Қазақстан халқының саны 70 пайыздан астамын қазақ ұлты, 30 пайызға жуығын өзге этнос өкілдері құрайды. Елімізді мекендеген осы этнос өкілдері мемлекетті құраушы халықпен бірге тату-тәтті ғұмыр кешуде. Ел бірлігін сақтап, қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге Қазақстан халқы Ассамблеясы да сүбелі үлес қосып келеді.
Бұл құрылым этностар арасында ажырамас ынтымақ жібін жалғап қана қоймай, қайырымдылықпен де айналысады. Мұндай шаралардың халқымызды біріктіріп, ел мүддесі жолында өзара ынтымақтасуға бастайтыны анық. Осындай игі іске облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы да шама-шарқынша атсалысуда. Қонаев қалалық Мәдениет үйінде өткен қайырымдылық шыршасы – соның бір айғағы.
Этномәдени бірлестіктердің балаларына арналған шырша мерекесін Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы «Қазақстан орыс, славян және казак ұйымдарының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің облыстық филиалы ұйымдастырды. Шараның мақсаты – Қазақстан халқының бірлігін сақтау, еліміздің алуан түрлі мәдени ерекшеліктерін, мәдениетін, дәстүрін дамыту, азаматтық бірегейлікті нығайту. Шырша тойына көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балалары қатысты.
Шара барысында Қонаев қаласындағы «Меруерт» өнер мектебінің өнерпаз шәкірттері өз өнерлерін ортаға салды. Түрлі кейіпкердің өнерлеріне тәнті болған балалардың шат күлкілері жанға шуақ шашып, ертегі әлеміне кіргендей күй кештіргендей әсер қалдырды. Әртүрлі ойындар ойнатылып, әсем әндер шырқалып, көз тартар көрініске толы қойылымдар қойылды. Сәнді киініп, түрлі аңдар мен ертегі және мультфильм кейіпкерлерінің кейпіне енген балдырғандар өздерін көп күттіріп жеткен Жаңа жылдың бас кейіпкерлері саналатын Аяз ата мен Ақшақарды қарсы алған балалар бал тілдерімен шырқалған әндерге қосылып, би билеп, ерекше бір сезімге бөленді.
Шырша тойы мәресіне жеткен тұста қатысушы балаларға «Қазақстан орыс, славян және казак ұйымдарының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің облыстық филиалы тарапынан дайындалған сыйлықтар үлестірілді.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ