Адамзаттың бәрін бауырым деп сүйген, ел-жұртының мүддесі үшін өмірдің суығына тоңып, ыстығына күйген, жарық дүниеде соңына сәулелі із қалдырған адамның есімі ұмытылмайды. Кеген өңірінің, оның ішінде қаржы саласына бедерлі сүрлеуін салған Әкіш Сұлтанбаевтың ғибратты ғұмыры қай жағынан алып қарасақ та өнегеге толы, сабақ болар сәттері мол. Талай игі істерге ұйытқы болған ардақты азаматтың өмір өрнегіне зер салайық.
Ол 1932 жылы Кеген ауданы Жалағаш ауылында туған. Балалық шағы Екінші дүниежүзілік соғыстың сұрапыл жылдарымен тұспа-тұс келді. Жоқшылық пен қиыншылықты көріп өсті. Қабырғасы қатпай жатып еңбекке ерте араласты. Анасы мен ағасы үшеуі ұжымшардың қойын бақты.
Жалағаш қазақ орта мектебін бітірген соң Алматы қаласындағы қаржы-кредит техникумына қабылданып, 1953 жылы қаржыгер мамандығын алып шықты. Жалындап тұрған жас маман Шелек аудандық мемлекеттік сақтандыру мекемесіне инспектор болып қызмет істеп жүргенде әскерге шақырылады. 1955-1957 жылға дейін азаматтық борышын абыроймен өтеп келіп, Гуля есімді ақылы көркіне сай қызбен отбасын құрады.
Қай істің болсын көзін тапқан білікті маман 1960 жылдан бастап аудандық қаржы бөлімінде аға инспектор, бас есепші қызметтерін жауапкершілікпен атқара жүріп, Алматыдағы халық шаруашылығы институтының сырттай бөлімін бітіріп шығады. Оның бойындағы адалдық пен туралық, мақсаткерлік пен іскерлік қасиеттер абыройын өсірді, мемлекеттік істің маңызын жете түсінді, ел-жұртының мүддесін ойлады, шар болаттай шыңдалды. 1967 жылы Кеген аудандық қаржы бөлімінің меңгерушілігіне тағайындалып, осы салада ұзақ жыл еңбек етті.
Білікті қаржыгер Әкіш Сұлтанбаев «Ерен еңбегі үшін» және «Еңбек ардагері» медальдарымен марапатталды. «Қаржы қызметінің үздігі» деген атқа ие болды. 2008 жылы Райымбек ауданының Құрметті азаматы атанды. Соғыс кезінде еңбек майданының қатысушысы болған Әкіш Сұлтанбаевтың есімі Кеген ауылындағы мемориалдық тақтаға жазылған. Бірнеше рет аудандық кеңестің депутаты болып сайланды.
Әкіш Сұлтанбаевтың жары Гуля Юнусқызы Жалағаш ауылында «Райпотребсоюз» мекемесінде есепші болып жұмыс істеген. Кейін аудан орталығы Кегенге қоныс аударып, абыройлы еңбек етіп, зейнетке шықты. Ата-ана атына кір келтірмей, балаларының амандығын тіледі. Артында қалған ұрпақтары өсіп-өніп, балалы-шағалы болып, өрістерін кеңейтті.
– Жүсіп Баласағұн бабамыздың: «Тірі өледі, жер қойнында жатады, Із қалады, болса жақсы атағы» деген өлең жолдары әкем сияқты қадірлі жандарға арналғандай. Бүгінде арамызда болмаса да, оның ел үшін атқарған ізгі істері мен жасаған жақсылықтарын ешқашан ұмытпайыз, – дейді Гулфа Әкішқызы.
Әкіш Сұлтанбаевпен бірге істеген әріптестері де ол кісінің ерен еңбегін емірене еске алады.
– Әкіш аға сияқты қаржы саласының қыр-сырын жетік меңгерген білімді де мәдениеті адаммен әңгімелесудің өзі бір ғанибет еді. Ол кісі өз саласын ғана емес, ел шежіресін де терең білетін. Аудан экономикасы мен халықтың әл-ауқатын көтеруде ел-жұрты айта жүретіндей үлкен істер атқарды. Турашыл, әділетсіздік пен қиянатшылыққа қарсы, өзінің пікірі мен ұсыныс-жобаларын аудан басшыларына орындата білген айтулы азамат ретінде аудан халқының есінде қалды. Сол еңбектерін ескере отырып, Кеген ауылындағы бір көшеге Әкіш ағамыздың есімі берілсе өте дұрыс болар еді, – дейді Райымбек ауданының Құрметті азаматы, заңгер А.Сатыбалдиев.
Бұл ұсынысты ол кісінің көзін көріп, тәлімін алғандар бірауыздан қолдайды. Жергілікті жұрт құрмет тұтқан Әкіш Сұлтанбаевтың соңында сөнбейтін шырақ, өшпейтін із қалды.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы