Қонаев қаласында «Әкем, анам мен – шынығамыз спортпен» атты облыстық отбасылық жарысы өтті. Оған Алматы облысының аудандары мен қалаларынан мемлекеттік қызметшілердің отбасылары қатысты.
Команда әкесі, анасы және баласынан құралды. Жарыс бағдарламасына 7 эстафета кірді. Әр ойын тартысты өтті. Ал қатысушылар бір-біріне сыйластықпен қарап, адал бәсеке өткізді. Рахымбаевтар отбасы жеңімпаз деп танылды.
Дәстүр бойынша ұйымдастырылатын жарыста алдымен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының өкілдері құттықтау сөз сөйледі.
«Отбасылық жарыстар – жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп жүр. Спортқа жанұяны түгел тарта алу меніңше, үлкен жұмыс. Салауатты өмір салтын насихаттап қана қоймай, отбасы құндылықтарын, отбасы институтын нығайтуға септеседі.
Жүлделі жарысқа қатысушылардың дені жақсы дайындықпен келген. Командалық рух пен физикалық дайындықтары тамаша деңгейде», – дейді Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы олимпиадалық спорт бөлімінің басшысы Ербол Құлжабаев.
Отбасылық сайыста Рахымбаевтар отбасы жеңімпаз атанды. Көшбасшылар өзара көмек пен қолдау кез келген күш сынағында сәттілік әкелетініне сенімді.
«Әр отбасы салауатты өмір салтын ұстануы керек. Ал отбасында салауатты өмір салты болса, биік жетістіктер де болады. Жарыс кезінде тапқырлық, ептілік, күш, жылдамдық пен төзімділік, ерік-жігер сынды қасиеттер шыңдалады. Отбасымызда бәріміз спортшымыз. Жұбайым фитнеспен айналысады. Қызымыз Айлин бала кезден көркем гимнастиканы меңгерген. Өзім футболды жақсы көремін. Жаңа жыл қарсаңында ұйымдастырылған шара бізге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады», – деп атап өтті байқауға қатысушы Дархан Рахымбаев.
Жарыс бағдарламасына барлығы 7 эстафета кірді. Оларға арқанмен секіру, баскетбол, үстел теннисі және жабық хоккей ойнау элементтері бар жаттығулар, сондай-ақ арқан тарту кіреді.