Мәслихат пен әкімдік – жергілікті биліктің қос тармағы. Өңірдің дамуына бірлесіп ықпал етуімен ерекшеленеді. Барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІ республикалық форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мәслихаттар – жергілікті өзін-өзі басқару жүйесіндегі негізгі тетіктер», – деп атап көрсетті. Еліміздегі саяси реформалар оң нәтижелер бере бастады. Демократиялық бағытқа жасалған батыл бетбұрыстар соның дәлелі. Осыған орай облыстық мәслихаттың төрағасы Қуат Байғожаев мырзамен әңгімелескен едік. Ортаға салған ойлардан көп нәрсені аңғардық.
– Қуат Сұлтанұлы, әңгеміміздің әлқиссасын депутаттардың мәртебесінен бастасақ. Осы ұғымды сөз еткенде, қандай ерекшеліктерге мән бересіз?
– Мәслихаттардың құрылуы екі кезеңнен тұрады. Біріншісі, тәуелсіздік талаптарынан туындаған еді. Екіншісі, 2022 жылдан кейінгі саяси реформаларға байланысты. Өздеріңіз жақсы білесіздер, Ата Заңға енгізілген өзгерістер халық қалаулыларының сапалық деңгейін көтерді. Оның бұқаралық сипатына басымдық берді. Сайлаудың еркіндігі мен нақтылығы жүзеге асты. Нәтижесінде облыстық мәслихат депутаттарының 50 пайызы партиялық тізімнен, 50 пайызы мажоритарлық жүйемен сайланды. Азаматтардың өзін-өзі ұсыну құқығы да қалыпқа келді.
Аудандық мәслихат депутаттары тек бір мандатты округтерден сайланып, халық қалаулысы атанды. Сөйтіп, белсенділік күшейді. Саяси бәсеке жанданды. Облыстық мәслихаттың 8-ші шақырылымы өзіндік ерекшеліктерімен ел өміріне енді. Қазір біздің депутаттық корпус «AMANAT», «Ақжол», «Respublica», «Ауыл» партиясы мүшелерімен толықты.
Сайлаушылардың ой-пікірлері депутаттар арқылы билік орындарына дер кезінде жетеді. Халық көтерген өзекті мәселер депутаттардың жергілікті атқарушы органдарға жолдаған сауалы арқылы шешімін табуда. Мәслихат депутатының мәртебесі – халыққа қызмет етуі, азаматтардың мәселелеріне жауап беруі және елді дамытуға қосқан үлесімен бағаланады.
– Мәслихат депутаттарының республикалық ІІ форумына бір топ әріптестеріңізбен бірге өзіңіз де қатыстыңыз. Алқалы жиыннан не түйдіңіз?
– Республикалық форумда мәслихат депутаттарына қатысты мәселе жан-жақты талқыланды. Бұл жайт біздің азаматтарға да әсер етпей қоймады. Меніңше, аталған форум жұртты жаңашылдыққа бағыттады. Қоғамдық тіршіліктің төменнен басталатын тұстарына беріктік орнатуға үндеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев оның негізгі үдерістерін көрсетіп берді. «Тұрғындар сіздерді жақсы біледі. Ой-пікірлерін сіздерге тікелей жеткізеді. Мәселесін шешуге көмектеседі деп үміт артады. Осы жауапкершілікті терең сезініп, халыққа адал қызмет ету керек», – деді. Бұл арқылы депутаттар атқаратын міндеттердің салмағын нығайта түсті. Мәслихат мандатына ие болу құрмет қана емес, оның жоғары санаттағы жаупкершілік екенін жиналғандардың есіне салды.
Алдағы уақытта депутаттар сайлаушылармен кездескен кезде неге мән беру керектігі сараланды. Ондай жиындар екі тарапты да қанағаттандыруға тиіс. Депутатпен кездесу өтті деген қағаз жүзіндегі хаттама – қисынсыз әрекет. Ондай жұмыстардың формальды ұйымдастырылатыны сынға алынды. Мемлекет басшысы көз алдауға барынша қарсы тұруға шақырды.
Әсерімізді қорытатын болсақ, форумнан көңілге түйгеніміз аз болмады. Оның бәрін практикалық іс-әрекетімізге кеңінен пайдаланып келеміз.
– Әріптестеріңіздің халықтық мандатқа лайық қызметтеріне қандай баға бересіз?
– Біздің Парламенттен айырмашылымыз – депутаттарымыз өндірістен қол үзбей жүріп халық алдындағы міндетін атқарады. Сайлауалды бағдарламасында айтқан уәдесін орындауға күш салады. Мәслихат депутаты – қоғамдық белсенділіктің жарқын үлгісі. Еңбекақы алмай, ел үшін маңдай терін төгу оңай ма? Оған үлкен білік пен зор жауапкершілік қажет. Сондықтан сергек қимылдайды, қоғамды жіті қадағалайды. Өзінің негізгі кәсібін шыңдаумен бірге, саяси өмірге сауатты араласу үшін ізденеді. Түрлі сынақтан ойдағыдай өтіп барып, депутаттық бедел қалыптасады. Сайлаушылар өз өкілдеріне сенім артумен шектелмейді, олардың атқарған істерін таразылап, баға береді.
Әріптестер арасында Махаббат Бигелдиев, Болатжан Нұрбеков, Қанат Бекиев, Лаззат Тұрлашев, Аманкелді Сембаев, Сұлтан Нұрдәулетов, Дәулет Жарасбаев, Гүлнар Құраметова сынды тәжірибеге бай, білімді азаматтар аз емес. Өміршең идеялары ортақ іске пайдасын тигізеді. Депутаттық пен кәсіпкерлікті қатар меңгерген Билалдин Ушуровтың ұжымы облыс бюджетіне 5 млрд теңге көлемінде қаржы түсірді. Сонымен қатар жеке қаржысынан 18 миллион теңгені «Мектепке жол» акциясына аударды. Бақыт Атайбеков, Дәулет Жарасбаевтарды да осындай санатқа жатқызамыз.
Облыстық мәслихаттағы 36 депутаттың бәрі сайлаушыларымен бірге өзара ықпалдасып, жұртты игі істерге құлшындырады. Біз үшін халыққа қызмет етуден артық абырой жоқ.
– Өңірлік дамуға депутаттар қосатын үлес қай дәрежеде?
– Дамудың қозғаушы күші – жоспар мен қаржы. Аталған факторлар өзара үйлескенде, көздеген мақсат ойдағыдай орындалады. Депутаттар сол үшін заңға негізделген пәрменді шешімдер қабылдайды.
Облыстық мәслихатта 6 тұрақты комиссия жұмыс істейді. Соның ішінде бюджет комиссиясының арқалайтын жүгі салмақты. Ол өңір дамуына қажет мүмкіндіктерді нақтылайды. Бюджет қоржынын қалай толтырамыз деген сұраққа бәрін жұмылдырады.
Көп нәрсе инвесторлардың келуіне байланысты. Олар жаңа кәсіпорындар ашады. Жұртты жұмыспен қамтиды. Өнімдер көбейеді, сауда қызады. Сондықтан инвесторға қажетті жағдай жасау – ортақ міндетіміз. Ауыз су, электр энергиясы, газ кедергісіз іске қосылуы керек. Инфрақұрылым жолға қойылса, инвестордың да көңілі тоқ болып, есебі түгел болады. Депутаттар осы мәселеге жіті мән береді.
Облыс тұрғындарының 80 пайызы ауылда тұрады. Шаруашылықпен айналысады. Сондықтан аграрлық саланы өркендетуге мүдделіміз. Мемлекет осы мақсатта «Ауыл аманаты» бағдарламасын бекітті. Сол негізде шаруаларға субсидия беріледі. Депутаттар субсидияның қалай игерілгенін, тиімділігін, дұрыс реттелуін бақылап отырады. Қоғамдағы кемшіліктер неғұрлым азайса, даму да соғұрлым жылдамдайды.
Облыстың Алматыға жақын аудандары бар. Ондағы тұрғындардың 30-35 пайызы қалаға жиі қатынайды. Осыдан барып жаңа автобус маршруттарының қажеттілігі мәселе болып күн тәртібіне шығады. Биыл тиісті орындар мен автобус парктері келісімшарт жасап, Алматы мен облыс аудандары арасында қоғамдық көліктер жүре бастады. Осы тектес ірілі-ұсақты мәселелердің дені халық қалаулыларының қатысуымен шешімін тауып келеді.
– Депутат міндетінің тек қоғамдық негізде атқарылатыны белсенділікке қалай әсер етеді?
– Әрбір депутат өзінің негізгі міндеті – халықтың мүддесін қорғау және жергілікті басқаруға қатысу екендігін жетік біледі. Олар халыққа қызмет ету жолын сайлау арқылы таңдады. Бәрін алдын ала сараптап барып бір байламға келді. Ерік-жігерлерін осы мақсатқа бағыттады. Сондықтан халық қалаулыларының белсенділігі артпаса, төмендемейді.
Біз облыстық мәслихатқа қатысты жұмыстарды бір ізге түсіріп жүйелейміз. Жылдық жоспар жасаймыз. Не істеп, не қою керектігі тайға таңба басқандай нақтыланады. Сонымен қатар жоспар уақыт ағынына сай толығады.
Сайлаушылармен кездескен соң таным мен талғамды тың ойлармен байытамыз. Аумақтар мәселесіне үңілеміз. Ұсыныс-тілектерді жинақтап, құзырлы орындардың қарауына жолдаймыз. Оның оң шешімі табылғанша депутатта тыным жоқ. Өйткені сайлаушылар талабын қанағаттандыру – біздің басты көрсеткішіміз.
Әрине, облыстық бюджетті бекіту оңай емес. Алдымен комиссия отырысында талқыланады. Содан соң сессияда қаралады, түзетулер енгізіледі. Облыс әкімінің сессияға жолдаған хаты да басшылыққа алынады. Шешім көпшілік дауыспен қабылданғанда барып заңдық күшіне енеді. Мұны депутаттар еңбегінің жеңісі ретінде қарастырсақ қателеспейміз.
– Шешімдердің орындалу сапасын қалай қадағалайсыздар?
– Сессия алдында бюджет мәселесі бойынша басқарма басшыларының қатысуымен тұрақты комиссия отырысы өткізіледі. Олар сұрайтын ақшаның мөлшері есептеледі. Қаражаттар соған сәйкес бөлінеді. Кей жағдайға қаражатты өтпелі кезеңдерге бөліп жұмсаудың жолы таңдалады. Қалай десек те, мемлекеттің ақшасы ысырапқа ұрынбай, тиімді жұмсалуы тиіс. Шешімдердің қалай орындалып жатқаны мәслихаттық бақылау және партиялық бақылау арқылы қадағаланады.
Сөзіміз дәлелді болу үшін бір-екі мысалға жүгінейін. Мәселен «Шебербульт» компаниясының келісімшартта көрсетілген талаптарды сақтамағанын депутаттар анықтады. Іс сотта қаралды, кемшіліктер реттелді. Қазір тендер қайтадан өткізіліп, жұмыс басқа ұжымның қарауына көшті. Қонаев қаласындағы Қасым Қайсенов атындағы № 4 мектеп, Талғар қаласындағы №12, №10 мектеп, Есік қаласындағы Абылайхан атындағы оқу орны ғимараттарында салғырттық салдарынан жөндеу кешіктірілген. Мәслихат тиісті орындарға хабар беру арқылы жосықсыз әрекеттер жолға қойылды.
Бұдан бөлек мәслихатта қабылданған шешімдердің орындалуы туралы тиісті мемлекеттік органдар басшыларының есептері тыңдалады. Депутаттар корпусы облыс көлемінде жүргізіліп жатқан құрылыс нысандарының салыну барысымен танысады.
– Депутаттардың сайлаушыларымен кездесуі қалай өтіп жүр?
– Бұл – маңызды шара. Депутат кездесу кезінде сайлаушыларды тыңдап қана қоймайды, өзі де жұрттың алдында есеп береді. Кездесу екі тараптың да көңілінен шықса, мақсатына жеткені.
Ол үшін кездесу кестесі жасалып, ай сайын өткізіліп тұрады. Алайда агломерацияға, аумақтың мегаполистерге жақын орналасуына байланысты өзгерістер орын алды. Айталық, Талғар ауданындағы депутаттар халықтың арасында жиі болады.
Меніңше, тұрғындармен кездескенде аудиторияның адамға лық толуы шарт емес. Кейде үш, бес адам келсе, соның өзі жеткілікті. Оның маңыздылығы санда емес – сапада, ақпараттың айқындығында. Ұсыныс-пікірлердің өңірлік және өмірлік жайлармен астасып жатқандығында. Депутаттар сайлаушылармен бірігіп жол іздеуге дағдыланған. Ортақ іске байланыстың заманауи жетістіктерін де пайдаланудамыз. Әр депутатта фейсбук, инстаграм парақшалары бар. Қысқасы, әлеуметтік желі арқылы көпшілікпен жиі пікір алмасамыз.
Облыстық мәслихат пен аудандық мәслихат депутаттарының өзара үйлесімін жақсарта түстік. Кей мәселені шұғыл шешу үшін бірлесіп қимылдаймыз. Бұл жерде бөлініп-жарылатын ештеңе жоқ. Қазақша айтқанда «илегеніміз бір терінің пұшпағы».
– Әкімдер – Мемлекет басшысының өңірдегі өкілі. Халық сайлаған мәслихат депутаттарының қолындағы мандаттың да пәрмені зор. Қос лауазымның мүдделік қабысуынан не күтеміз?
– Бәрі мемлекетті басқарудың демократиялық жүйесіне жататын тармақтар. Біріншісі екіншісін, екіншісі біріншісін демейді. Мұны бағыныштылық емес, өзара түсінушілік деп ұғыңыздар. Соның нәтижесінде өркениетке сай дағдыларды қалыптастыра аламыз. Әлемдік көшке ілесетін керуеніміз алға қарай жылжиды. Дүние бір күнде жаңғырмайды. Төккен тердің жеміс беретін өз сәті болады. Ең бастысы, дұрыс жолды таңдап, дұрыс ниетпен ілгерілеуге тиістіміз.
Қаражат, қазына – экономиканың тірегі. Салықты жинайтын, бюджетті толтыратын – билік. Алайда оның қайда, қалай бөлінетіні, қалай игерілетіні халықтың қолында. Өздері мандат берген өкілдері – депутаттар арқылы реттеледі. Осы жерде билік пен халық мүддесінің бірігуі дамуға зор ықпал етеді.
«Әр адам – бір әлем» дегендей, шешімін күткен мәселелер айналамызда мың сан. Жаңадан туындап жатқандары қаншама?! Сондықтан «Ақырын жүріп анық бас» дегенді Абай атамыз бекерге айтқан жоқ. Алдымен ең маңызды мәселелердің түйінін тарқатуға жұмыламыз. Оны ойдағыдай реттеп, келесіге көшеміз. Өзара ықпалдастықтың әсері осы жерден анық көрінеді. Халық пен биліктің біртұтастығы – жарқын болашақтың кепілі.
Облыстық мәслихат депутаттары Парламентпен де тығыз байланыста. Республикалық деңгейде қаралатын өзекті жайларға бірігіп атсалысамыз. Өз өңірімізден сайланған Сенат депутаттары Жанболат Әкебайұлы, Сұлтан Мырзабекұлы бізді үнемі қолдап отырады. Министрлік тарапынан тиісті қаражаттың бөлінуіне ықпал етеді. Соның арқасында Райымбек, Жамбыл, Еңбекшіқазақ аудандарындағы суармалы алқаптарға канал тартылатын болды. Бірлескен әрекеттер жол жасаудың да жолын ашты. Мұны – облыстық әкімдік пен облыстық мәслихаттың тізе қосып атқарған еңбегінің жемісі деуге толық негіз бар.
– Аудандық мәслихат облыстық мәслихаттың ықпалында ма, әлде дербес жұмыс істей ме? Екі өкілеттіктің ұқсастығы мен айырмашылығынан не ұғуға болады?
– Ұқсастығы – екеуі де сайланбалы орган. Айырмашылығы – шешім шығару құзіреттері дербес. Бірі – өңірлік, екіншісі аумақтық мәселелерді қамтиды.
Мынаны есте сақтаған жөн, облыстық мәслихат аудандық мәслихатқа тікелей нұсқау бере алмайды. Әр ауданның өз ерекшелігі бар. Сессияда облыстық бюджеттен ауданға қаржы бөлу қамтамасыз етіледі. Ол ақшаны айналысқа жіберу, игеру ауданның мойнында. Қайсы ауылдық аумаққа қандай қаражат жұмсалады, жергілікті мәслихат бұл мәселеге дұрыс жауапты өздері табады. Дегенмен, қаржының заңдылық талаптарға сай игерілуі, бақылаудан тыс қалмайтыны – өзгермейтін қағида.
– Қуат Сұлтанұлы, облыстық мәслихат депутаттарының дені «AMANAT» партиясына мүше. Сіз осы партияның облыстағы филиалын да басқарасыз. Басқа партиядағы немесе партияда жоқ әріптестеріңізбен іскерлік қатынасыңыз қалай?
– Облыстық мәслихаттағы 36 депутаттың 30-ы «AMANAT» партиясының мүшесі. Оның мәнісін былай түсіндірейін. Заң бойынша 19 депутат партиялық тізімнен сайланса, соның ішінде – «AMANAT» – 16, «Ауылдан» – 3, ал өзін өзі ұсынған бір мандатты округтерден түскендердің 14-і тағы да «AMANAT» партиясының мүшесі. «Respublica» партиясынан – 2. «Ақ жолдан» – 1. Сонда депутаттардың сапалық құрамындағы жалпы жиынтық жоғарыдағыдай.
Сессияда «AMANAT» партиясының басым дауысқа ие екені рас. Десек те, мәслихат төрағасы партияның жетекшісі ретінде басқаға ықпал жасауға құлшынбайды. Ұсыныстардың маңыздылығы бірінші орында. Қай партияның өкілі ортақ іске пайдасын тигізеді, соның сөзі сессия шешімінен көрініс табады. Барлық депутат аталған партиялардың мүшесі, яғни партияда жоқ депутаттар тіркелмеген.
Мәслихаттағы әртүрлілік, пікір алуандығы белсенділікті күшейтеді. Үндемей қол көтеріп, бірауыздан шешім, қаулы қабылдайтын кезеңдер артта қалып барады. Сонымен қатар депутаттарымыз сөйлеу мәдениетінің құндылықтарына жүгінеді. Түйіндеп айтқанда, депутаттардың киген шапандары бөлек болғанымен, көздегені біреу. Ол – халықтың мүддесі.
– Қорытынды сұраққа да келіп жеттік. «Басшы адамға ой серік». Осы тіркестің мағынасынан не байқайсыз?
– Бұл тіркестің мағынасы өте терең. Шығармашылық ізденістер жалғасуға тиіс. Әсіресе басшы адамның үнемі ой үстінде жүргені дұрыс. Ізденістің қайнар көзі – оқу мен тоқу.
90-шы жылдардан бері идеология мен ағарту саласында жетекшілік қызметтерді атқарып келемін. Анық аңғарғаным, өнер мен әдебиетсіз қоғамтануға да, адамтануға да терең бойлай алмайсың. Ол кәсіпкерге де, қызметкерге де, қарапайым адамға да керек. Кітап оқуды жолға қою қажеттігін Мемлекет басшысы бекер айтқан жоқ. Сондықтан жастардың қолындағы қалта телефонды кітаппен, дәстүрлі басылымдармен алмастыратын мезгіл жетті. Осыны ескеру – ортақ міндетіміз.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Болат Мәжит