Көгімізде көк байрағымыз желбіреп, Гимн әуелеп, әскеріміз ел шебін күзетіп, шекарада сап түзеп тұруы – Тәуелсіздіктің толық көрсеткіші емес. Бөгденің бұғауында бодан болып отырмағанымызды айқындай түсетін тағы бір өзекті дүние – ономастика саласы. Яғни кішкентай көшеден бастап, елді мекендер, ауыл-аудан, жер-су мен ел ішіндегі нысандардың атаулары да егемен ел екенімізді «ескертіп», еске салып тұруы тиіс. Бұл – тәуелсіздіктің тірегі, ұлттық идеологияның негізі.
Егемендік алып, етек-жеңімізді жиып, жаңа дәуірге қадам басқан уақыттан кеңестік идеологияның сарқыншағынан бас тарту, арылу процессі басталған еді. Дегенмен, кеңестік кезеңнің кеселі қол-аяқты күрмеп, тоталитарлық жүйенің жан ұшырар жарлығы жадымызда жаңғырып тұрғандай тосырқап, әлі күнге кешегі «келемежді» түп тамырымен жоя алмай келеміз. Совет, Октябрь, Алексеевка, Николаевка, Антоновка, Коммунистическая, Пролетарская, Пятилетка, Семилетка, Комсомольская, Пионерская, Целинная, Бауман, Киров, Тухачевский, Урицкий, Фрунзе, Котовский, Дзержинский, Калинин деп ұзын-сонар жалғасқан кеңестік дәуірдің, солақай саясаттың салқынынан хабар берер, қазақты қанап, ұлтты жоймақ болған басқыншылардың есімін елге мәшһүрлеп, көше мен ауылдарды әлі күнге сол қалпында атау – Тәуелсіз елге, иесі бар жерге, тіпті түгел ұлтқа сын.
Еліміздегі жер-су мен нысан атауларының электронды қоры саналатын Atau.kz сайтының мәліметіне сүйенсек, тәуелсіз қазақ елінде «Күн көсемінің» есімін ұлықтайтын бір емес, бес білім ошағы бар екен. Одан бөлек, 5 ауылдық округ, 12 ауыл, 504 көше бар екенін алға тартады сайттағы статистика. Алайда ашық дереккөздерден бес мектептің біреуі – Солтүстік Қазақстан облысы Мағжан Жұмабаев ауданында орналасқан Ленин мектебі ауданмен аттас болып өзгертілгені жөнінде мәлімет таптық. Ал қалған төртеуі туралы ондай жағымды жаңалық жоқ екен. Есесіне, бір білім ошағының «Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің білім басқармасы, Мамлют ауданының білім бөлімі, Ленин орта мектебі КММ» деген толық атауы мектеп сайтында сықиып тұр. Ондағы оқушыларға Тәуелсіздік туралы сынып сағатын өту де бір жағынан күлкілі, енді бір жағынан сондай аянышты жағдай ғой.
Лениннің есімімен аталады деген бес ауылдық округтің де қайда екенін қызықтап көрдік. Егемен ел атанған 1991 жылдан бері бақандай 33 қыс, 33 жаз өтсе де, көше мен ауыл былай тұрсын, Ленин атындағы ауылдық округ бар екен. Ұят-ай! Мемлекеттік органдардың ресми сайты gov.kz-те «СҚО Тимирязев ауданы Ленин ауылдық округі әкімінің аппараты» КММ-нің 2024 жылғы 3 тоқсан мемлекеттік қызметтер көрсету
мәселелері жөніндегі қызметі есебінің үлгі нысаны» дегенді көргенде өз көзіме өзім сене алмадым. Тағы бір Ленин атындағы ауылдық округ Қостанай облысы Федоров ауданына қарасты екен. Қызық, ол жақтың атқамінерлері әлі күнге бұл атауларды реттемей, «Ленин – біздің бабамыз, саясында жатамыз…» деп өлеңдетіп жүр ме екен?!
Atau.kz сайты тауып берген қалған үш округ әлдеқашан атауларын ауыстырып, қазақыланған екен. Ендеше, Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырмасы бойынша әзірленген Atau.kz-тегі жаңалық жаңартылмай, орта жолда тоқтап тұрғаны тағы көңілге кірбің ұялатады.
Иә, қаза берсек, тырнақ астынан да табылар кір көп. Алайда, ономастика саласындағы олқылықтардың орнын толтырып, орыстанып кете жаздаған жер-су атауларын қайтару жолында бүгінге дейін жасалған жұмыс та аз емес. Саладағы құқықтық нормалар реттеліп, облыстық, республикалық ономастика комиссиялары құрылды. Ономастика саласы тарихи сана-сезімді жаңғыртудың маңызды идеологиялық құралы екені ескеріліп, «Тарихи тұлғалар», «Жер-су атаулары» және «Дәстүрлі атаулар» тізімдері соңғы жылдары жан-жақты пысықталып, өзектендірілді, идеологиялық тұрғыдан ескірген атаулары бар елдімекендер мен олардың құрамдас бөліктерін қайта атау жөніндегі 2022-2025 жылдарға арналған жол картасына сай жұмыс жасалып жатыр, өңірлердегі ономастикалық ахуал, сондай-ақ алдағы уақытта атқаруды қажет ететін маңызды мәселелер де күн тәртібінен түспей, республикалық ономастикалық комиссияның отырыстары мен семинарларында жан-жақты талқыланып-ақ жатыр.
Жақында өткен «Ұлттық ономастика: Ізденіс пен тәжірибе» атты республикалық семинарда ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Рустам Әли министрлік елдімекендердің өзінің байырғы тарихи атауларын зерттеу бойынша үлкен жобаны қолға алып отырғанын жеткізіп, жоба аясында қазіргі ел аумағындағы топонимдердің электронды 3D форматтағы картасы әзірленетінін айтты. Ол үшін өңірлерге тарихи-танымдық экспедициялар ұйымдастырылып, әр өңірдің топонимдері жинақталады, әр атаудың өткені мен қазіргі жағдайына ғылыми сараптама жасалып, аталу уәжі мен қағидаты, даму диахрониясы зерделеніп, елдімекен, жер-сулардың тарихи атауларын қалпына келтіру жұмысы жүргізіледі.
Бұл жоба жайлы Қарағанды облысында өткен «Өңірлік ономастика мәселелері» семинарында «Ономастар одағы» қоғамдық бірлестігінің басқарма төрағасы, республикалық ономастика комиссиясының мүшесі Гүлнар Бекенова: «Елді мекендерді аралап, фотобейне материалдар түсіріліп, қорытындысы ретінде танымдық бейнефильм және өңірлік суреттер арқылы анықтамалық жасалады. Түсірілген фотобейне материалдар 3D карта базасына еніп, жалпы қолданымға ұсынылады. Ономастар одағының ғалымдары өз зерттеулерінде еліміздің географиялық нысандары фотосуреттерінің интернет желісінде өте аз немесе жоқ екенін байқап, мүмкіндігінше көп фотосурет жасауды мақсат қойдық. Сонымен бірге экспедиция барысында жасалатын танымдық бейнефильм сюжетіне жергілікті халықпен кездесіп, сұхбат алып, халықтық этимология, аңыз-әңгімелерді де енгіземіз. Бұл материалдардың ономастика аясынан кеңірек тіл мен тарихқа, этнография мен әдебиет саласына да қосары болады деп ойлаймыз», – деген еді. Бастама жаман емес, бірақ жоғарыда сөз еткен Atau.kz-тің күйін кешпесе болғаны, әрине.
Аталған семинарда ономастика саласы үшін тағы бір жақсы жаңалықты Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің басқарма басшысы Майгүл Әбдіғали жеткізген-ді. Айтуынша, «2GIS» және «Yandex maps» навигациялық құралдарындағы ономастикалық атауларды нақтылау және біріздендіру бойынша жұмыс атқарылып, геосервистердегі ономастикалық және географиялық нысандар атауларын заңды түрде бекітілген атаулармен қолдану және көрсету мәселесі министрліктің ұдайы бақылауында екен. Бұл, әрине, саланың серпін алуына әсер етер үлкен жұмыс.
«Ономастика» дегенде елді елең еткізер тағы бір мәселе – ауылға атасының, көшеге көкесінің есімін бергіш дөкейлердің дәурені жүріп, кезінде талай көше кім көрінгеннің есімімен аталып кеткені өтірік емес. Бұл мәселеге алаңдаушылық танытқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысында: «… Төл тарихымызда ерекше орны бар тұлғалардың бірыңғай тізімін әзірлеу қажет. Бұл тізім еліміздің ішінде және шетелде жалпыұлттық бірегейлігімізді айшықтайтын басты ұстынға айналмақ», – дей келе: «Ономастика саласы тарихи сана-сезімді жаңғыртудың маңызды идеологиялық құралы екені белгілі. Кейбір адамдардың қалауымен жалған өмірбаяны әдейі қолдан жазылған «Кеңес дәуірінің қайраткерлері» бар. Ондай жасанды тұлғалардың есімін түрлі нысандарға беруді доғару қажет», – деп, ономастика саласын тәртіпке келтіруді тапсырған-ды.
Ал биыл 15 наурызда өткен Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында Президент: «Ономастика саласында белгілі тарихи тұлғалармен қатар, жалпыұлттық құндылықтар да назардан тыс қалмауға тиіс. Тәуелсіздік, республика, бірлік сияқты мемлекеттілігіміздің басты тұғыры саналатын негізгі ұғымдарға баса мән беру керек. Елдігімізді сақтаймыз, мықты мемлекет боламыз десек, осының бәрін естен шығармаған абзал», – деген еді. Осы орайда Мемлекет басшысы айтқан негізгі ұғымның бірі – «Тәуелсіздік» атауын ономастика саласынан іздеп көрдік. Жалпы, республикада «Тәуелсіздік» аталатын 476 нысан болса, соның ішінде 300 көше, 171 саябақ, 3 сквер, 1 бульвар бар екен. Ал Алматы облысында бұл атаумен 48 көше аталса, оның 10-ы Еңбекшіқазақ ауданында орналасыпты.
Тәуелсіздіктің жемісі, әрі жеңісі болып, жер-жерде елді мекендердің атаулары қазақыланып жатқаны қуантады. Тәуелсіздік Маркс пен Энгельс, Лениндердің есімі иеленіп келген көшелерімізді қазаққа қайтарып берді.
Халықты ұлттық санасынан ажыратуды, тарихты ұмыттырып, ғасырлар тереңінен тарқайтын тамырды үзуді, елді бөліп-бөлшектеуді мақсат еткен сұрқай саясат келмеске кетті.
Кішкентай ғана көшенің атауынан басталатын ономастика саласы ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін ел идеологиясының ажырамас бөлігі. Ономастикалық атау әр елдің, әр жердің өзіне тән ерекшеліктерін көрсетіп, тарихын түгендеп, өткенінен хабар беріп тұратын мән-мағынаға ие болуы керек. Көше мен ауыл, жер-су атауларын беруде осынау жауапкершіліктің салмағын ескерген жөн. Өйткені әрбір атау – тарихи құжат. Ендеше, болашаққа бағдар болар маңызды құжатта қате кетпесін.
Құралай МҰРАТҚЫЗЫ