Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды Жұмысшы мамандықтарының жылы деп жариялау туралы жарлыққа қол қойды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. Мемлекет басшысы жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру және техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің реформасын жүзеге асыру мақсатында қаулы етті.
Бас құжатта:
1. 2025 жыл Жұмысшы мамандықтарының жылы деп жариялансын.
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі Жұмысшы мамандықтарының жылын өткізу бойынша қажетті шараларды қабылдасын.
3. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.
4. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі”, – делінген қаулыда.
Айта кетейік, Алматы облысында биыл 52 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Оның ішінде 76,6%-ы тұрақты жұмыс орындары. Жыл басынан бері өңірдегі жұмыспен қамту орталықтарына 62 мыңнан астам азамат өтініш білдірді. Сондай-ақ, субсидияланатын жұмыс орындарына 11,8 мың адам орналастырылған.
Субсидияланатын жұмыс орындарына жіберілген азаматтардың қатарында жастар тәжірибесінен өткен 971 адам, қоғамдық жұмыстарға қатысқан 8 153 адам және әлеуметтік жұмыс орындарында еңбек еткен 601 адам бар. Сонымен қатар, ‘Күміс жас’ жобасы арқылы 1 442 азамат жұмысқа орналастырылды. Қысқа мерзімді курстар арқылы 624 жұмыссыз азамат кәсіби дағдыларын жетілдірді. Ал «Бастау бизнес» бағдарламасы аясында 2,9 мың адам оқытылды.
Бағдарлама нәтижесінде 400 АЕК көлеміндегі грантты иеленген азаматтар өз кәсіптерін бастау мүмкіндігіне ие болды. Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу үшін жыл басынан бері 69 жұмыс жәрмеңкесі ұйымдастырылып, 980 жұмыс беруші 9 065 бос жұмыс орнын ұсынды.