Ата-ананың бала алдындағы жауапкершілігі өте жоғары. Мұны бәріміз жақсы білеміз. Елдің ертеңі деген жасөспірімдерді бақылау, дұрыс тәрбие беру жалпы қоғамның ортақ міндетіне айналды. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген Мұхтар Әуезовтің даналық сөзінің маңызы бұрынғыдан да арта түскендей. Осы орайда біздің бүгінгі кейіпкеріміз – «Өркен» балалардың әл-ауқатын арттыру ұлттық ғылыми практикалық институтының жетекші ғылыми қызметкері, сарапшы, психолог-маман Сағым Нағашыбаева балалар арасындағы өз-өзіне қол жұмсауға ықпал ететін себептер туралы әңгімелеп берді.
– Сағым Көпбайқызы, соңғы уақытта балалар суицидінің белең алып бара жатқанына не себеп деп ойлайсыз?
– Елімізде балалар арасындағы өзіне-өзі қол жұмсау дерегі көбеймесе азаймай тұр. Өзіне-өзі қол жұмсаудың бірнеше факторы бар. Біріншіден, психикалық денсаулық мәселелері, депрессия, мазасыздық және басқа аурулар балалардың эмоциялық күйіне теріс әсер етеді. Одан бөлек, отбасылық қиындықтар, қарым-қатынастар, ажырасу немесе зорлық-зомбылық балаларға ауыр тиеді. Білім берудегі проблемалар, мектептегі зорлық-зомбылық немесе академиялық қысымды айта кетсек болады. Достық қарым-қатынастың болмауы немесе әлеуметтік қолдаудың жеткіліксіздігі балаларды жалғыздық сезіміне ұшыратуы мүмкін. Сонымен қатар әлеуметтік желілер мен медиадағы ақпарат балалардың психологиялық күйіне тікелей қатысты. Кәмелеттік жасқа толмаған жеткіншектер күрделі жағдайларға (мысалы, зорлық-зомбылық, жыныстық эксплуатация) тап болып жатады. Бұл да жасөспірімдердің ақылын бұзады. Осы себептерді түсіну және алдын алу шараларын қабылдау өте маңызды. Балалар мен жеткіншектердің эмоциялық жағдайын бақылап, қолдау көрсету қажет.
– Балалардың өз-өзіне қол жұмсауына әсер етер нақты факторлар бар ма?
– Өмірдегі ең қымбат құндылықтың мәнін жоғалту – адамның ішкі болмысына жасалған жауыздығы. Суицидке көбіне-көп рухани әлсіз, психикалық тұрғыдан тұрақсыз адамдар шалдығады. Күнделікті күйзеліс, қысым адамға әсер етеді. Суицидтік әрекетке ұшыраудың нақты факторлары – болашаққа шарасыздықпен қарау, арман-мақсаттың болмауы, өмірден түңілу, әлеуметтік қолайсыздық, қоғамнан оқшаулану һәм шеттетілу. Бұл дегеніңіз – қоршаған ортамен қарым-қатынасқа түсуден қашу. Ата-ана тарапынан балаға тиісті көңіл бөлінбеуі, мейірімсіздік, қаталдық көрсету, отбасындағы қаржылық проблемалар немесе тұрмыстық жағдайлардың нашарлауы – осы факторларды тереңірек зерттеп, балаларға психологиялық қолдау көрсету өте маңызды деп санаймын. Әлемде жыл сайын 720 мыңнан астам адам өз-өзіне қол жұмсайтын көрінеді. Бұл статистика – 15 пен 29 жас аралығындағы адамдар өлімінің үшінші себебі. Әлемдегі өзін-өзі өлтірудің жетпіс үш пайызы табысы төмен және орташа елдерде орын алады. Жеткіншектер арасындағы өзіне-өзі қол жұмсаушылар 31,6%-ға, әрекет жасағандар 21,7%-ға өскені байқалады. Халықаралық ұйымдардың мәліметінше, Қазақстан суицид бойынша 178 елдің тізімінде 19-орында тұр. Өзіне-өзі қол салушылар үлесі 100 мың адамға шаққанда 17 адамға тең. Қысқаша айтқанда, күніне 10 адам өз-өзіне қол салады екен. Дегенмен сала мамандары статистика жақсарып келе жатқанын айтады. Бірақ аталған статистика дамыған елдерде ғана қуантарлық.
– Бұл дертпен күресу әрі оның алдын алу үшін не істеу керек?
– Қазіргі біздің қоғамда суицидке баратындар – өмірдің мәнін іздеп, ақыр соңында таппаған жастар. Суицидке қарсы тұратын факторлар – рухани тұрғыда қайта жаңғыру, тәлім-тәрбиелік құндылықтарды оқып, түсіну, психикалық тұрақтылық, кез келген жағдайға бейімделе білу, өмірлік құндылықтарды ескеру, өмір сүруге құштарлық, суицидтік ойлардың күнә екенін сезіну мен діни сенім деңгейінің жоғарылығы. Бұлар адамның психологиялық қорғанысын нығайтады. Өзіне жақын тұлғалардың айырықша құрметі, аманат пен жауапкершілікті сезіну, өзіне зақым келтіруден қорқу, денсаулығына мән беру, шығармашылық һәм өмірлік жоспар құру тұлғаны жаман ойдан арылтады.
Күйзелістен құтылудың жолын қарастыру қажет. Біреу мақтаса, мейлі әлдекімнен ауыр сөз естісе де, оны жүрекке жақын қабылдамау жеткіншекті бұл бағытта шыңдай түседі. Балалар мен жасөспірімдер арасында суицидтің алдын алу үшін түрлі шараларды қабылдау қажет. Психологтер мен психотерапевттердің қызметтерін пайдалану маңызды. Мектептерде психологиялық консультациялар ұйымдастырып, отбасыларға психологиялық білім беру, қарым-қатынас дағдыларын дамыту және отбасы ішіндегі мәселелерді шешуге көмектесу керек. Мектептерде суицидтің алдын алу үшін психикалық денсаулық және эмоциялық интеллект туралы оқу бағдарламаларын енгізген жөн. Балалардың эмоциялық күйін бақылау, олардың мінез ерекшеліктеріндегі өзгерістерге назар аудару, достық қарым-қатынастарды дамыту, балалар мен жеткіншектердің әлеуметтік шеңберін кеңейту, балаларды және ата-аналарды әлеуметтік медиаконтенттің әсері туралы оқыту сияқты қадамдар да аса қажетті дүние.
– Балалар арасындағы өзіне-өзі қол жұмсау әрекетінің өршуіне кім кінәлі? Ата-ана, қоғам, әлде әлеуметтік желі ме? Сіздің ойыңыз қандай?
– Балалар арасындағы өзіне-өзі қол жұмсау деректеріне бірнеше фактор әсер етеді. Сондықтан бір жақты кінәлауға болмайды. Бұл күрделі мәселе әртүрлі деңгейде қарастырылуы қажет. Отбасындағы қолдау, қарым-қатынас және отбасы тәрбиесі үлкен рөл атқарады. Ата-аналардың балалармен ашық сөйлесуі, олардың эмоцияларына назар аударуы маңызды. Әлеуметтік орта, мәдени құндылықтар және қоғамдағы психикалық денсаулыққа қатысты стереотиптер балалардың өздерін қалай сезінетініне әсер етеді. Мектептегі зорлық-зомбылық, қысым және әлеуметтік оқшаулануға жол бермеу керек. Әлеуметтік желідегі контент, әсіресе теріс немесе зиянды образдар, балалардың психикалық денсаулығына ықпал етеді. Осылайша, суицидтің алдын алу үшін бәріміздің қоғамдық жауапкершілігіміз бар.
– Баламен психологиялық жұмысты қалай жүргізу керек?
– Зорлық-зомбылық контенті, яғни зорлық-зомбылықты, өзін-өзі жарақаттауды немесе өзіне-өзі қол жұмсауға итермелейтін материалдар жариялайтын платформаларды, теріс бағыттағы сайт, желілерді шектеу керек. Артық салмақ тастау, сұлулық стандарттары немесе өзін-өзі теріс бағалау туралы посттарды насихаттайтын әлеуметтік желілерге шектеу енгізу қажет. Балалардың әлеуметтік желілердегі әрекетін бақылау, қажет болса, конфиденциалды есептерді қарау да маңызды.
Әлеуметтік желілерде өткізілетін уақытты шектеу – кезек күттірмейтін мәселе. Мысалы, әр адам күніне желіде 1-2 сағаттан артық отырмағаны абзалырақ. Баламен эмоция, проблемалар туралы ашық сөйлесу керек. Олардың сезімін аңдап, құрметтеуге, стресс пен мазасыздықты басқару әдістерін үйретуге тиіспіз. Айталық, медитация, тыныс алу жаттығулары үлкен рөлге ие. Сурет салу, жазу немесе музыка сияқты шығармашылық іс-әрекеттер арқылы өзін-өзі көрсетуге мүмкіндік беру, балаларға достық қарым-қатынастарды дамыту, командалық жұмыс және қиын жағдайларда қарым-қатынас жасау дағдыларын үйрету игі іс болып саналады. Отбасымен бірге өткізілетін уақытты көбейтуге, ортақ әрекеттер жасауға міндеттіміз. Осы шаралар балалардың психикалық денсаулығын нығайтуға және әлеуметтік желілердің теріс әсерлерінен қорғай алады.
– Бүгінгі сұхбатымызды немен түйіндер едіңіз?
– Әрине, шаңырақта мектеп жасында оқитын ұлы, қызы бар ата-аналар көз қарашықтарының әр басқан қадамын барынша қадағалауы қажет. Балалардың әр күнгі көңіл-күйіне зер салып отырғанның артықтығы жоқ. Сабақтан тыс мезгілде үйде болмаса, қайда жүргенін біліп отыру маңызды. Ал кешкілік, түн мезгілінде барған жерінен кешіксе, хабарсыз кетсе, жедел іздестірген абзал. Қазір өңірлерде психикалық денсаулық орталықтары бар. Онда сенім телефондары жұмыс істейді. Мысалы, Алматы облысындағы 8 (727) 370-10-68, 8 702 578 47 44 деген сенім телефондарына кез келген уақытта хабарласып, жаман әрекеттің жолын кесіп, алдын алуға, суицидті болдырмау бойынша кеңес сұрауға мол мүмкіндік қарастырылған.
Қоғамда болып жатқан келеңсіз оқиғалар ата-аналарды енжарлықтан, немқұрайдылықтан арылуды талап етеді. Өзімізге жанымыз ашыса, жауапкершілік танытсақ, аялап өсірген, үкілеп, үміт күтіп жүрген балаларымыз жамандықтан аулақ болады.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан – Индира БІРЖАНСАЛ