Жаңа жыл қарсаңында Талғар қаласы тұрғындарының қуанышы еселене түсті. Әлеуметтік осал топқа жататын 44 азаматқа заманауи үлгіде салынған көпқабатты үйлерден пәтер кілттері табысталды. Аудан әкімі Таңат Айдарбеков азаматтарды баспаналы болуымен құттықтап, алдағы 2025 жыл табысты, жақсылығы мол жыл болсын деген тілегін жеткізді.
– Қадірлі талғарлықтар, құрметті қонақтар! Бүгін көптен күткен қуанышты сәтке куә болып отырмыз. Жаңа жыл қарсаңында алып жатқан пәтерлеріңіз құтты болсын! Балалардың күлкісі сыңғырлаған жайлы мекенге айналсын! Осында бақуатты өмір сүріп, үлкен жетістіктерге жетулеріңізге, барлық армандарыңыздың орындалуына тілектеспін, – деді Таңат Есенкелдіұлы.
Пәтерге ие болғандардың арасында 93 жастағы Құлжабай Құлшаманов, 90 жастағы Күмісхан Асанбаева сияқты тыл ардагерлері, Рысқұлов ауылындағы Береке мешітінің имамы, еңбек ардагері Кәрібай қажы Иманбайұлы, 15 жылдан аса жетім балаларға қамқоршы болып келе жатқан ІІІ топтағы мүгедек Бақытгүл Тайтиева сияқты зейнеткер апалар, көпбалалы аналар, жарымжан жандар, жас отбасылар да бар.
Әлеуметтік осал топтағы азаматтарды баспанамен қамту жөніндегі республикалық бағдарламаға сәйкес, Талғар қаласында осыдан 13 күн бұрын 50 пәтердің кілті табысталған еді. Енді, міне, тағы 44 тұрғын баспаналы болып отыр. Жалпы аудан бойынша әкімдік осы мақсатта 250 пәтер сатып алған. Бүгінгі күнге 94 пәтер өз иелерін тапты. Қалған 156 пәтер де дайын болуына қарай алдағы айларда тапсырылатын болады. Бұл – пәтер кезегінде тұрған ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жетім және мүгедектігі бар балалар, көпбалалы отбасылар, жалғызбасты жандар сияқты әлеуметтік осал топтағы азаматтардың санын бірте-бірте азайтып, осы өткір мәселенің шешілуіне ықпал етпек.
Аудан әкімінің орынбасары Оразхан Қаспақбаевтың айтуынша, қазір әртүрлі санаттар бойынша 10 мыңдай азамат үй кезегінде тұр. Экономика дамыған сайын бұл көрсеткіш жыл санап кеміп келеді.
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ
Талғар ауданы