп беру жиыны Тасашы ауылдық Мәдениет үйінде өтті. Оған аудандық мәслихат төрағасы Алмасбек Нұғыман және ауыл тұрғындары қатысты.
Жиынды Тасашы ауылдық округінің әкімі Ерболат Төребаев ашып, жүргізіп отырды. Күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша аудандық мәслихат төрағасы Алмасбек Нұғыманның есебі тыңдалды.
– Кеген аудандық мәслихатының құрамында 11 депутат бар. Жергілікті мемлекеттік басқару институты ретінде мәслихаттар 1994 жылы құрылды. Биыл Қазақстан мәслихаттарының құрылғанына 30 жыл толуына орай аудан көлемінде ауқымды шара өткізілді. Кеген ауданының 2024-2026 жылдарға арналған бюджеті 8 млрд 689 млн теңге болса, ауылдық округтердің 2023-2025 жылдарға арналған бюджеті 886 млн 717 мың теңгені құрады. Есепті мерзім ішінде аудан бюджетін қалыптастыру жұмысы Қазақстан Республикасының Бюджет кодексі талаптарына сай жүргізіліп, оны бекіту, өзгерістер енгізу туралы мәселелері 6 рет сессияда қаралды. Депутат жұмысының негізі – депутаттық сауал. 2024 жылы 51 депутаттық сауал тиісті мемлекеттік органдарға жолданып, жауабы алынды. Кейбір жайттар оң шешімін тапқан болса, ауызсу, жер (шабындық, жайылымдық, егістік), көшелердің ағымдағы, күрделі жөндеу жұмысы, түнгі жарығы, жұмысқа орналастыру, тұрғын үймен қамтамасыз ету, әлеуметтік көмек көрсету туралы мәселелер заң аясында қабылдауда болған азаматтарға түсіндірілді, – дей келе, мәслихаттың жыл бойына атқарған жұмысына тоқталды.
Жиын барысында ауыл тұрғыны Нұрқас Ысқақов ауызсу мәселесін тілге тиек етті. Ауылда су құбырларының тозығы әбден жеткенін, соның салдарынан қақаған аязда бір апта сусыз қалғандарын алға тартты.
Тасашы орта мектебінің күрделі жөндеу жұмыстарының олқы тұстарын жіпке тізген ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Рамазан Мырзағалиев мәслихат төрағасына халық атынан өтініш білдіріп, білім ошағының құрылысын назарға алуын ұсынды.
Жиынды қорытындылаған ауыл әкімі Ерболат Төребаев Тасашы ауылы мен Сарыкөл елдімекені арасындағы сегіз шақырымдық жол күрделі жөндеуді қажет ететінін, Сарыкөлдегі ауызсу құбыры да 2017 жылы салынып, аяқсыз қалғанын алға тартып, мәслихат төрағасына: «Осы қордаланған мәселелерді шешуге атсалыссаңыз», – деген өтінішін жеткізді.
Өз кезегінде Алмасбек Нұғыман есеп беру жиынында айтылған ұсыныс-пікірлер ескеріліп, тиісті орынға жолданатынын және оның орындалуы қадағаланатынын айта кетті.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы