Биыл облысымыздың әлеуметтік және экономикалық көрсеткіші артып, негізгі салаларда оң динамика сақталды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алға қойған міндеттері аймақта сәтімен жүзеге асып, өңір экономикасының өсімі 6 пайыздан асты.
Қабылданған оң шешімдердің нәтижесінде желтоқсан айына дейін облыстың экономикалық өсімі тұрақты түрде артып отырған. Атап айтқанда, өнеркәсіп өндірісінің көлемі – 6,9 пайызға, сауда – 13,2 пайызға, құрылыс – 20,6 пайызға, көлік қызметі 20,6 пайызға өскен. Әсіресе өнеркәсіптік өндіріс тың серпінмен алға жылжып келеді. Анығын айтсақ, құны 1,5 трлн теңгеден астам өнім өндірген өнеркәсіптік өндірістің шамамен 90 пайызы өңдеу секторына жатады.
Бүгінде кәсіпкерлік қарқынды дамып келеді. Жалпы шағын және орта бизнестің үлесі үш мегаполистен кейін 45 пайыз көрсеткішпен, елімізде 4-орынды иеленді. Осы жылдың 10 айында жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілердің саны 4,7 пайызға артып, 143 мыңға жетті. Онда еңбекке қабілетті 247 мыңға жуық адам немесе облыстың әрбір үшінші экономикалық белсенді тұрғыны осы салада жұмыспен қамтылған. Жыл басынан бері олар 1,6 трлн теңгенің өнімін өндіріп, бюджетке 188 млрд теңге түсім берген.
Өңір экономикасының қарқынды дамуына мол инвестиция тарту оң әсер етті. Биыл облысқа 778 млрд теңге инвестиция тартылып, көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 22,5 пайызға өсті. Облыстағы экспорт географиясының кеңеюін аймақтың экономикалық дамуындағы маңызды жетістік деп бағалауға болады. Бүгінде облысымыз 63 елге өнім экспорттаса, оның 90 пайызы өңделген өнім. Өткен жылмен салыстырғанда экспорт көлемі $565 млн-нан $581 млн-ға дейін өскен.
Аймақта құрылыс та қарқынды жүргізілуде. Бүгінде облыс аумағында 469 бюджеттік, 561 коммерциялық нысан салынуда. Биылғы жылдың қараша айына дейін жалпы көлемі 861,5 мың шаршы метрді құрайтын тұрғын үй пайдалануға беріліп, 2922 отбасы баспанамен қамтамасыз етілді. Бұл өңірдегі тұрғын үй мәселесін шешуге айтарлықтай мүмкіндік берді.
Қазір облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы Еңбек мобилдігі орталығымен бірлесіп, халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын тиімді жүзеге асыруда. Облыс әкімдігінің ақпаратына сүйенсек, жұмыс орындарын құрудың өңірлік картасы аясында жыл басынан бері 59 мың жұмыс орны ашылған. Оның ішінде 34 мың адам жұмысқа тартылған. Бұған қоса, бизнес-идеяларды іске асыру үшін әлеуметтік осал санаттағы 259 адам 400 айлық есептік көрсеткішке дейін грант алып, өз ісін ашқан. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша отбасының цифрлық картасы іске қосылып, 487,6 мың отбасы тіркелген. Сонымен қоса, 66,5 мың отбасындағы 352,2 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. Биыл осы мақсатқа бюджеттен 60,8 млрд теңге қарастырылған. Қысқасы биыл облысымызда негізгі секторлар белсенді дамып, экспорттық көрсеткіштер жақсарды. Сонымен қоса, бизнес пен инвесторлар үшін жаңа мүмкіндіктер қарастырылып, экономикалық өсімге сенімді қадам жасалды.
Ерзат АСЫЛ