Райымбек ауданында ескі мен жаңа жылдың тоғысында жан жадыратар жақсылықтардың қатары тағы бір жайдарман жаңалықпен толықты. Атап айтқанда, аудан орталығынан «Отбасын қолдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі ашылды.
Орталықтың мақсаты халықтың әлеуметтік жағдайына қатысты шешімін күткен мәселелерді жүзеге асыруға бағытталған. Өмірде қиын жағдайға тап болған отбасылар, тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген, заңгерлік және психологиялық қызметке мұқтаж, мүгедектігі бар азаматтар, буллингке тап болған жасөспірімдер ендігі жерде осы мекеменің көмегіне жүгінеді. Оларға психологиялық қолдау, заңгерлік кеңес, жұмысқа орналастыру, алимент алуға жәрдемдесу және мемлекеттік қолдау шаралары орталықтың ақпараттық және ұйымдастырушылық қызметтері арқылы жүзеге асырылады. Еңбек орны директор, заңгер, психолог, әлеуметтік жұмыс жөніндегі маман, кеңесші маман, медиациялық маман, құрылымдық бөлім басшысы, жай жұмыскерлері болып 13 штаттық бірлікпен қамтамасыз етілген.
Отбасын қолдау орталығының ашылу салтанатына ауыл әкімдері, аудан орталығындағы барлық мекеме, ұйым басшылары, қоғамдық ұйым өкілдері жиналып, қуанышқа ортақтасты. Аудан әкімі Берік Дүйсенбаев, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Айгүл Ахметова құттықтау сөз сөйлеп, ыстық ықыластарын жеткізді. Жаңа еңбек орнының болашағына сәттілік, мамандардың еңбектеріне жетістік тіледі.
Айта кету керек, орталық ғимараты осыдан ширек ғасыр бұрын Нарынқол ауданының қаржылық және жинақ банкі болып, халыққа қызмет көрсеткен еді. Аталған еңбек орындары жабылған соң, иесіз қалған нысанды кейбір мекемелер уақытша пайдаланып келген. Биыл жаздан бастап ғимаратты өз иелігіне алған аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің қызметкерлері Отбасын қолдау орталығына лайықтап, бастан-аяқ қайта жасап шыққан. Мұндағы атаулы қызмет түрлеріне арналған бөлмелердің бәрі бүгінгі заман талабына толық жауап бере алады. Қажетті жиһаздармен, компьютермен, электронды қызмет түрлеріне арналған қондырғылармен толық қамтамасыз етілген. Жаңа жыл қарсаңында ашылып отырған жаңа еңбек орнының қадамына сәттілік тілейміз!
Жұмабек ТҰРДИЕВ
Райымбек ауданы