Облыстық полиция департаменті тәлімгерлер кеңесі төрағасының орынбасары, Қонаев қаласының Құрметті азаматы, қалалық ішкі істер органдары ардагерлері кеңесінің төрағасы Қалижан Алпысбаевтың 70 жасқа толуына орай дзюдодан жарыс өтті. Дүбірлі додаға аудандар мен Қонаев қаласынан 2011-2016 жылы туған жасөспірімдер қатысты.
Мақсаты – жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын насихаттау, құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікке зор үлес қосқан ардагерлерге құрмет көрсету.
Қалижан Алпысбайұлы 1965 жылы 6 қаңтарда сол кездегі Шелек ауданы Жаңашаруа ауылында дүниеге келген. Шелектегі Абай атындағы орта мектепті тәмамдаған соң Отан алдындағы әскери борышын өтеген. 1978 жылы мамандандырылған күзет қызметінің Қонаев қалалық бөлімінде абыройлы еңбек еткен. 1981-1984 жылдары қалалық ішкі істер басқармасында учаскелік инспектор, әкімшілік полиция бөлімінің және «Жетісу күзет» полиция батальонының бастығы болып қызмет атқарған. Ішкі істер министрлігінің «Үздік қызметі үшін» төсбелгісімен, Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттарымен марапатталған.
Жарыстың ашылу салтанатында алғашқы сөз кезегін алған облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Арман Тіленшин Ішкі істер министрінің орынбасары Адар Сайтбековтің Құттықтау хатын оқып беріп, өзінің жүрек түкпірінен шыққан жылы лебізін білдірді.
– Қалижан Алпысбайұлының ішкі істер органдарындағы көп жылғы қызметі – ерлік, адалдық және кәсіби шеберліктің жарқын үлгісі. Ол біліктілігі мен қажырлы еңбегі арқылы тыныштық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етті. Құқықтық тәртіпті нығайту мен жас қызметкерлерді тәрбиелеуге өлшеусіз үлес қосты, – деген басқарма басшысы оның әрдайым тәжірибелі тәлімгер болып қала беретінін баса айтты.
Келесі кезекте жарыстың бас төрешісі Төлеген Сұлтанов спорттық бәсекенің мақсат-міндетіне тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Базарбай Оралбаев, Ауған соғысының ардагері, «Айбын» орденінің иегері Алдажар Сейітұлы, облыстық ішкі істер департаментінің өкілдері, спорт ардагерлері өз салмақ дәрежелері бойынша жүлделі орын алған спортшыларға марапат табыстап, естелік суретке түсті.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ,
Қонаев қаласы