Денсаулыққа пайдалы жемістердің ішінде иммунды жүйені жақсартып, түрлі ауруға тосқауыл болатын көпжылдық мәңгі жасыл лимонды ерекше айтуға болады. Оның құрамындағы магний, калий мен С дәрумені жүрек және жүйке жүйесін жақсартады, қан қысымын қалыпқа келтіреді. Сондай-ақ лимон қосылған қайнатылған жылы су бауыр, өт, бүйрек ауруларының алдын алып, ағзаны зиянды қалдықтардан тазартады.
Қарасай ауданына қарасты Жамбыл округіндегі Батан ауылының тұрғыны, көпбалалы әке Ерлан Алдабергенов алғашқы болып денсаулық үшін пайдасы мол осы бір жемісті Қарасай жерінде өсіріп, жерсіндіруге кіріскен. Оның мақсаты – ауданда лимон бағын жайқалтып, өнімдерімен тұтынушыларды тәнті ету.
Ерлан Бейсенбекұлы 12 жылға жуық Алматы қаласындағы теміржол бекетінде қызмет етіп, күндерін жол үстінде өткізген. Кейінгі жылдары жұмысына байланысты денсаулығы сыр берген соң, өздігінше кәсіп бастап, жылыжай ісімен айналысады. Бастапқыда тез өсіп, өнім беретін қияр мен қызанақ егіпті. Біраз жыл өнімдерін жергілікті жерлердегі дүкендер мен сауда орталықтарына өткізіп жүрген. Қосымша өзінің туыс-бауырларымен Ташкент қаласынан лимон түптері мен бұталарын әкеліп, мекемелерін безендіргілері келген сауда орындары, кеңселер мен кәсіпорындарға сатумен айналысқан.
Уақыт өте келе кейіпкеріміз ауласындағы жылыжайда басқа да жемістерді өсіруді ойлай бастайды. Сөйтіп, біраз толғанып, лимон жемісін жайқалтуды мақсат етеді.
– Қарасай жеріне көшіп келгенде бұл өңірдің ауасы таза, топырағы құнарлы екенін байқадым. Сондықтан жұмыстан біржола қолым босағаннан кейін аулаға жылыжай салып, оның ішіне қияр мен қызанақ өсірдім. Біраз жыл осы көкөністердің қызығын көрдік. Ал лимон өсіру бұрындары да ойымда болған.
Жалпы, өздеріңіз білетіндей, лимон жемісі өте пайдалы. Сондықтан сұранысқа ие, алайда құны қымбат. Мәселен, бүгінде базарда оның 1 келісі – 1000 теңге. Себебі біздегі сатылымдағы лимонның көбі шеттен келеді. Осы жағын ойлап, лимон өсіргім келді, бір жағынан оның ыстық жерлерде өсетін тропикалық жеміс екенін ойлағанда өзімді біраз тоқтататынмын. Кейін лимон бұталарын сататын бауырларыммен ақылдасып жүріп, не болса да бастап көруді шештім, – дейді кәсіпкер.
Ерлан Бейсенбекұлы биылғы жылдың басында жылыжайын кеңейтіп, бір бөлігіне дайындық жұмысын жүргізе бастады. Алайда оның барысында қаражаттың жетіспеушілігіне байланысты бірқатар қиындық туындаған. Мәселені шешу мақсатында ол аудандағы «Мансап» орталығына жүгінген. Ол жерде «Бизнес бастау» бағдарламасы арқылы 10 күндік арнайы курстарға қатысып, сертификат алып, мемлекет тарапынан бөлінетін қайтарымсыз грантқа өтініш берген. Комиссия мүшелерінің шешімімен грант иесі атанып, 400 АЕК көлемінде қаражат ұтып алды. Оған лимон түптерін, жылыжайдың ішіне жылы еден жасауға қажет цемент пен құбырлар, тамшылап суару жүйесін орнатуға керек шланг, тыңайтқыштар және тағы басқа қажетті заттарды сатып алып, күз айында жұмысқа кіріскен.
Нәтижесінде бүгінде жалпы аумағы 9 гектар жылыжайдың бір бөлігінде 73 түп лимон егілген. «Меир» деп аталатын сортты кәсіпкер Ташкенттен алып келген. Қазіргі уақытта ол тек отырғызылған ағаштарды баптап, оларды дұрыс өсірумен ғана айналысуда. Алғашқы жемісін үш жылдан кейін ғана көруді жоспарлап отыр.
– Әрине, жылуға үйренген жемісті күтіп-баптау оңай деп айта алмаймын. Қазір мен түптерді уақытылы суарып, тыңайтқыштар беріп отырмын. Себебі алдымен жемістің біздің климат пен жерге қаншалықты үйренетінін байқағым келеді. Егер осы жылы отырғызған түптеріміз жерсініп, жақсы өссе, күтімді жақсартамын.
Негізінен лимонды ұйықтатып, демалдырып, содан соң барып өнім алуға дайындау керек. Бастапқы үш жылда ол өнім бермейді. Тек шығынға жұмыс істейсің. Үш жыл қыста жағатын газың бар, тынайтқыштар мен дәрі-дәрмегің бар, жұмысшыларға беретін еңбекақың бар – бәрі-бәрі шығынға батырады. Жылына 4 рет гүлдегенмен, ең көп дегенде екі рет қана өнім аласың. Дегенмен күтіміне айрықша көңіл бөлсе, бір түбі 40-50 келіге дейін өнім береді. Бір келі лимонның көтерме бағасы 1000 теңгеге дейін бағаланса, бұл 3-4 жылдың шығынын өтеуге және табысқа кенелуге жеткілікті. Сондай-ақ оның жерсінуі қиын болғанымен, бейімделуі оңай. Жерге үйреніскен соң, кем дегенде 100 жылға дейін жеміс беруге қауқарлы. Сұранысқа ие өнімді ішкі нарықта саудаламақпын, – деді кәсіпкер.
Лимон өсіру ұзақ мерзімді бизнес болғандықтан, оның қазіргі шығынын жабу жолын кәсіпкер әлдеқашан ойластырып та қойған екен. Нақты айтқанда, жылыжайдың бір бөлігінде 600 түп қияр егіп қойған. Бұрынғыдай қияр мен қызанақ сату арқылы табыс тауып, отбасын бағып, лимон ісін ілгерілете беруді жоспарлап отыр.
Ерлан Алдабергенов – Қарасай жерінде алғашқы болып лимон жылыжайын құрған кәсіпкер. Бүгінде оған осындай кәсіп бастағысы келетіндер келіп, ақыл сұрап та үлгерген. Кәсіпкер оларға ақыл-кеңесін беріп, тәжірибесімен бөлісіп, көмектесуге дайын екенін айтқан.
Оның ендігі мақсаты – жылыжайдың аумағын үлкейту. Сол үшін арнайы жер телімін де қарастырып қойған. Қазіргі уақытта иесімен келіссөздер жүргізуде. Егер ойын іске асыра алса, келер жылы апельсин және памело жемісін өсіруді жоспарлап отыр.
– Алдағы уақытта кәсібімді кеңейтіп, апельсин мен памело өсіріп көргім келеді. Қазірдің өзінде тәжірибе ретінде екеуінің көшеттерін отырғызып қойдым. Қазір жерсіндіріп жатырмын. Оның үстіне Қарасай жерінде осындай тропикалық жемістерді сәтті өсіріп, жақсы кәсіпке айналдырып, біраз нәрсені өсіруге болатынына көз жеткізгім келеді, – деді сөз соныңда Ерлан Алдабергенов.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ
Қарасай ауданы