Облыс әкімінің орынбасары Рустам Исатаев пен тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы Данияр Ахметов өңірлік кадр резерві мүшелерімен кездесті. Басқосуға қатысушылар ашық пікір алмасып, емен-жарқын әңгімелесті.
Рустам Маратұлы мемлекеттік қызметте өзіне сенімділік, белсенділік, бастамашылдық, жігер мен өршілдік секілді қасиеттердің мол жетістікке қол жеткізуге септігін тигізетінін тілге тиек етті. Әрбір адамның көздеген мақсатына ұмтылуы керегін алға тартқан облыс әкімінің орынбасары жас мамандарға әрдайым қолдау көрсетуге дайын екенін, алдағы уақытта да осындай кездесулер ұйымдастырып, қызықтыратын тақырыптарды талқылауға болатынын жеткізді.
Әрбір қатысушы өзі туралы мағлұмат беріп, кадр резервіне өту мақсаты мен алдағы жоспары туралы айтты. Олардың арасында кадрлық резервтің арқасында басқарманың немесе бөлімнің басшысы болғандар да болды. Басшыларға толғандырған сауалын қойып, кәсіби өсу жолында қажетті кеңес алды. Мансаптық мүмкіндіктер мен жұмысқа орналасу жолдары талқыланды. Мамандарды даярлау және бейімдеу жүйесін жақсартуға, сондай-ақ кадр резервін қолдауды күшейтуге бағытталған ұсыныстар сөз етілді.
– Мемлекеттік қызметте жұмыс істегеніме 5 жылдан асты. Еңбек жолымды жастар тәжірибесінен бастадым. Одан кейін ауылдық округ әкімдігі мен басқармаларда қызмет атқардым. Бүгінде энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы лауазымында еңбек етудемін, – деді Нұрбол Дәрменов.
Облыстық өңірлік кадрлық резервіне бірнеше кезеңнен тұратын іріктеуден іркілмей өткен 35 жастан аспаған жоғары білімді жəне 3 жылдан кем емес еңбек өтілі бар мемлекеттік қызметшілер енген. Іріктеуді облыстық кадр комиссиясы жүзеге асырған. Резервте болу мерзімі – 2 жыл. Осы уақыт аралығында өңірлік резервке алынған жастар сайланатын лауазымдарды қоспағанда, жергілікті атқарушы органдарда «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына тағайындала алады.
Келесі кезекте Данияр Ахметов мемлекеттік қызметтегі жинаған тәжірибесімен бөлісіп, әр адамның алдына мақсат қоя білуі және өз саласын жетік білуі керегін тілге тиек етіп, жас мамандарды күнделікті күйбең тірлікпен жүре бермей, жарқын жобаларға бастамашы болуға шақырды.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ