Талғардың тарихы тереңде жатыр. Оның арғы шежіресі орта ғасырларда бой көтерген Талхиз қаласынан басталады. Көне шаһар Ұлы Жібек жолы бойындағы әртүрлі мәдениеттер мен өркениеттер тоғысқан, қала мен дала арасындағы байланысты нығайтқан үлкен орталық болған.
Тіпті ежелгі дәуірді қойып, жаңа тарихты айтқанның өзінде, бұл жерде қазақтан шыққан көрнекті мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұлов дүниеге келген. Даңқты қолбасшы, халқымыздың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлы әйгілі 316-Панфилов дивизиясының 1073-полкін Талғар маңайындағы «Солдат шатқалында» жасақтап, Мәскеу түбіндегі сұрапыл шайқаста ерліктің ерен үлгісін көрсеткен, дивизия командирі болған. Ұлттық ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, әл-Фараби және Шоқан Уәлиханов атындағы мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты, туған жері мен елін әлемге танытқан әйгілі ғалым Карл Байпақов, еліміздің тұңғыш демографы, этнограф, саясаттану ғылымдарының докторы Мақаш Тәтімов ағаларымыздың да кіндік қаны тамған жер – Талғар қаласы. Оның үстіне бұл аудан аумағында «Ой қарағай», «Ақ бұлақ» тау-шаңғы курорты сияқты басқа да танымал демалыс орындары, сауықтыру кешендері орналасқан. Іле Алатауының теңіз деңгейінен есептегенде 5017 метр болатын ең биік нүктесі – Талғар шыңы. Жыл он екі ай басынан қар кетпейтін, өмірі гүлді, өңірі жырлы аңыз мекен.
Өкінішке қарай, мұнда өскелең ұрпақ пен ауданға әртүрлі мәдени, спорттық және басқа да шаралар, сондай-ақ туристік сапар аясында келетін отандық және шетелдік қонақтарға аудан тарихынан сыр шертетін өлкетану музейі әлі күнге жоқ! Бұл тек бізді ғана емес, ауданның белсенді азаматтарын, қоғам қайраткерлерін көптен бері ойландырып жүрген маңызды мәселе болғандықтан, Талғар аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Фарида Бегенбаева ханымға хабарластық.
– 2000 жылы аудандық мәдениет бөліміне қызметке келгелі осы жайтты үздіксіз айтып келемін. «Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды» демекші, сөйтіп жүріп зейнеткерлік жасқа да жақындап қалыппын. Бұл мәселені ауданның белсенді азаматтары мен қоғам қайраткерлері де облыс әкімі, басқа да басшылармен кездесулер кезінде үнемі көтеріп келеді.
2011 жылы АХАЖ бөлімінің ағаштан салынған шағын ғимараты босады, сол жерде музей ашайық деп Талдықорғаннан комиссия шақырып едік, олар рұқсат бермеді. Өйткені артында жапсарлас салынған үй бар, оның үстіне ағаштары қаусап тұр және көлемі жағынан да өлкетану музейіне сай келмейді, сондықтан жарамайды деді. Одан кейін аудандық орталық аурухана жаңа ғимаратқа көшті, бұрынғы аурухананың қаншама ғимараты босап қалды. Бірақ ол да музейге берілген жоқ
Талғар қаласындағы «Жаңа» шағын ауданынан аудандық архив мекемесі ғимаратын салуға 0,20 гектар жер бөлініп еді, алайда оған құрылысы біткен басқа ғимарат сатып алынды. Мен дереу сол кездегі аудан әкімі Райхан Садықовадан архив ғимараты үшін бөлінген әлгі жерді тағайындалу мақсатын өзгертіп, музей салу үшін берілуін өтіндім. Ол кісінің аудан үшін жасаған жақсылығының бірі сол – өтінішімді қабыл алды. Сөйтіп, жаңағы жер телімін 2017 жылы тарихи өлкетану музейін салу үшін алдық. Алайда содан бері 7 жыл өтті, мәселе шешімін табар емес.
«Сонда, аудан халқы үшін маңызы зор музей ғимаратын салуға не кедергі?» – деген сұрағымызға Фарида Мамырбекқызы былай деп жауап берді:
– Жаңа нысандар құрылысын аудан өзі реттей алмайды, оған облыстық деңгейде шешім керек. Ал ондағы кейбір жауапты лауазымдағы азаматтар: «Сіздерге Жаңалық ауылынан Қуғын-сүргін құрбандары музейін ашып бердік, сол аздық етіп тұр ма?» деген сыңайда жауап береді. Негізінде бұл екеуі мүлде басқа нәрсе. Оның үстіне Қуғын-сүргін құрбандары музейі Талғар қаласынан 40 шақырымдай қашықтықта орналасқан және онда ауданның, өңірдің тарихына байланысты деректер, экспонаттар мен құнды жәдігерлер жоқ. Аудан орталығына келген қонақ немесе турист оған бара бермейді. Егер орталықта орналасса, онда жөні басқа.
Мысалы кез келген ауданға, облысқа барған адам сол өңірдің тарихы, танымал тұлғалары, экономика, мәдениет, спорт және басқа салалардағы жетістіктерімен танысу үшін өлкетану музейін іздейді. Өйткені ол жерде көптеген мәліметтерге қанығып, тарихи құжаттар, құнды деректермен танысуға болады. Ең бастысы, тарихи өлкетану музейінің жас ұрпаққа білім беріп, олардың бойында туған жерге, елге деген сүйіспеншілік сезімдерін оятып, отаншылдық рухта тәрбиелеудегі орны мен маңызы зор деп санаймын. Түптеп келгенде осының өзі ұлттық идеологияның өзекті мәселесі емес пе? Соған қарамастан тиісті басшылар бұған жете мән бермей отырғаны түсініксіз!», – дейді ол.
Атам қазақ баяғыдан «жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» деген, бірақ бұл мәселені қызметтік міндетім, перзенттік парызым деп көтеріп жүрген жалғыз Фарида Бегенбаева емес. Мұны халықтық өнердің ісмер-шебері, көрнекті кескіндемеші Амандос Ақанаев, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, оншақты поэзия және прозалық кітаптың авторы, «Вершины Талгара» шығармашылық бірлестігінің төрағасы Николай Зайцев, әйгілі археолог Карл Байпақовтың зайыбы Тамара Савельева сияқты ондаған танымал тұлға қаншама жыл бойы жалықпай айтып келеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жариялап, қоғамның белсенді мүшелері осындай маңызды мәселе көтеріп жатқандарына қарамастан, Талғар ауданында тарихи өлкетану музейін ашу жөніндегі түйткілдің түйіні тарқатылар емес. Әйтпесе, музей салу үшін жер телімі 7 жыл бұрын берілген, ауданның экономикасы жыл сайын дамып келеді, сұраныс бар, маңыздылығы өте жоғары.
Сонда не жетіспейді? Біздіңше, екі-ақ нәрсе – ынта мен жауапкершілік! Егер, бұл – идеологиялық тұрғыдан өте өзекті де маңызды мәселе екенін түсініп, оны орындауға деген ынта және халықтың үніне құлақ асу қажет деген жауапкершілік болса, онда түйін баяғыда-ақ тарқатылып, мәселе оң шешімін табар еді!
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ,
Талғар ауданы