Жамбыл ауданында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған екі мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Аудандағы ең ірі елдімекен саналатын Ұзынағаш пен Қарғалыда тұрғындар саны күн санап артып, соған байланысты мұнда үшауысымды мектеп мәселесі өзекті болып келген еді. Қос ауылда сәні мен салтанаты келіскен заманауи білім орындарының ашылуына облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым мен аудан әкімі Нұрлан Ертас қатысып, тұрғындардың көптен күткен қуанышына ортақтасты.
Нұрлан Ерғалиұлы Ұзынағаш ауылының №2 орта мектебінің ашылу салтанатында мұғалімдер мен ата-аналарды су жаңа білім ұясының ел игілігіне берілуімен құттықтады. Лебізін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Біз Қазақстандағы барлық балалардың бақытты болашағын қамтамасыз етуіміз керек» деген сөзінен бастады. Балалардың толыққанды білім алуы үшін елімізде үшауысымды мектептер мәселесін шешу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар жайлы айтып, бұл бағытта өңірдегі қолға алынған ілкімді істерге тоқталды. Барлық керек-жарақпен қамтамасыз етілген жайлы мектепте оқыған оқушылардың сапалы білім мен саналы тәрбие алып шығатынына сенім білдірді. Бірегей нысанды қысқа мерзімде салып бітірген мердігер мекеменің жетекшілері мен жұмыскерлерін облыс әкімдігінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хатпен марапаттады.
Салтанатты шарада құрылысты жүргізген «BI Global» компаниясына қарасты «Промкомплект-Б» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Айтбай Әбенов ғимараттың нышан кілтін мектеп директорының міндетін атқарушы Қуаныш Тілеуқұловқа табыстады. Ардагер-ұстаз Жұмағыз Сыдықова сөз алып, аудан орталығында үшауысымды оқу мәселесін шешуде жасалған нақты қадамға орай тұрғындардың ризашылығын білдірді.
Бұл – Жамбыл ауданында «Жайлы мектеп» жобасымен салынған алғашқы білім шаңырағы. Ғимараты үш қабатты, 1500 орынға арналған, бірнеше корпустан тұрады. «Samruk-Kazyna Construction» акционерлік қоғамының тапсырысы бойынша құрылысын «BI Global» құрылыс компаниясы жүзеге асырған. Жобаның құны – 9,5 млрд теңге. Нысанның мердігері – «Промкомплект-Б» ЖШС, ал жобалаушы мекеме – «Aqmol project» ЖШС. Сәулетті ғимарат аудан орталығына кіреберіс жолға жақын, 3 гектар жерге орналасқан. Мектеп ішіне керекті жиһаздар орнатылып, сыртында абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары аяқталды.
Тұрғындар саны 30 мыңға жуықтаған Қарғалы ауылында да сол күні дәл осындай салтанатты шара өтті. Облыс әкімінің бірінші орынбасары мен аудан басшысы бастаған құрметті қонақтар «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша бой көтерген екінші мектептің де ашылуына қатысты. «Қарғалы ауылының №1 мектеп-лицейі» деп аталатын білім шаңырағы 900 орынға шақталған, 3 қабатты, бірнеше корпустан тұрады. Жоба құны – 6647,8 млн теңге. Нысанның жалпы алаңы – 2,56 гектар. Бұған да тапсырыс беруші «Samruk-Kazyna Construction» акционерлік қоғамы, ал мердігері «Еламан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, жобалаушы мекемесі – «Арс-лтд» ЖШС.
Мұндағы мектеп ішіне де керекті жиһаздар орнатылып, сыртына абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүргізілген. Үлкен спорт залында өткен жиында ардагер-ұстаз, әрі ауыл тұрғыны Төлегетай Ақбауов сөз алып, бүгінгі шара тұрғындардың көптен күткен қуанышы екенін, бұған дейін балалары алыс мектептерге үш ауысыммен қатынап оқыған қарғалылықтардың ризашылығын жеткізді. Жаңа мектеп-лицейдің педагогикалық ұжымына жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру ісінде сәттілік тіледі. Білім ұясы директорының міндетін атқарушы Оксана Әсімханова тәжірибесі бай білікті басшы, бұған дейін Үмбетәлі Кәрібаев атындағы орта мектепті басқарған.
Құрметті қонақтар жаңа ғимараттың ішін аралап, сынып бөлмелерін, спорт залдарын көріп, пән мұғалімдерімен тілдесті. Мұндағы физика, химия, биология пәндеріне арналған бөлмелер, үлкен жиынжай, жасөспірімдер мен ересек балаларға арналған үш спортзал, еңбек сабағына арналған бөлмелер, логопед, психолог мамандары жұмыс істейтін кабинеттер оқу жылының үшінші тоқсанына сақадай-сай.
Осылайша, халық саны артып келе жатқан аудан орталығы мен жақын маңдағы ауылдарда үшауысымды мектеп мәселесі біртіндеп шешімін тауып келеді.
Серік САТЫБАЛДИЕВ,
Жамбыл ауданы