Облысымызда жыл басынан бері әр салада көптеген іс атқарылды. Соның бірі – жол саласы. Оның ішіне жолдардың күтіп-бапталуы, ақауларының жөнделуі, тазалығы сынды бірқатар қызмет кіреді. Біздің сөз еткелі отырғанымыз – жол сапасының тексерілуі жайы. Бұл қызметті «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» атты шаруашылық жүргізу құқығы бар республикалық мемлекеттік кәсіпорны жүзеге асырады. Аталған заңды тұлға 2019 жылы еліміздің 16 өңіріндегі «Облжоллаборатория» республикалық мемлекеттік мекемелерін біріктіру жолымен құрылды.
«Облжоллаборатория» мекемесінің алдына қойған мақсаты – автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау, жөндеу және күтіп ұстау кезіндегі жұмыстар мен материалдардың сапасына сараптама жасау, сондай-ақ жол активтерін басқару. Басқаша айтқанда, егер бұрын облыстық зертханалар республикалық жолдардың сапасын тексеріп, оның кемшіліктерімен күрескен болса, ендігі құрылған орталық барлық, жалпыға ортақ пайдаланатын жолдарды, оның ішінде жергілікті автомобиль жолдарын да тексеруді қамтиды.
Осы мақсатта кәсіпорынға мынадай қызмет түрлерін жүзеге асыру жүктелген. Атап айтқанда, жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарындағы және елдімекендер мен қала көшелеріндегі жұмыстар мен материалдардың сапасына сараптама жасау, жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарын орташа деңгейде жөндеуге ведомстволық сараптама жасау, автомобиль жолдарын диагностикалау және аспаптық тексеру жүргізу, халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарындағы жол-көлік инфрақұрылымы қауіпсіздігінің мониторингін жүргізу, жаңа технологияларды енгізу және тәжірибелік учаскелерді сүйемелдеу қызметі енгізілген.
Осы ретте атқарылған істерге тоқталар болсақ, биылғы жылдың тамыз айына дейінгі уақыт ішінде облысты басып өтетін республикалық жолдардан 550 сынама алынып, оның 8-і талапқа сәйкес келмейтіні мәлім болған. Анықталған 149 ақаудың, 40-ы жойылмаған. Ал облыстық маңызы бар жолдардан 414 сынама алынып, оның 135-і талапқа сай емес болып шыққан. Ақаулар саны 20 болса, 19-ы жойылмаған. Әрине, бұл көрсеткіштер – жарты жыл бұрынғы деректер. Әзірге қолымыз жеткен мәлімет осы ғана. Алдағы уақытта жаңартылған мәліметтер бойынша да арнайы материал әзірленбек. Ендігі әңгімені жол сапасының қалай тексеріліп, сынаманың алынғанынан бастап, зертханада тексерістен қалай өтетініне тоқталсақ. Жолды тексеру белгіленген регламентке және кесте-жоспарға сәйкес жүргізіледі. Инженер жолдың жағдайын, геометриялық параметрлерін, жасанды құрамаларды және жол белгілерін арнайы құрылғылар арқылы тексереді және сынамалар алады. Сынамаларды KazRoadLab бағдарламасына енгізіп, зертханаға алып келеді. Әкелгеннен кейін ол сынамалар зертханада тексеріліп, тиісті нұсқамалар көрсетілген хаттамасы тапсырыс берушіге және мердігерге жолданады.
«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» ШЖҚ РМК Алматы облысы бойынша филиалының директоры Ержан Жасыбаев: «Біз сынамаларды алып, тексеріп береміз. Оның консистенциясы, қалыңдығы, тығыздығы, беріктігі – оның бәрі жоба бойынша. Тапсырыс берушімен келісім бар. Олар тапсырыс береді, біз шығамыз да жолдың тиісті бөлігін қазып, сынамасын алып келеміз де, химиясын, физикасын, суының, қоспаларының қанықтығын, ақауға әсер ететін факторларды осы жерде анықтаймыз. Бір ескертетін нәрсе – облыстық маңызға ие жерге облыстық әкімдік, аудандық маңыздағы жолға аудан басшылығы қарайды. Ал республикалық жолға жауапты – «ҚазАвтоЖол». Ал біз «ҚазАвтоЖолмен» тікелей жұмыс істейміз. Бізде жол бойының қандай да бір жерінде ақаудың пайда болуын анықтайтын арнаулы аппараттар бар. Жолды пайдалану барысында пайда болған ақауларға біз жауап бермейміз. Оны мердігер және облыс болса облыс, аудан болса аудан әкімдігі қарап, қадағалап отырады. Басқаша айтқанда, комиссиялық тұрғыдан қарайды да, жыл аяғында мердігерге хабарласып, анықталған ақауларды тізімдеп көрсетіп, жою керектігін ескертеді», – деді.
Мекеме басшысының айтуынша, құрылғылар мен зерттеу жүргізуге қажетті құрал-жабдықтар жақсы жағдайда, тексеру жүргізетін құралдар мен аспаптар заманауи және толық жабдықталып, жарақтандырылған. Асфальт төсемесінің жолтабанын анықтауға арналған құрылғы мен арнайы микроскоп қолданыста бар. Жалпы, бұл заманауи құрылғылармен елімізде санаулы зертханалар ғана жабдықталған. Сөз соңында асфальтқа қажетті материалдардың қайдан келетініне және олардың сапасына тоқталып өтейік. Қажетті материалдар кен орындарынан және битум зауыттарынан алынады. Олар да зерттеуден өтпей, өндіріске, пайдалануға жіберілмейді. Бүгінгі таңда еліміздің жолдарына пайдаланылып жүрген 4 битум зауыты бар. Атап көрсетер болсақ, Каспи битум, Қазақбитум, ПМХЗ және Асфальтобетон-1. Бұл зауыттардың әрқайсысынан шығатын битумның сапалық жағдайы маркасына қарай әртүрлі болып келеді. Бүгінгі күні инфрақұрылымның дамуына, жолға түсетін салмақ жүктемесінің артуына байланысты битумға арнайы модификаторлар қосу арқылы оның сапасын арттыру жүзеге асырылып жатыр.
Атқарар шаруа баршылық. Әзірге мекеме атына айтылған сын-ескертпелер жоқ. Үнемі пайдалануда болғандықтан, жолдың тексеріліп отырылуы да кешіктіруді күтпейтін іс. Демек, мекеме қарбаласы толастамақ емес.
Бейбіт МЕКЕЕВ