Талғар қаласындағы №25 мектепте ұйымдастырылған аудан әкімінің жаңажылдық шыршасына балалар үйі мен интернаттарда тәрбиеленіп жатқан жеткіншектер мен мүмкіндігі шектеулі балалар қатысты.
Қонақтарды қаладағы өнер мектебінің скрипкашылар оркестрі қарсы алды. Шараға келген әрбір жан ертегі әлеміне еніп кеткендей әсер алғаны сөзсіз. Мерекелік кеш «Жаңа жыл» атты әуезді әуенмен басталды. Сахнаға ертегі кейіпкері Алдар көсе шығып, кішкентай көрермендерді күлкіге қарық қылды. Көпшілікті мерекемен құттықтау үшін алғашқы сөз аудан әкімі Таңат Айдарбековке берілді.
– Жаңа жыл шыршасы бәріміздің басымызды қосып, балаларға ұмытылмас шаттық сыйлап жатыр. Қазір ауданымызда екі мыңдай ерекше қамқорлыққа мұқтаж бала бар. Біз оларды ешқашан назардан тыс қалдырмаймыз. Жас ұрпақтың болашағы жарқын болсын. Әр күндері шаттыққа толып, армандары орындалсын! – деп кеш қатысушыларына ізгі тілегін жеткізді.
Әрі қарай қалыптасқан дәстүр бойынша аудан басшысы өз қолымен жаңа жыл шыршасын жағып, періште көңіл балаларды шынайы қуанышқа бөледі. Алдар көсе мен Аяз ата, Қаршақыз және басқа ертегі кейіпкерлері сыйлықтар табыстап, құттықтауларын жолдады.
Осылайша Талғар ауданы әкімінің жаңажылдық шыршасы өте тамаша және қызықты өтіп, қамқорлыққа мұқтаж балаларға естен кетпес бақытты сәт сыйлады.
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ,
Талғар ауданы