Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында Райымбек ауданы Сарыбастау ауылында жаңа спорт кешені ашылды. Нысан Алматы облыстық құрылыс басқармасының тапсырысы бойынша салынды, бас мердігер ретінде «СП«NEFT» ЖШС таңдалды. Құрылыс 2023 жылы басталып, бір жарым жыл ішінде халықаралық және заманауи талаптарға сәйкес қолданысқа берілді.
«Жаңы нысанның қолданысқа берілуі жергілікті инфрақұрылымның дамуы үшін маңызды қадам. Өңір тұрғындарының спортпен айналысуы мен белсенді өмір салты үшін жаңа мүмкіндік. Мемлекет саясатында шалғай жерлерде спорт пен дене шынықтыруды дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың салауатты өмір салтын жақсарту үшін қажетті жағдайларды жасауды тапсырған. Пәрменді орындау барысында Алматы облысы да белсенділік танытып жатыр. Қалалы жерлерден бөлек, шалғай аймақтарда да спорттық нысандарды салып, тегін спорт секцияларына қатысуына мүмкіндік қарастырып жатырмыз», –дейді Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ерболат Сарабеков.
Спорттық нысанның салтанатты ашылу рәсімінде аудан басшылығы, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының өкілдері және құрметті қонақтар аудан тұрғындарын құттықтады. Мәртебелі меймандардың ішінде Париждегі Олимпиада ойындарының грек-рим күресінен күміс жүлдегері Демеу Жадыраев та болды.
«Соңғы уақытта спорттық кешендер мен алаңдар балалардың да, ересектердің де сүйікті орнына айналды. Халықаралық аренада үлкен жетістіктерге жету үшін еңбектеген баланың да спортқа бейімдеу үздіксіз жүруі тиіс. Райымбек ауданында білікті спортшылар шыққан. Мәселен, Руслан Жұмабеков, Ардақ Назаров, Бейбит Назаров, Жасұлан Қыдырбаев сынды шебер спортшылар. Алдағы уақытта да дәл осындай спорт ғимаратында шыныққан жастар Олимпиада жеңімпаздары болатынына сенемін», – деді Демеу Жадыраев.
Құрылыстың жалпы құны 1 336,6 миллион теңгені құрады. Жетпіс адамға шақталған. Спорт кешенінде: бокс залы, күрес залы, командалық спорт түрлеріне арналған зал, жаттығу залы бар. Аталмыш нысанда бокс, еркін күрес, грек-рим күресі, қазақтың ұлттық күресі, волейбол, баскетбол, футбол спорт түрлерінен сабақтар өтіледі. Ғимаратта сондай-ақ демалыс бөлмесі, киім ауыстыру бөлмесі, асхана, жаттықтырушы бөлмесі, ,медициналық бөлме, әкімшілік кабинет бар. Алаңының жалпы ауданы – 2 253,3 шаршы метр.
Бүгінде облыста 1891 спорттық нысан жұмыс істейді. 2025 жылға дейін 15 спорт нысанының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленген.