Бүгінде цифрлы технологиялар жаһандық тұрғыда дамудың негізгі факторларына айналды. Ол ел экономикасын түбегейлі өзгертіп, еңбек өнімділігінің артуы мен өмір сапасының жақсаруына зор ықпал етуде. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қазіргі уақытта барлық мемлекеттік қызмет көрсететін мекемеде цифрландыруды кеңінен қолданысқа енгізу белсенді түрде жүргізіліп, ауқымды жобалар іске асырылуда.
Осы ретте 2022 жылғы 14 шілдедегі «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне инновацияларды ынталандыру, цифрландыруды, ақпараттық қауіпсіздікті дамыту және білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы шеңберінде азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу (АХАТ) жөніндегі функция 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап мемлекеттік корпорацияға берілген еді. Десе де, мұндай өзгеріс аудандық және қалалық бөлімдердің қызметіне әсер етпейді. Яғни, азаматтардың өміріндегі аса маңызды оқиғаларды ресми түрде рәсімдеу, сәби дүниеге келгеннен өмірінің соңына дейінгі актілерді хаттап, тарихи құжаттарды түзетіп отыратын аудандағы АХАТ бөлімдері бүгінде бұрынғыдай өз қызметін көрсетіп келеді.
Қарасай аудандық АХАТ бөлімінің басшысы Айым Темірбекованың айтуынша, қазіргі уақытта бөлім «Неке және отбасы туралы» кодекске сәйкес туу, қайтыс болуды тіркеу, неке қию және бұзу процесін жүргізеді. Сонымен қатар аты-жөнді ауыстырғанда, ата-ана атанғанда, бала асырап алған кезде азаматтық хал акті жазбаларын түзетіп, қалпына келтіреді және жояды. Сол сияқты бастапқы және қайталама куәліктерді, электрондық нысандағы немесе қағаз жеткізгіштегі анықтамаларды береді. Одан бөлек, азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу кітаптары мен куәлік бланкілерінің сақталуын қамтамасыз ету бойынша жұмыс атқарады.
– Бөлімдегі қызмет көрсету регламенті, оларды қарау тәртібі мен мерзімі өзгеріссіз қалды. Жас жұбайлар бұрынғыдай АХАТ арқылы некеге тұруға өтініш бере алады. Одан бөлек, өтінімдерді
egov.kz немесе kaspi.kz мобильді қосымшасы арқылы да онлайн беруге болады. Өтініш неке қию күнінен 15 күн бұрын берілуі керек. Осы уақыт аралығында ол қаралып, жауабы телефон нөміріне 1414-тен хабарлама түрінде жіберіледі. Бұл жерде бір айта кететін жайт, егерде өтініш бергендер белгіленген күні АХАТ бөліміне келмесе, онда олардың өтініштері жойылады. Белгіленген күні жас жұбайлар тіркеуші органға жеке басын куәландыратын құжаттармен келуі керек.
Тағы бір тоқтала кетерлігі, қазіргі уақытта туу туралы куәлікті алу жолы жеңілдеген. Бала өмірге келе салысымен ата-анасы бірден туу туралы куәлікті толтыруына болады. Оны проактивті қызмет көрсету құралдары бойынша 1414 бірыңғай байланыс орталығына хабарлама жіберу арқылы немесе kaspi.kz мобильді қосымшасындағы «Мемлекеттік қызметтер» бөліміне өтіп, рәсімдей алады. Демек, бала өмірге келе салысымен анасына құттықтау смс келеді, сол жерде баланың есімін қойып, қарапайым сұрақтарға жауап беруі қажет. Міне, сол смс арқылы құжат рәсімделе бастайды. Өкінішке орай, бұл туралы әлі күнге дейін көбі білмейді.
Тарифтерге келетін болсақ, АХАТ-та тегін және ақылы қызметтер бар. Мәселен, заңнамадағы өзгерістерге сәйкес, некені тіркеу құны – 3864 теңге, өзара келісім бойынша некені бұзу – 7728 теңге, өзгерістер енгізу үшін 1932 теңге болып белгіленді. Өзге әлеуметтік қызметтер ақысыз жүзеге асырылады. Тууды тіркеу сияқты әлеуметтік маңызды қызметтер тегін көрсетіледі, – деді Айым Шоқанқызы.
Қарасай аудандық азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінде соңғы 10 айдың ішінде туу туралы 6014 актілік жазба тіркеліп, елтаңбалы куәліктер берілген. Сондай-ақ 1670 қайтыс болу туралы актілік жазба тіркелген.
Аудандық АХАТ бөліміне ажырасу мәселесі бойынша жүгінетіндер қатары әлдеқайда төмен. Анығырақ айтсақ, 10 айдың ішінде бөлімде 1557 адам некесін қиса, неке бұзу турасында 188 іс қаралған.
– Иә, еліміздегі соңғы өзгерістерге байланысты кәмелет жасқа толмаған балалары бар ерлі-зайыптыларды ажырастыру жұмысын кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты жүргізеді. Осыған байланысты болар, біздің бөлімде неке бұзу жайлы іс көп қаралмайды. Бәлкім, бұл ортақ балалары жоқ немесе балалары кәмелет жастан асқандар, дүние-мүлікке даулары жоқ жұптар өзара келісімімен неке бұзатындықтан болар. Негізінен бізде ажырасқысы келетіндердің көбі – үлкен буындағы кісілер. Ал ажырасудың себебі – өзара түсініспеушілік. Ерлі-зайыптылардың бірін-бірі тыңдай алмауы және әр нәрсе үшін сөзге келіп қалуы, ұрыс-керіс, жанжал соңы ажырасуға алып келеді. Ал ажырасқысы келетін жастар сирек кездеседі. Десе де, біздегі көрсеткіш жақсы болғанымен, бұл тұрғыда облыстағы ахуал күрделі екені мәлім. Ажырасу қазір еліміз бойынша да үлкен мәселеге айналуда, – деді бөлім басшысы.
Айта кетейік, АХАТ қызметтерін тек қана тіркеуші органның қызметкерлері көрсете алады. ХҚКО операторларын қоса алғанда, мемлекеттік корпорацияның басқа қызметкерлері АХАТ ақпараттық жүйесіне кіре алмайды. Сондықтан мұнда қызмет алған тұрғындардың жеке өмірі, отбасылық деректері мен құпиясы заң қорғауында болады.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ
Қарасай ауданы