Биыл 25 желтоқсанда он жылға созылған Ауған соғысының басталғанына 45 жыл толды. Осы атаулы күнге орай облыстық «Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектерінің одағы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Қонаев қалалық саябағында интернационалдық борышын өтеу кезiнде ерлiкпен қаза тапқан боздақтарға қойылған ескерткiш жанында жиын өтті.
Бүгінде көзі тірі ардагерлердің ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсімінен басталған жиында алғашқы сөз облыстық Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері одағының төрағасы Қанат Молдабергеновке берілді.
– Тарихта ұмытылатын немесе өмірден өшірілетін беттер жоқ. Ауғанстандағы соғыс күн өткен сайын көмескіленіп барады. Бірақ Ауған соғысы интернационалист-жауынгерлерінің жарқын да батыл бейнесі мәңгі сақталады. Бұл соғыс оның тікелей қатысушыларына ғана әсер еткен жоқ, бүкіл еліміз үшін үлкен сілкініс болды. Осы күнге дейін оның естеліктері жан ауыртады. Ауған соғысына қатысқандарды құрметтейміз. Сонымен қатар Отан алдында берген антына адалдық танытып, Ауғанстан жерінде интернационалистік борышын өтеу кезінде қаза тапқандарды және соғыстан аман-есен оралып, бейбіт күнде бақилық болған майдангерлерді мәңгі есте сақтаймыз. Өйткені олар жауынгерлік және азаматтық борышын ерлік пен қаһармандық үлгісін көрсете отырып, абыройына нұқсан келтірмей орындады, – деді ол.
Бір минуттық үнсіздіктен кейін сөз алған Қонаев қалалық Ауған соғысы ардагерлері одағы төрағасының орынбасары Виктор Рощин өткізіліп жатқан шараның маңыздылығына тоқталып, сұрапыл жылдардағы естелігімен бөлісті.
Келесі кезекте Ауған соғысының ардагері, Іле ауданы Боралдай кентіндегі «Арын қажы» мешітінің имамы, «Айбын» орденінің иегері Алдажар Сейітұлы майдандастарының көрсеткен ерліктері жастарға үлгі екенін айтып, бүгінде Ауған ардагерлерінің тәуелсіз еліміздің іргесін бекітуге, ынтымағын сақтауға да ықпал етіп келе жатқанын тілге тиек етті. Аталған соғыста Қазақстаннан қатысқан 20 мыңнан астам жауынгердің 700-ден астамы қаза тауып, 22-сінің хабарсыз кеткенін және өзі қызмет еткен батальоннан 18 сарбаздың елге табытпен оралғанын айта келе, солардың рухына арнап Құран аяттарын бағыштады.
Жиын соңында Қанат Еренұлы жаңадан құрылған Алатау қалалық Ауған соғысы ардагерлері ұйымының төрағасы Қанат Молдабаевты көпшілікке таныстырды.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ