Данышпан халқымыз «Бір ғана сөзбен адамды жылатуға болады, бір ғана сөзбен адамды жұбатуға болады» деген. Бұл тəмсілге тағы да ақын Қадыр Мырза Əлінің «Сөздің өзінде кінə жоқ, мəселе айтуында. Біреу оны мұзға аунатып жеткізеді, біреу тұзға аунатып жеткізеді. Енді біреу жүрегінің жылуына бөлеп жолдайды» деген ой орамын қосып, дәл айтылған сөзге еріксіз мойынсұнасың. Демек, айту мен жазу кезінде осыған ерекше көңіл бөлу қажет. Бұдан соң кімнің болсын айтар сөзіне қойылатын талап, талғам күшейеді. Отбасының қамқоры, əкесі мен анасының жалғыз тұяғы, жарының өмірлік серігі болған марқұм Данияр Молдиярұлы жайлы ақ қағазға ой төккенде осы ұғымдарды ескеруге тура келді.
Өз дəуірінің, өз замандастарының бастаған игілікті ісінен біршама алға жүрген жəне ортасын бағалауының, жауапкершілігін сезінудің нəтижесінде құрметке бөленген азамат жайлы қалай дәріптесек те жарасады. Данияр – Жетісу облысы Ақсу ауданында кіндік қаны тамған перзент. Десе де ол ақындар мен батырлар елінде – Жамбыл ауданында өз орнын тапты. Аз уақытта ағайын-туыс, дос-жаранның арасын өзінің жақсы ниетімен жалғады.
Жақсы адам елдің шетін шиыра жалғаса, барды жоқ ететіні де кездеседі. Мұндайда адам бойында ерекше көпшіл мінез, кеңдік, адамгершілік қасиеттер берік орнығуы қажет. Жамбыл ауданын табиғи газбен қамтамасыз етіп, алдына келген жерлестеріміздің жай-күйіне қарап, мəселесін шешуде азаматтық танытқанына жұртшылық риза еді. Сұм тағдыр, қатігез ажал кімді аяған?! Аяулы жан өткен жылы дүние салды. Əкесі Молдияр мен анасы Алтынсара, жары Лейланың жүректері қан жылады. Шаңырақтағы арқасүйер ұлдың қазасы олардың қабырғасын сөгіп, жанарын жасқа толтырды. Бұған басу, жүйелі тоқтау сөз айтудың өзі қиын. Қуаныш Қолқа ақынның:
«Өмір бұл – жылжыған көш баяу ғана,
Əр секунд əркім үшін аялдама,
Қызығы сен түсетін соңғы бекет,
Білмейсің алыста ма, жақында ма?» – деген өлең жолдарымен жауап беруге болар. Жақсылықты аңсаған ақын Ибрагим Иса:
«Жақсы адам бүгін тапшы адам,
Жақсыдан қоғам ақсаған.
Тегінде жаңа заманды,
Жасауы керек жақсы адам», – деп жырлаған. Жақсының жаны ізгілікке толы болғандықтан оны кім армандамаған?!
Аймақтағы халықты көгілдір отынмен қамтуды бірге бастаған əріптесі əрі замандасы Жанжігіт Байжігітұлы Молдиярдың сол бір еңсесі езілген көңіл-күйін қинала айтқан еді.
– Құрдасым 1992 жылдан жеке кəсіпкерлік саласында жемісті еңбек етті. Молдияр алғашқылардың бірі болып тұрғындарды табиғи газбен қамтитын, жоғары, орта қысымдағы газ тарту желілерінің құрылысын қолға алды. Бұл – нартəуекелге барумен тепе-тең. 2001 жылдан бері ұйымдастырған жұмысын жолға қойған «Тəуекел-Т» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылтайшысы жəне директоры болды. Оның басшылығымен 2001-2012 жылдары Алматы облысының Қарасай, Жамбыл аудандарының, Алматы қаласындағы Наурызбай ауданының тұрғындарына табиғи газ тарту жұмыстарын жеке инвестиция есебінен жүзеге асырды. Жалпы, Молдияр бəсекеге қабілетті, ізденгіш жан екенін дəлелдеді. Саладағы табысы өрге басқан кəсіпкер 2013 жылы «Алматы облысы газ шаруашылықтары ассоциациясы» заңды тұлғалар қоғамын ұйымдастырды. Сол кезде осы ұйымға 11 компания кірді. Бұл компанияның қызметі Алматы облысын газдандырудың кешенді бағдарламасына сəйкес осы саладағы кəсіпорындардың өндірістік əлеуетін арттыру, инновациялық жағынан дамытуға ықпал ету бағдарламасы басшылыққа алынды.
Кəсіпкерлікті дамыту жəне əлеуметке бағдарланған экономика қағидаларын іске асыруда Молдияр көп іс тындырған. Осы мақсатпен тұрғындар игілігіне арналған бірнеше жобаның ұйымдастырушысы болды жəне өзгелерді де осыған тартты. Өзім осы бағытта Қарғалы кенті мен Бекболат ауылдарында халықты табиғи газбен қамтудағы жаңа бағытты іске асырдым. Арамызда берік серіктестік, достық қарым-қатынас орнады. Ол осы еңбегі үшін ордендермен, Алғыс хаттармен марапатталды жəне ерекше жомарттығымен танылды. Əсіресе əлеуметтік жағынан жеткіліксіз қамтылған отбасыларға, балалар үйіне айрықша қолдау көрсетті. Қайырымдылығы үшін «Алтын жүрек – Золотое сердце» республикалық жобасының жеңімпазы болып, арнайы марапатты иеленді.
Көп жылғы еңбегінің зейнетін көрді. Компания жұмысын ұлы Даниярға тапсырды. Бұған дейін ол əкесі басқарған компанияда қатардағы шебер болып еңбек етіп, тəжірибе жинады. Əкесі еккен ағашқа баласы саялайды деген осы шығар?! Данияр əкесі құрған серіктестіктің жұмысын бірден дөңгелетіп əкетті. Бұған өткен жылдардағы жұмысы дəлел.
«Жалғыз ұлы бардың шығар-шықпас жаны бар, екі ұлы бардың өкпе, бауыр, жалы бар» деген екен бабалар. Жер-ананы ақ көрпеге ораған қаңтардың сол күні суық хабар жетті. Сенер-сенбесімді білмедім. Өкінішке қарай, хабар рас болып шықты. Бардым. Қара құрым халық. Бəрінің жүзі салыңқы, əріптесімнің еңсесі түсіп, қайғының тұманына батып отыр.
Молдияр – жігерлі азамат. Еңселі азаматты қайғы-мұң торлап, жан-жүрегі езілді. Көру, сезінудің өзі өте ауыр. Өйткені ол ұлы Даниярға ерекше үміт артатын. Тірегім деп санайтын. Сол үмітке ол да лайық болды. Сондай ұлдан қапыда көз жазып қалудың өзі əкенің жұдырықтай жүрегіне зіл батпан салмақ салды. Сол кейпін көріп, менің де өзегім өртенді, – деп еді сол кезде Жанжігіт ауыр күрсініп.
Ақжарқын адамның ағайын-туысы көп қой. ҚР Парламенті Мəжілісінің экс-депутаты, «Егемен Қазақстанның» ардагер журналисі, əріптес інім, марқұм Мейрамбек Төлепберген əлеуметтік желіге «Қазақ жігіттерінің сырттаны еді» деген көңіл айту, аза хатын жариялады. Мейрамбек – бұл отбасымен етене араласып, бауырындай сыйласқан азамат. Содан шығар тебірене былай деген: «Жұрт жақтап, ел сүйсінген азамат Данияр Нұрбаев дүниеден өтті деген қаралы хабар қабырғамызды қайыстырып кетті. Бар болғаны 49 жаста өмірден өтті. Тосын, мезгілсіз өлім. Сұм ажал. Жетісу өлкесінің Ақсу ауданында дүниеге келіп, бүтін аймаққа іскерлігімен, қолы ашық, жүрегі жомарт мінезімен кеңінен танылған жас жігіттің асыл қасиеттері ел аузында жүрді. «Тəуекелгаз құбыры» ЖШС бас директоры, Алматы облыстық мəслихатының экс-депутаты, Жамбыл, Талғар аудандарының Құрметті азаматы Данияр Нұрбаевтың тапқан дəулетін, бұйырған ризығын туған халқымен бөліскен мейірімділігі мен имандылығы, адал достығы айрықша аталуы да бекер емес. Айналасын доспен қоршаған азамат осындай-ақ болар. Жақсылықтың мол сауабы болса, оны да Даниярдай тұлпар тектес қазақ жастарының сыйы дейміз. Текті əулеттің ұрпағы еді.
Қашанда болсын «Ағатай!» деп құшағын ашып тұратын дарқан мінезді Данияр еді ғой. Бүгін қалың жұрт, Алматы қаласы мен Алматы облысының тұрғындары, Астана, Тараз, Талдықорған, Көкшетау, Павлодар жəне Германиядан келген ағайын-туысы, достары мен жолдастары, қарапайым жас тірісінде ірі тірлік жасап, əсіресе мұқтаж жандарға көмегін аямаған, ұлт руханиятын дамытуға демеуші, тірек болған асыл жан, басшы азаматты соңғы сапарына шығарып салды. Рухына арнап ас берілді. Қимас жан туралы, ерен жаратылған тұлға жайында құрметті, сағынышты дұға-тілектер айтылды. Данияр, шын мəнінде, біздің жігіттердің сырттаны еді!»
Бұл асыра мақтау, көпірме сөз емес. Інісі жайлы аза сөзін қалдырған Мейрамбек те өмірден өтті. Бір кем дүние бұл да.
Жақсының əр ісі ақ жаңбырдай айналасына төгіледі. Даниярдың мұқтаж жандарға жəрдем бергенінің өзі ерекше əңгімеге арқау болғандай. Оған өзім де куə болғаным бар. Ұзынағаш ауылындағы соғыс жəне еңбек ардагерлеріне, Алтын алқалы аналардың шаңырағына, басқа да елдімекендердегі жеткіліксіз қамтылған отбасыларына газ құбырын тегін кіргізді. Сонау жылдары жыр сүлейі Сүйінбай бабаның басына бір топ əріптестермен бара қалдық. Зират жанынан құрылыс жұмыстары қызу басталыпты. Оның басы-қасынан Даниярды кездестірдік. Кішіпейіл қалпымен ақын-жазушылардың қолын алып, бəйек болды. Əдеттегі жөн-жоралғымен амандық-саулық сұрастық.
– Шырақшы Үсен аға өтініш білдірді. Бабамыздың басына алыс-жақыннан зират етіп келетіндер шілде мен қыраулы қыста жылынып, Құран бағыштайтын баспана қажеттігін айтқан еді. Міне, құрылысты бастап кеттік. Мұны қатымхана десе де болар. Алла қаласа, тез арада құрылысты бітіріп, пайдалануға береміз. Арнайы дастарқан жайып, Құран бағышталады. Газ құбыры тегін тартылады. Қаламгерлер қауымы екенсіздер, келіңіздер, – деді ақжарқын мінезімен. Айтқандай біткенде бір қауым жұрт жиналды. Ақын баба жайлы естелік айтылды. Келгендер «Бəрекелді, Данияр!» деп алғыстарын жаудырды. Азамат бірде Ұзынағаш ауылында тұратын көпбалалы, жалғызбасты ананың отбасындағы қайғылы жағдайды естиді. Барса, балалар суық үйде тұмауратып, жағдайлары болмағанын көреді. Бірден баспанаға жылу жүйесін жүргізіп, тегін газға қосады. Көпбалалы ана бір көргенімде ризашылығын білдіріп жатты. Мұндай жақсылығын тізсек жеткілікті.
Өз мамандығын жетік меңгерген Данияр бірнеше іргелі оқу орнын бітірген. Ол – жоғары білімді заңгер жəне экономист. Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік-техникалық университетінің мұнай-газ факультетін «газ шаруашылығы» мамандығы бойынша меңгерген. 2014 жылдан бері «Тəуекелгаз құбыры» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры. Оның басшылығымен Жамбыл ауданындағы көптеген елдімекенге табиғи газ құбыры тартылды. Қазір тұтынушылар бұрынғыдай күл шығарып, көмір тасыған қиындықты ұмытты.
Еткен еңбек еленбей қалмайды. Сайлаушылар сенім білдіріп, Алматы облысы мəслихатының депутаттығына бірнеше мəрте сайлады. Облыс, аудан əкімдерінің Алғыс хатымен, Мақтау қағаздарымен марапатталған. Бұдан басқа да алған сый-марапаттары жетерлік. Рухани саладағы қолдауы ескеріліп, халықаралық Жамбыл атындағы сыйлыққа да ие болыпты. Ал халықтан алған «Рақмет, балам, Данияр» деген сөз бəрінен қымбат, бəрінен жоғары. Қыр тобылғысы ойда тамыр тартпайды, күннің шуағынсыз гүл өспейді. Гүл екеш гүл де өзі тамыр тартқан топырақта ғана жайқалады. Нұрбаевтар шаңырағындағы береке мен бірлік, молшылықтың қазаны ортаймағаны осы сөзімізге дəлел. Даниярдың жары Лейла – Алтынсарадай анадан тəрбие алған аяулы жар. Оның дəлелі – қазіргі кезде ұлы Дарын екеуі марқұм отағасының жақсы ісін жалғастырып келеді. Желі арқылы хабарласқан Лейла:
– Тəте, бүгін Даниярмен шаңырақ көтергенімізге 29 жыл. Данияр қасымызда болса, отбасымызда ерекше мерекелік дастарқан жайылар еді. Ұл-қыздарымыз, немерелер атасы мен əжесінің, əкесінің жанынан табылып, қуанышты, бақытты сəтті бастан өткізер едік. Амал не?! Оңашада өткен өмірімізді еске алып, егілдім. Тағдырдың жазуына, тосыннан келген ажалдан кім құтылған? Жасуға болмайды. Əкеміз бен анамыздың онсыз да жүректері жаралы. Данияр əрдайым біздің жүрегімізде, – деген еді.
Жүрек сөйлейді ол егілгенде. «Ақсудан түлеген құлыным едің, Биіктегі жұлдызым едің, Аспандағы ай-күнім едің, Сүйенетін тірегім едің, Шығыстан шыққан шуағым едің, Болаттай берік қамалым едің, Шаңырағымның иесі едің» деп арыстай азамат Молдияр мен ақылман ана Алтынсара, асыл жары Лейла іштей осы сөздерді дастан жырындай қайталайды. Бұл – сағыныштың ыстық лебі.
Иə, мəңгілік өмір ешкімнің маңдайына жазылмаған, бұйырмаған. Десек те мына бес күндік жалған өмірдегі төккен тері, жарқын бейнесі, қалдырған ізі көпшіліктің жадында қалатын жандар бар. Сол қатарда Алатаудың бөктері мен Жетісуды мекендеген жұртшылық Данияр Молдиярұлын да ұмытпайды. Ұл-қызы оның жақсы ісін жалғайды, шаңырағын шаттық пен бақытқа бөлейді. Бұл да – өміршең заңдылық, ұрпақ сабақтастығы. «Адам ұрпағымен мың жасайды» деп бекер айтылмаған. Атымтай жомарт, арда азаматтың осы бір қолы ашық қасиетін жақсылармен қатар өзгелер де пайдаланған.
Мұндайда ойға сан сұрақ келеді. Оның біріне жауап тапсаң, екіншісіне келгенде еріксіз мүдіресің. «Жақсы жар – жарты бақыт» деген рас. Атасы Молдияр келіні Лейла Нұрбаевтар босағасын аттаған сəттен балам деп еркелеткен. Ата-ананың алдынан қия өтпеген келін Лейладай болар. Өйткені осы шаңырақтағы берекеге бастау болды. «Келіні жақсының керегесі алтын» деген де сөз бар. Нұрбаевтар ұрпағын көбейтті. Ата мен əже Данияр екеуінен үш қыз, бір ұл сүйіп, немеренің бақытын көрді, шөбере сүйді. Бұл да көңілге медет. «Орнында бар оңалар» деген медеу сөз осы.
Сөзімнің əлқиссасын «Бірауыз сөз» деп бастаған едім. Өйткені осы шаңырақтағы қайғы-мұңды аз болса да, киелі бірауыз сөзбен жамай алсам, қане?! Өйткені бірауыз сөзбен адамды кең қылуға болады, бір ғана сөзбен адамды бақытты етуге, ер қылуға болады. Жаңа жылдың алғашқы айында Даниярдың өмірден өткеніне жыл толады. Уақыт деген жүйрікке кім жеткен?! Өтіп жатқан өмір. Елу деген жақсы жастың жалына қол салатын арда азаматтың пейіште нұры шалқысын дейік. Осы отбасы үшін өмір көшінде аялдама болмасын деп тілейік.
Күмісжан БАЙЖАН,
Қазақстанның Құрметті журналисі